Фактчек | Күрішбаев Қазақстанның ауылдары мен қалаларындағы білім сапасы, тұрмыс деңгейі туралы

14 қазанда Парламент сенатының пленарлық отырысында Ақылбек Күрішбаев ауыл мен қаладағы тұрмыс деңгейі мен білім көрсеткіштерінің айырмашылығына тоқталды.

Депутат сөзі 35:59 минутта басталады

Депутаттың айтуынша, қалаға қарағанда ауылды жерлерде кедей тұрғындар көбірек. Сондай-ақ тұрмыс деңгейі білім сапасына да әсер етеді, мәселен, ауылды жерлерде педагог мамандар жетіспейді.

Factcheck.kz редакциясы депутаттың айтқандарын тексеріп көрді.

Мәлімдеме: «Ауылда табысы күнкөріс минимумына жетпейтін отбасылардың үлесі қаламен салыстырғанда 2,5 есе көп»

Ақылбек Күрішбаев

Үкім жоқ

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылдың екінші тоқсанында қала тұрғындарының 3,4%-ының (72 281 отбасы немесе 308 802 адам) табысы күнкөріс минимумына жетпейтін болып шықты, ал ауылды жерде бұл көрсеткіш – 6,8% (84 733 отбасы немесе 528 457 адам). Егер пайызбен есептейтін болсақ, кедей тұрғындардың айырмашылығы екі есе болады, ал адам саны бойынша 1,7 есе.

Дегенмен тұрғындардың кедейлік деңгейі туралы ресми статистика төмендетіп жазылған болуы мүмкін. Біз бұған дейін қазақстандық есептеулер күнкөріс минимумы дәрежесіне негізделетінін, ал БҰҰ немесе Дүниежүзілік банк пайдаланатын стандарттарды қолдансақ кедейлік шегіндегі адамдар саны екі-үш есе көп болатынын жазған болатынбыз. Сол себепті біз бұл мәлімдемені үкімсіз қалдырдық. Дегенмен, ескерте кетейік, депутат шындыққа өте жақын деректерді келтірді.

Мәлімдеме: «Елімізде жыл сайын 150 мыңнан аса оқушы орта мектепті бітіреді, олардың 74 мыңы, яғни жартысы – ауыл тұрғындары».

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындық және Техникалық қате

Техникалық қатеге келер болсақ, жыл сайын мектепті 150 мыңнан аса емес, 150 мыңға жуық оқушы бітіреді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, кейінгі бес жылда жыл сайын жалпы білім беретін мектептен, орта есеппен, 130 мыңнан аса оқушы түлеп шығады. 2016/2017 оқу жылы – 127 369 адам, 2017/2018 оқу жылы – 127 414, 2018/2019 оқу жылы – 143 089, 2019/2020 оқу жылы – 117 204 және 2020/21 оқу жылында – 140 643.

Шындыққа келер болсақ, расымен жыл сайын, орта есеппен, орта мектеп бітіргендердің жартысына жуығы ауылды жерден шығады. 2016/2017 жылы – 65 267, 2017/18 жылы – 64 339, 2018/19 жылы – 70 028, 2019/20 жылы – 54 121, 2020/21 жылы – 65 362.

Мәлімдеме: «Ауылды жерге 2100-ден аса педагог қажет, бұл – республика бойынша педагогикалық кадр жетіспеушілігінің 60%-ы. Ауыл мектептерінде бір мұғалім физикадан, әдебиет пен музыкадан қатар сабақ берген оқиғалар да кездескен».

Ақылбек Күрішбаев

Үкім: Шындық және Техникалық қате

Шындық мынада: Ұлттық білім беру деректер қоры дерегі бойынша, 2021 жылы Қазақстанда ауылды жердегі педагог жетіспеушілігі 2101 болды. Министрдің айтуынша, Атырау, Алматы және Түркістан облысы мұғалімдерінің жүктемесі көбірек: 600-ден 400 жұмыс орнына дейін бар. Бұл мәліметті ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов растады.

Техникалық қате мынада: Дәл сол дерек бойынша елде 3733 педагог маман жетіспейді, оның 1632-і қалада болса, 2101 адам, айтып өткеніміздей – ауылда. Дегенмен пайызға шаққанда ауылды жердегі маман жетіспеуі жалпы көрсеткіштің 56%-ын құрап тұр.

Сондай-ақ айта кеткен жөн, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020/21 оқу жылында елімізде 366 666 педагог еңбек етіп жатыр. Ең көбі Түркістан облысында – 58 574 адам, Алматы облысында – 44 280 және Жамбыл облысында – 27 438.

Бір өкініштісі, өңірлер бойынша жалпы педагог саны туралы ең кейінгі ақпарат тек 2019/2020 оқу жылына тиесілі. «Қазақстандағы білім беру» жинағында сол жылы ауылды жерде 196 516 педагог, ал қалада 150 536 маман жұмыс істейтіні көрсетілген. Оған қоса ауылдағы педагогтардың 36 312-нің ғана жоғары санаты болса, қалада бұл санат 45 876 оқытушыда бар.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz