COVID-19-ды емдеуде хлорохин тиімді ме: қарама-қайшы дәлелдер мен саясаткер пиғылы

Безгекке қарсы дәрі-дәрмекті АҚШ президенті Дональд Трамп жарнамалап жіберді. Бұл наурыз айында болған еді. Содан кейін көп ұзамай әртүрлі елдерде «хлорохин» және оған химиялық құрамы ұқсас «гидроксихлорохин» препаратына сұраныс күрт артып кетті. Жоқ, мұның бәрі Трамптан басталмады. 26 ақпан күні халықаралық Француз радиосының сайтында AFP-ге сілтеме жасай отырып, «Безгекке қарсы дәрі-дәрмек жаңадан пайда болған коронавирусты емдеуде тиімділігін көрсетті» деген тақырыппен шағын ғана ақпарат жарияланады. Аталған препарат емдеу хаттамасына (оның ішінде Қазақстанда да бар) енгізіліп те қойылған. Алайда жақында белгілі болғандай: Швеция мен Бразилияда препаратты сынақтан өткізу нәтижесі сәтсіз деп танылып, енді одан бас тартып жатыр.

Factcheck.kz ашық дерек көздерінен алынған ақпарат негізінде зерттеу жұмысын жасап көрді. Біз осы атышулы препарат, расымен, тиімді ме әлде тиімсіз бе деген сұраққа жауап іздеп көруге тырыстық.

Қорытындысын бірден айтайық:

– Хлорохин мен гидроксихлорохиннің тиімділігі әлі күнге дейін ғылыми түрде дәлелденген жоқ. Бұл препараттарды қолдану тек алдын ала жүргізілген, оның өзі аз адам арасында сынақтан өткен зерттеулерге негізделген және COVID-19-ды емдеуде нақты нәтиже көрсеткен басқа дәрі-дәрмектердің болмауына байланысты танымал болып кеткен.

– Аталған дәрі-дәрмектерді танымал етуге бұқаралық ақпарат құралдарында (зерттеушілердің ескертулерін көрсетпестен) кең тараған клиникалық зерттеулер мен кейбір елдердің мемлекет басшыларының, атап айтқанда Дональд Трамптың мәлімдемелері ықпал етті.

– Бірнеше адам қайтыс болып, уланғаннан кейін Американың азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы тұтынушыларды ауруханалардан тыс жерде Covid-19-ды емдеу үшін безгекке қарсы қолданылатын хлорохин мен гидроксихлорохин препараттарын қабылдауға немесе ресми клиникалық сынақтардан өткізуге жол бермейтінін ескертті.

– Қазіргі уақытта (2020 жылғы 6 мамыр) вирусқа қарсы тиімді күресе алатын препарат әлі табылған жоқ. Алайда әлі де клиникалық зерттеулерді талап ететін сынақ жұмыстары бар.

Хлорохиннің әлемге тарауы. Бастапқы кезең

Әңгімені бастамас бұрын жалпы не туралы айтып жатқанымызды анықтап алайық. Мысалы хлорохин мен гидроксихлорохин туралы Францияның «Le Monde» газеті (аударманы Inosmi.ru жасады) не жазғанын көрейік:

«Оны 70 жыл бойы пайдаланып келеді және оны басқа дәрілерден бөлек бермейді, себебі ол әлемнің кейбір өңірлерінде тиімсіз деп саналады. Мысалы бұл препарат паразиттерге төзімді болғандықтан, оны 1995 жылдан бері Гвиана қолданбайды. Хлорохинді қазір терапия үшін өте аз қолданады, сондықтан жыл өткен сайын оны шығару қарқыны бәсеңдеп барады. Одан жасап шығарылатын гидроксихлорохин ревматоидты артрит немесе қызыл жегі сияқты аутоиммунды аурулар жағдайында қолданылады. Айта кетейік, бұл екі түрлі препарат, алайда олардың формулары ұқсас. Клиникалық сынақтардан кейін басымдық екінші препаратқа берілді, себебі одан кері әсер азырақ болған. БАҚ көбіне гидроксихлорохин туралы айтқанда «хлорохин» терминін жиі пайдаланады да бұл мәлімет адамдарды одан сайын шатастырады.

Атақты газет бұл препарттар турлы наурыз айында жазған болатын. Ол кезде Францияда олардың тиімділігіне қатысты дау-дамай қызып тұрған еді. Алайда ең басына оралайық, себебі халықаралық Француз радиосының ақпан айында AFP-ға сілтеме жасай отырып жазған мақаласын еске түсіріп, оны мұқият оқып шығу керек. Мақалада ақпараттың дереккөзі ретінде BioScience Trends атты ғылыми ресурста жарияланған үш қытай ғалымының зерттеу жұмысы көрсетілген. Рас, мақаланың өзінде белгілі бір нәтижелер туралы жазылған, алайда тақырыбы сенсациялық мәнерде қойылған екен: «Жаңа серпіліс: хлорохин фосфаты клиникалық зерттеулер барысында COVID-19 – ассоциацияланған пневмонияны емдеуде тиімділігін көрсетті».

Зерттеу жұмысының қысқаша қорытындысында былай деп жазылған:

«Хлорохин фосфаты, безгекті емдеу үшін баяғыдан қолданылып келе жатқан препарат. Қытайда жүргізілген клиникалық зерттеулерде COVID-19 – ассоциацияланған пневмонияны емдеуде оның тиімділігі анық көрінді және ол барынша қауіпсіз екені анықталды. Препаратты болашақта COVID-19 инфекциясын емдеу үшін Қытай Халық Республикасының Денсаулық сақтау Ұлттық комиссиясының COVID-19 тудырған пневмонияның алдын алу, диагностикадан өткізу және емдеу бойынша нұсқаулығының жаңа нұсқасына қосып қою ұсынылады».

Бұл жерде екі жағдайға баса назар аударғымыз келеді. Біріншісі, «тиімділігі анық» және «барынша қауіпсіз» деген сөз тіркестері. Екіншісі, зерттеу үшін іріктеме үлкен емес. Ал BioScience Trends журналына сол зерттеу жұмысының өзі шықпаған, онда тек зерттеулер туралы жаңалық қана жарияланған.

Сыры белгісіз Трамп

Ал енді 20 наурызға, яғни Дональд Трамптың қатысуымен өткен баспасөз конференциясына оралайық. Препринттің жарияланған сәтінен бір айға жуық уақыт өтті. Журналистер президентті хлорохин туралы сұрақтың астында алды, себебі Vox.com сайтындағы мақалаға сәйкес, ол бір күн бұрын препарат туралы айтқан еді. Басылым былай деп жазады:

«Президент Дональд Трамп коронавирустың өршуіне байланысты өзінің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандарына әлі де қарама-қайшы әрекет істеп келеді. Мысалы жұма күні коронавирус бойынша өткен брифингті алайық. Журналистер безгекті емдеу үшін қолданылатын хлорохин туралы сұрады. Себебі Трамп оны бір күн бұрын ғана Covid-19-дан емдеуі мүмкін дәрі ретінде жарнамалаған болатын».

Осылайша 20 наурызда америкалық басылымның авторы президент пен денсаулық сақтау саласындағы мамандар арасында қарама-қайшылық бар екенін тікелей айтып тұр. Алайда біз үшін сол сала мамандарының не айтқаны қызықты болып тұр. Сол Vox-ке қайта жүгінейік.

«Аллергия және жұқпалы аурулар ұлттық институтының басшысы Энтони Фаучи, алдымен хлорохиннің Covid-19-ға қарсы тиімділігіне қатысты дәлелдер көп емес екенін айтты: «Сіз айтып отырған дәлелдер расталмаған. … Біз америка халқы үшін шынымен қолжетімді препарат жасау үшін тепе-теңдікті сақтап тұруға тырысып жатырмыз. Сондай-ақ, біз бұл жұмыстарды хаттама аясында жасаймыз, сонда ғана ол бізге оның қауіпсіз әрі тиімді екенін туралы ақпарат береді. Алайда сіз сілтеме жасап тұрған ақпарат… зерттеу жұмысы бақыланатын клиникалық сынақта жасалған жоқ, сондықтан сіз бұл жөнінде нақты мәлімдеме жасай алмайсыз», делінген репортажда. Онда Трамптың да сөздері де келтірілген.

«Не болатынын көреміз. Біз доктор Фаучидің айтқаны 100% дұрыс екенін түсінеміз: яғни нақты бірдеңе айту әлі ерте. Алайда мен керемет нәрсе көрдім. Көреміз енді. Біз жақында бәрін білетін боламыз», деді АҚШ президенті.

Сәйкестік болар, бірақ тура сол күні, 20 наурызда, International Journal of Antimicrobial Agents журналында франциялық ғалымдардың зерттеу нәтижелері жарияланды. Олар екі препараттың – гидроксихлорохин мен азитромицин антибиотигінің комбинациясын сәтті қолданған сынақтар туралы хабарлаған болатын. Осыдан кейін бұл жаңалықты көптеген БАҚ өкілдері тарата бастады. Онда 36 пациентті 16 және 14 адамнан тұратын топтарға бөлгені туралы айтылған. Бірінші топты симптоматикалық әдіспен емдеген (бактериялық суперинфекция жағдайында антибиотик беріп отырған), екінші топқа гидроксихлорохин берсе, тағы 6 адамға азитромицин антибиотигін берген. Бесінші күні 6 емделушіде коронавирус тесті теріс нәтиже көрсеткен.

Мақалада бұл нәтижелер үміт сыйлайтыны, алайда оларды растау үшін барынша ауқымды клиникалық сынақтар өткізу қажет екені жазылған.

Тағы бір қызық жағдай наурыз айының соңында болды. Ол кезде Facebook Бразилия президенті Жаир Болсонарудың «гидроксихлорохин барлық жерде жұмыс істейді» деп айтқан видеосын алып тастайды. Видео әлеуметтік желінің жақында ғана жариялаған «саясаткерлердің сөзін алып тастамаймыз» деген қағидасына қарамастан жойылды, деп хабарлайды TechCrunch. Айта кетейік, Facebook індет басталғаннан кейін вирус туралы, оның ішінде дәлелденбеген емдеу әдістері туралы жалған ақпаратты жойып отыратынын мәлімдеген. Ал Бразилия президентіне қатысты оқиғада осы екі ереже бір-бірімен қабыспай қалды.

Алайда кей адамға рұқсат етілмеген нәрсе, басқаға жүрмейді. Екі аптадан кейін, яғни 5 сәуірде президент Трамп препарат туралы тағы біраз батыл әңгіме айтты.

«Сіз не жоғалтасыз? Сіз не жоғалтасыз? Қолдана беріңіздер», деді Трамп Ақ үйде өткен кезекті мәслихатында (дереккөз The Guardian).

Бұл батыл сөздер ғылымға сүйеніп айтылды деу қиын, себебі Бразилия президентінің сөзінен кейін әлемде ештеңе өзгере қойған жоқ еді. Тіпті 13 сәуірде, ДДСҰ өкілінің айтуынша, ұйымда коронавирусқа қарсы күресте талқыланып жатқан бұл препараттардың тиімділігіне қатысты дәлел жоқ. ДДСҰ-ның Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарлама директорының сөзін келтірейік (ТАСС бойынша):

«Медициналық және ғылыми-зерттеу қауымдастығы коронавируспен күресте хлорохин мен гидрохлорохинді (гидроксихлорохин – ред.) маңызды препараттар ретінде қабылдайды. Олар бірқатар сынақтарда қолданылып келеді, кейбір елдерде бұл дәрі-дәрмектерді пайдаланып та жатыр. Алайда, жан-жақты зерттеліп, нақты сынақтан өтіп, бұл препараттар, расымен, көмектеседі дегенге дәлел жоқ».

Бұл жерде дәрі-дәрмектердің тиімділігіне қатысты дәлелдің жоқ екені айтылды. Дегенмен ең бірінші сөйлемге де баса назар аудару қажет сияқты. Себебі онда кәсіби қауымдастық хлорохин мен одан жасалатын басқа препаратты вирусқа қарсы күресте «өте маңызды» деп атаған. Осы тұжырым Трамптың «Сіз не жоғалтасыз?» деп айтқан сөзіне дәлел бола ала ма? Біз бұл сұраққа ғылыми дәлдікпен жауап бере алмаймыз.

Расымен ештеңе жоғалтпайсыз ба?

Дүниежүзінде бұл препараттарға деген қызығушылықтың артып бара жатқанын байқап, сәуір айында «BBC-дің орыс редакциясы» көлемді мақала жариялайды. Онда көптеген кәсіби мамандардың бұл препараттарға күмәнмен қарайтыны жазылған. Мысалы Вирусқа қарсы препараттар саласындағы халықаралық зерттеу қоғамының вице-президенті, профессор Кэтрин Сели-Радтке хлорохинді осылайша жарнамалауды қою керек екенін ескертеді. Оның айтуынша, көптеген клиникалық зерттеулер қорытындысы бойынша бұл препарат Covid-19-ға қарсы тиімсіз болып шыққан. Оның адам ағзасына, тіпті, қауіпті әсері де болуы мүмкін.

Осыған қарамастан, мақалада АҚШ-тың Азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) Covid-19-ды емдеуде хлорохин мен гидроксихлорохинды шұғыл шара ретінде стационар жағдайында қолдануға рұқсат бергені айтылады. Сондай-ақ метериалда Германияда орналасқан фармацевтикалық компаниялардың бірі АҚШ-қа 30 миллион гидроксихлорохиннің дозасын тегін бергені туралы ақпарат та бар.

Дәрі-дәрмектерді Францияда қолдануға рұқсат берілді (дәрігерлердің ескертулеріне қарамастан). Ал Үндістанда гидроксихлорохинді пайдалану Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне коронавирустың алдын алу мақсатында, сондай-ақ ауруды жұқтырғандармен қатынаста болған және дәрігерден рецепт алатын барлық адамға ұсынылған (билік дәріні тек «тәжірибе» ретінде ғана пайдаланамыз деген еді). Сондай-ақ Таяу Шығыстағы кей мемлекет гидрокихлорохинді вирусты емдеу үшін пайдалануға рұқсат еткен.

Бір қызығы, 8 сәуірде, яғни «BBC-дің орыс редакциясы» мақаласына дейін бір күн бұрын Daily Mail басылымы швециялық ауруханалар коронавирусы бар пациенттерді емдеу үшін хлорохин қолданудан бас тартқаны туралы хабарлады. Себебі адамдардың басы ауырып, көзі көрмей, қатты қиналып ауырған. Мақалада 100 жағдайдың бірінде препарат адам жүрегінің жұмысына кері әсер етіп, тіпті, жүрек ұстамасына әкелуі мүмкін деп жазылған.

12 сәуірде The New York Times басылымы Бразилия емдеу барысында хлорохиннің жоғары дозасын пайдалану бойынша сынақты тоқтататынын хабарлады. Өйткені адамдарда тұрақсыз жүрек ырғағы пайда болу қаупі шыға бастады.

24 сәуірде Америка азық-түлік өнімдері мен дәрі-дәрмектерді бақылау басқармасы (FDA) бірнеше адам қайтыс болып, уланғаннан кейін COVID-19-ды емдеу үшін безгекке қарсы хлорохин мен гидроксихлорохин препараттарын ауруханадан тыс жерде немесе ресми клиникалық сынақтарда қабылдауға жол берілмейтіні туралы ескертті.

Қазіргі жағдай

Дональд Трамптың наурыздағы баспасөз-мәслихатынан кейін АҚШ елінде хлорохин мен гидроксихлорохинге деген сұраныс 46 есе өскен, деп хабарлады 25 сәуір күні NYT. Бұл препараттардың коронавируспен ауырған науқастарға жақсы әсер етуі әлі дәлелденбеген.

28 сәуірде Ресей Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19-ды емдеу барысында ересектер үшін тағайындалуы мүмкін препараттардың тізімін кеңейткені белгілі болды. РБК-ның мәліметі бойынша, мұны Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 бойынша жаңартылған әдістемелік нұсқаулары арқылы білуге болады. Ересектерге тағайындалуы мүмкін дәрілер тізімінде гидроксихлорохин де, хлорохин де, сондай-ақ азитромицин де (гидроксихлорохинмен бірге пайдаланылғанда) жүр.

COVID-19 коронавирус инфекциясын диагностикадан өткізу мен емдеу бойынша жарияланған (Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша біріккен комиссия әзірлеген) клиникалық хаттамада, гидроксихлорохин мен хлорохин фосфаты емдеу схемаларында көрсетілген.

Қорытынды: жоғарыда көрсетілген материалдарды зерттей отырып, Factcheck.kz авторлары хлорохин мен гидроксихлорохиннің тиімділігі әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда дәлелденбеген деген қорытынды шығарады. Әртүрлі елдер алдын ала зерттеу жұмыстары негізінде және басқа тиімді препараттардың жоқтығына байланысты осы препараттарды сынақтан өткізіп, пайдалануды жалғастырып келеді. Аталған дәрілердің танымал болып кетуіне зерттеушілердің бұқаралық ақпарат құралдарында (нәтижелер әлі нақты емес екенін көрсетпестен) тарап кеткен препринттері және кей мемлекет басшыларының резонансты мәлімдемелері ықпал етті. Бұл мәлімдемелер науқастар үшін бұл препараттар қалай әсер ететі толық зертелмей, оның қауіпсіздігі ғылыми тұрғыдан дәлелденбеуіне қарамастан жасалған болатын.

Журналист, медиакритик, фотограф. Работал на ТВ (телеканалы «Алматы», Astana, КТК, 7 канал), в печатных и мультимедийных интернет-изданиях, сотрудничал с проектом «Радиоточка» до его закрытия в 2017 году, занимался медиакритикой в издании «Новый репортёр».

Factcheck.kz