Фактчек | Bayer жетекшісі мРНҚ-вакцинаның шынында гендік терапия екенін мойындады ма?

2021 жылдың соңғы күндері «Новые известия» ресурсы Medicine.News антиекпе сайтына сілтеме жасап материал жариялады, онда былай делінген:

«Денсаулық сақтау саласындағы World Health Summit жаһандық конференциясы кезінде Bayer-дің фармацевтикалық бөлімінің президенті …Стефан Элрих (Stefan Oelrich) халықаралық «сарапшыларға» Pfizer-BioNTech пен Moderna-ның «екі мРНҚ-вакцинасы да» – мүлдем вакцина емес, «жасушалы және гендік терапияның» жасырылған инъекциялары екенін мойындады».

Ал Medicine.News басылымы LifeSiteNews-қа сілтеме жасаған, оның тақырыбында былай деп тұр: «Bayer-дің атқарушы директоры: мРНҚ екпелері – халықтың сеніміне ие болу үшін «вакцина» деп бүркемеленген «гендік терапия». Бұл ақпарат былай деп толыққан: «Екі жыл бұрын, мүмкін, бұл екпелерден адамдардың 95%-ы бас тартатын еді, бірақ пандемия мен «вакцина» ретінде ұсынылған инъекция маркетингі оларды қоғам арасында танымал етті», деді Стефан Ольрих».

«Новые известия» басылымындағы материал өткен жылдың 24-26 қазанда күндері Берлинде өткен 2021 жылғы Дүниежүзілік денсаулық сақтау саммитінен кейін екі айдан соң жарияланғанына назар аударамыз. Сол саммитте Ольрих сөз сөйлеген. Шын мәнінде ол не айтты? Бұл сұраққа жауап табу қиын емес, оған қоса «Новые известия» материалында спикер сөйлеген видеоға сілтеме берілген.

Мәлімдеме: Стефан Ольрих Pfizer-BioNTech пен Moderna мРНҚ-вакциналары – шын мәнінде вакцина емес, жасырын түрдегі «жасушалы және гендік терапия» инъекциялары екенін мойындады

Новая газета

Үкім: Жалған және манипуляция

Жаратылыстану ғылымы экожүйесінің барлық аспектілеріне инновацияны енгізу мен пандемия себеп болған қазіргі биотехнологиялық импульсті пайдаланудың маңыздылығын айта келе, Bayer AG басқарма мүшесі және фармацевтикалық бөлімше жетекшісі Стефан Ольрих вакцинаны инновациялық тәсілдің тамаша үлгісі ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Содан кейін 7 минут 47 секундта былай деді:

«Біз бай елдерде (бұған дейін ол Еуропада, тіпті Шығыс Еуропадағы вакциналарға қол жеткізудің айырмашылығы туралы айтқан еді) тұрақтылықтың деңгейі мүлдем басқа екенін ұмытып кете береміз. Инновацияны шынымен тиімді инвестициялау және оны жүзеге асыру үшін серпіліс жасайтындар бұл инвестицияларды алушыларды жұмыспен қамту және өркендеу кепілдіктерін құру арқылы қоғамның тұрақты дамуына қол жеткізу үшін де жасайды. Бұл қазіргі ауқым үшін өте маңызды деп ойлаймын. Сол себепті біздің компанияға да маңызды. Bayer жасушалы және гендік терапия саласында серпіліс жасайды және ол, меніңше, осындай үлгілердің (инновациялық тәсілдің – авт.) бірі. Біз алға ілгерілету мақсатында осы саладағы жағдайды өзгерткіміз келеді. Қорытындыласақ, мРНҚ-вакциналар – гендік-жасушалы терапияның үлгісі (бұл жерде, мРНҚ-вакцинасы инновациялық серпілістің үлгісі екені айтылған, ары қарай сөзінің мәтіні арқылы қоғамдық қабылдау мен сенімінің үлгісі екені түсінікті болады). Біз 2 жыл бұрын тұрғындар арасында «гендік-жасушалық терапия инъекциясын жасатуға дайынсыз ба?» деген сауалдама жасағанда, мүмкін, тұрғындардың 95%-ы бас тартатын ба еді. Меніңше, пандемия да көп адамның инновацияға деген көзқарасын өзгертіп, сауатын ашты. Бұрын ол мүмкін емес еді».

Бізге дейін былтыр қарашада Ольрихтің мәлімдемесіне қатысты antifake.ro және breakinglatest.news ресурстары фактчек жасап, талдау авторлары «аударманың күрделі болуына байланысты» (салыстырып көріңіз: «Ultimately the mRNA vaccines are an example for that cell and gene therapy» және «Ultimately mRNA vaccines are an example of that cell and gene therapy»), сондай-ақ мәлімдеме мәтіннен үзіп алынғандықтан медиа-кеңістікте жалған ақпарат тарап кеткенін жазған болатын.

Мәлімдеме: Екі жыл бұрын, мүмкін, адамдардың 95%-ы бұл екпеден бас тартар еді, бірақ пандемия мен «вакцина» түріндегі инъекция маркетингі оларды қоғам арасында танымал етті.

LifeSiteNews

Үкім: Жалған

Жоғарыдан қараңыз. Ольрих маркетинг пен вакциналарды ілгерілету туралы мүлдем ештеңе айтпаған. Әңгіме Сovid-19-ға байланысты дағдарысты шешу үшін компанияның қолданған инновациялық тәсілі туралы болған.

Ескерту:

Біз мРНҚ- мен векторлы вакциналардың не екенін, сондай-ақ, олардың вакцина жасатқандардың ДНҚ-на әсер ете алмайтынын бірнеше рет жазғанбыз. Оған қоса, векторлықпен қатар, мРНҚ-вакциналарын жасаушылар өз препараттарын жасау кезінде инновациялық тәсілдерді пайдаланатынын ешқашан жасырған емес. Қаласаңыз, Pfizer-BioNTech және Moderna не себепті инновациялық өнімдер екенін және олардың антиденені бөлу үшін әрекет ететін механизмдері қандай екенімен танысуыңызға болады.

Сондай-ақ түсіндіре кеткен жөн, вакциналар гендік инженерия тәсілінің көмегімен жасалғанымен (олардың құрамында белгілі бір ақуыздарды генерациялау бағдарламасы болғандықтан генетикалық құрылым бар), классикалық мағынада ондай емес. Себебі гендік терапия кезінде науқасты емдеу немесе сауықтыру мақсатында ДНҚ-на әдейі өзгеріс енгізеді. Ал мРНҚ бар вакциналар ДНҚ геномы орналасқан жасуша ядросына түспейді.

Қысқаша айтар болсақ: бұл вакциналарда матрицалық РНҚ бар (яғни генетикалық құрылым бөлігі), ол ағзаға тікенді ақуыз үлгісін «үйретеді» (яғни айрықша ақуыз бөлдіруге арналған бағдарламасы бар). Бетінде тікен тәрізді ақуыздары бар қоздырғышпен кездесу жағдайына келер болсақ, сіздің ағзаңыз оған қалай қарсы тұру керегін біледі.

Назарды мынаған аударған жөн: Ольрихтің Pfizer-BioNTech пен Moderna-ны гендік-жасушалы терапия үлгісі деп атауы (қоғамның қабылдау мен инновациялық жағынан) олардың вакцина екенін жоққа шығармайды.

Қорытынды

  • Жариялым авторлары сөздерді мәтіннен «жұлып алып», оған өтірік қосқан. Сол себепті бұл жағдайда біз манипуляция мен ештеңені мойындамаған адамның сөзінің бұрмаланғанына куә болып тұрмыз, себебі…
  • …ғалымдар кейбір вакциналардың гендік инженерия тәсілінің көмегімен жасалғанын ешқашан жасырмаған. Бұл – жаңалық емес. Фейк авторлары қулық ойлап тапты: препараттардың инновациялық принцип әрекетін вакцина тізімінде болмайтындай көрсетті. Әрине, олай емес.
  • Форумның ашылу салтанатында Ольрих тұрақты даму үшін ғылым мен биотехнологияда инновациялық тәсілдердің маңызды екенін және пандемия контекстінде айтып, мРНҚ-вакцинаны үлгі ретінде келтірді.
  • Жалпы бұл жерде антиекпе насихаты мен конспирология бірігіп тұр: ары қарай мәтінде, әдетте антиваксерлер қолданатын «пландемия» («план» мен «пандемия» сөздерінен құралған) деген сөз кездеседі.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz