Фактчек | Депутат медицинаға бөлінген қаржы мен технология тиімділгі туралы

2 маусымда өткен Сенат отырысында депутат Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтауға бөлінген қаржы мен денсаулық сақтау технологияларының тиімділігін бағалау жүйесіне қатысты дерек келтірді. Factcheck.kz сенатор сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Депутат сөзі (тайм код: 1:00:30)

Мәлімдеме: Елімізде МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері пандемияға бөлінген қаражатты қоспағанда денсаулық сақтау саласының бюджетінің өсімі 76%-ды құрап, 3 жылда 793,6 млрд теңгеге артты.

Ақмарал Әлназарова

Үкім: Шындыққа жақын

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. Ашық дереккөздерден табылған ақпарат расымен сала бюджетінде өсім барын, алайда депутат келтірген саннан аз екенін көрсетеді. Adilet.zan.kz дерегіне сай, 2020 жылы Денсаулық сақтау министрлгіне 1,5 трлн теңге бөлінген, бұл сан 2022 жылы 2 трлн теңгеге жеткен. Өсім — 28% немесе 451 млрд теңге.

Мәлімдеме: ДДСҰ деректері бойынша, елде денсаулық сақтау технологияларының тиімділігін бағалау жүйесінің болмауы сала ресурстарының 40%-ке дейін қымбаттауына және тиімсіз пайдалануына алып келеді.

Ақмарал Әлназарова

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) 2010 жылғы есебіне сай, денсаулық сақтауға жұмсалатын барлық шығыстың 20-40%-і тиімсіз пайдаланылады. Ал 2014 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 67-сессиясында осындай тиімсіздікке жол бермеу үшін денсаулық сақтау саласындағы іс-шаралар мен технологияларды бағалаудың ұлттық жүйесін құру туралы мәселені қарауға шақырған.

ДДСҰ жазуынша, бұл — салыстырмалы түрде шектеулі мәліметке негізделген бағалау. Бірақ деректер тиімсіздікті азайтса, айтарлықтай жетістікке қол жеткізуге болатынын көрсетеді.

Денсаулық сақтау технологияларын бағалау (ДТБ) — технология ерекшелігін, нәтижесін және әсер ету түрін жүйелі бағалауды білдіреді. Бұл денсаулық сақтау саласындағы шараларға не технологияларға қатысты әлеуметтік, экономикалық, ұйымдастырушылық және этикалық мәселелерді бағалауға бағытталған дисциплина-аралық процесс. ДТБ технологиялар денсаулықты жақсартуға қалай көмектесетінін анықтау мақсатында жүргізіледі.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz