Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы конвенциясын сақтап отыр ма?

17 қаңтар күні Мәжілістегі “Халықтық коммунистер” фракциясының депутаты Ирина Смирнова ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атына депутаттық сауал жолдап, министрдің және қоғамның назарын құлағы естімейтін мүгедектердің мәселесіне аударды. Атап айтқанда, олардың жоғары және арнайы орта білім алу мәселесін сөз етті. Tengrinews осы депутаттық сауал негізінде “Депутат: Қазақстан БҰҰ мүгедектер құқығы жөніндегі конвенциясын сақтамай отыр” деген тақырыппен мақала жариялады. Біз депутаттық топтың бірнеше тезистен тұратын сауалын тексеріп көрген едік:  

Проблемы неслышащих
Ирина Смирнованың сауалынан скриншот

Еліміздегі бірде-бір ЖОО, сонымен бірге колледждердің көпшілігінде ым тілін білетін аудармашы мамандар жоқ

Үкім: Жартылай шындық

Мамандар бар, бірақ олар өте аз.

Расында да, Қазақстан 2015 жылдың мамыр айында ратификациялаған аталған Конвенцияның 25-бабының 5-тармағында былай деп көрсетілген: “Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің жалпы жоғары білім алуын, кәсіптік оқуын, бүкіл өмір бойы ешқандай кемсіту көрместен баршамен тең білім алуын және үйренуін қамтамасыз етуі керек. Осы мақсатта қатысушы мемлекеттер мүгедектер үшін лайықты жағдай жасауы тиіс”.

Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты ҚММ бізге берген жауабына сүйенсек, бұл мектептің түлектері штатында сурдоаудармашылары бар келесі оқу орындарына түсе алады:

  • Алматы мемлекеттік сервистік қызмет көрсету колледжі
  • Алматы мемлекеттік технология және флористика колледжі
  • “Сымбат” технология және дизайн академия колледжі
  • Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжі
  • №8 кәсіптік лицей
  • Алматы мемлекеттік политехникалық колледжі.

Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Александра Әнуарқызы Дінішеваның түсініктемесі:

“Құлағы естімейтін балалардың жоғары оқу орнына түсетін жағдайлары кездеседі, мәселен, бізді бітірген бір түлек бір кездері Еуразия университетінде білім алды, кейін Бауман атындағы ММТУ-ді бітірді. Басқа оқу орындарына түскендер де бар. Естімейтін және нашар еститін балалардың арасында Спорт және туризм академиясында оқитындар көп.

Мектебімізде құлағы естімейтін, жоғары білімі бар 3 маман жұмыс істейді, көркемсурет, дене шынықтыру және еңбек пәндерін жоғары дәрежеде оқытып жүр.

Менің пікірімді білгіңіз келсе, басқа кез келген мәселедегі сияқты мұнда да көп нәрсе адамның өзіне байланысты, сонымен бірге отбасына байланысты. Егер баланың ынтасы болса және отбасы да жоғары білім алғанын қалап, соған күш салса, бәрі болады. Дегенмен Қазақстан бойынша жағдай барлық жерде бірдей емес болуы керек.

Құлағы естімейтіндер көп қиындыққа душар болады. Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде ым тілін білетін маман жұмыс істеп жатыр. Мұны басқа мекемелер де кеңінен қолданса, тіпті үлкен сауда орталықтарында да болса деген тілек бар”.

Вера Михайловна Ефименконың түсініктемесі (Қазақстан сурдоаудармашылар ассоциациясы):

“Менің ойымша, толыққанды инклюзияға қол жеткізу үшін заң жүзінде ым тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру керек, қазір ол тұлғааралық қарым-қатынас мәртебесіне ие.

Исландия мен Жаңа Зеландияда ым тілі мемлекеттік мәртебеге ие болса, Португалияда ресми тіл, Жапонияда жапон тіліне теңестірілген.

Білім беру мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілуі керек, дегенмен қоғам да, қоршаған орта да белгілі бір рөл ойнауы тиіс.

Бұл арада тағы бір маңызды нюанс бар, естімейтін адамдармен жұмыс істеу нәтижелі болуы үшін олар өздері сөздерді айтып, ернін жыбырлатып оқи бастауы қажет, яғни әлеуметке мейлінше жақындауы маңызды. Егер құлағы естімейтіндер ым тілінде тек бір-бірімен ғана сөйлесетін болса, қарым-қатынас аясы тарылып, тіл де жұтаңдай береді.

Есту қабілеті нашар адамдардың ішінде кәсіби маман ретінде қалыптасқандар да бар, олардың арасында модельерлер, техника саласының мамандары, конструкторлар кездеседі. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі Марина Ким қызыл дипломмен бітірді. Марина ым тілінің аудармашысын жалдап, кәдімгі мектепте оқыған.

Құлағы естімейтін және нашар еститін балалар басқалармен қатар кәдімгі мектепте оқуы тиіс. Педагогтар мұндай балаларға көбірек уақыт арнап, назар аударса, балалар да тез бейімделіп, сөздерді айтуды және ерінмен оқуды үйренеді. Ал бала сөйлей бастауы үшін отбасында күш салу міндетті, сонымен қатар оны балабақшадан бастау маңызды”.

Анықтама: мектеп жасына дейінгі балалармен үкіметтік емес ұйымдар коррекциялық жұмыс жүргізеді. Келесі сілтеме арқылы психологиялық-педагогикалық кабинеттердің мекенжайын табуға болады.

Қорытынды: Қазақстанның бірқатар оқу орындарында құлағы естімейтін студенттердің еш кедергісіз оқуы үшін жағдай жасалған. Соған қарамастан баланың әрі қарай білім алуы үшін жауапкершілік (соның ішінде материалдық) тек қана отбасының мойнында.

ҰБТ кезінде ым тілінің аудармашылары қарастырылмаған

Үкім: Үкімі жоқ

Аудармашының мәртебесі мен оның қатысуы анық емес.

Вера Ефименконың түсініктемесі:

“Ереже бойынша етихандарға, соның ішінде әсіресе ҰБТ-ға қасыңа адам ертіп кіруге болмайды. Бұл техникалық жағынан қалай болуы керек? Мәселен, жазбаша емес емтихандарда? Абитуриент кіреді, аудармашы оған не істеу керектігін түсіндіреді, билет алу керектігін, тағы басқа жайттарды айтады, әрі қарай абитуриент билеттегі сұрақтарға жазбаша жауап бере алады. Егер аудармашы болмаса, емтихан қабылдаушы абитуриентке не істеу керектігін жазбаша түсіндіреді”.

Есту бойынша мүгедектердің магистратураға түсуі мен оқуы мүлдем мүмкін емес

Үкім: Шындық

Оның себебі, магистратурада оқу үшін тапсыратын шет тілінің емтиханында тыңдалым деген бөлім бар.

Тестирование по английскому языку при поступлении в магистратуру
Скриншот Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан

Вера Ефименконың түсініктемесі:

“Қазақ, орыс тілдерінің (басқа да бірқатар тілдің) ым кеңістігінде айтарлықтай айырмашылық жоқ (әлбетте, жазылуында айырмашылық бар).

Бірақ ағылшынның ым тілі мүлдем бөлек. Сондықтан құлағы естімейтін азаматтар ағылшын тілінің емтиханын тапсыру үшін осы ым тілінің қыр-сырын үйренуі тиіс”.

Анықтама: Орыс, испан, француз және басқа да саусақпен сөйлеу әліппесінде бір қол ғана қолданылады. Ал ағылшын тілінікінде екі қолды қолданады (С әрпінен басқасында).

Қазақстанда НАҚТЫ ым тілінің аудармашы мамандарын дайындайтын бірде-бір оқу орны жоқ

Үкім: Шындық

ҚР жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім классификаторынан 5В01050002 кодымен белгіленген “судропедагог, есту қабілеті бұзылған мектептердегі бастауыш сынып оқушыларының мұғалімі, есту жұмысы бойынша мұғалім” дегенді таптық. Бірақ “сурдоаудармашы” деген мамандықты да, біліктілікті де таба алмадық. “Сурдопедагог” біліктілігі көбінесе арнайы білім немесе дефектология кафедраларына қарайды. Сурдопедагогтарды дайындайтын бірнеше ЖОО бар, олардың арасында келесі оқу орындары бар:

  • Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті
  • Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
  • І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті.  

Алайда, сертификаты бар сурдоаудармашы болу үшін сурдопедагогтар Қазақ саңыраулар қоғамы жанындағы арнайы курстан өтуі тиіс. Білім беру бағытындағы мұндай қызметті “Үміт” құлағы естімейтіндерді қолдау орталығы мен Қазақстан сурдоаудармашылар ассоциациясы да ұсынады. Бұған қоса біз surdo-online.kz онлайн сервисінің курсын таптық (оқығандарға Қазақстан сурдоаудармашылар ассоциациясының сертификаты беріледі).

Анықтама: surdo-online.kz мәліметі бойынша Қазақстанда 26 мың адам есту қабілеті бойынша мүгедектер қатарында.  

Вера Ефименконың түсініктемесі:

“Ниетіңіз болса, орта білімнен кейін-ақ арнайы курстарда сурдоаудармашылықты оқып алуыңызға болады. Біздің жұмысымызда үнемі біліктілікті көтеріп отыру маңызды (онсыз аудармашы кәсіби маман бола алмайды, тоқырай береді). Сонымен бірге қандай да бір салада пайдаланылатын арнайы лексиканы білу маңызды. Сурдоаудармашыларды дайындайтын оқу орындарының көп болғаны керек пе?.. Менің ойымша, сондай бір оқу орнының өзі жеткілікті”.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz