CitizenGO – петицияның атын жамылған ультраконсервативті лобби

Қазақстандықтар арасында CitizenGO онлайн-платформасы биылғы жылдың сәуір айында танылды. Себебі ол кезде бұл сайтта міндетті вакцинацияға қарсы атышулы петиция пайда болып, оған 170 мыңнан астам қол жинаған еді. Осылайша бұл петиция Денсаулық туралы жаңа кодексте ата-ананың вакцинациядан бас тарту құқығының бөлек көрсетілуіне әсер еткен факторлардың бірі болды.

170 мың қол жинау – Қазақстандағы белсенділіктің онлайн форматы үшін бұрын-соңды болмаған оқиға. Мысалы кезінде елорда атын өзгертуге арналған петиция GoPetition платформасында бар жоғы 45 мың қол жинады. Былай қарасаңыз, бұл оқиға елімізде әлдеқайда кең талқыланып, жаңалық көп адамға жеткен еді. Дауыстың аз жиналуына бірден-бір себеп – CitizenGo-ға қарағанда GoPetition платформасы Қазақстанда бұғатталған және оған тек VPN арқылы кіруге болатын. Алайда кейін 170 мың қол қалай жиналғаны туралы журналистер бірнеше қызықты дерек анықтаған. Біздің Informburo.kz сайтындағы әріптестеріміз осыған қатысты барлық ақпаратты жинап, Қазақстанда вакцинацияға қарсы науқан қалай жүргізілгені туралы егжей-тегжейлі репортаж жасады және дауыс беру кезінде бірқатар алаяқтық әрекетті анықтаған.

Factcheck.kz-тің тексеріп көрсеткендей, міндетті вакцинацияға қарсы петицияның өзі жалған және манипуляциялық мәлімдемелерге толы.

Осы аталған жағдай және СitizenGO сайтындағы басқа петициялардың да «мазмұны» Factcheck.kz-тің осы онлайн платформаның қызметіне, оның түп тамыры мен байланыстарына деген қызығушылығын тудырды.

Ашық деректерден алынған ақпаратты зерттей отырып, біз бір қарағанда еш қабыспайтын нәрселер арасында қызықты байланыс таба білдік. Бір арнаға онлайн-петиция алаңы, консервативті христиан ұйымдарының желісі, Еуропа мен Америкадағы ультраоңшыл және оңшыл саясаткерлердің қозғалысы және тіпті «Әзербайжан ландроматы» деп аталатын сыбайлас жемқорлық дауы тоғысып кеткен. Осының бәрі CitizenGO тек петиция жасауға арналған тәуелсіз сайт емес екенін көрсетті. Сайт туралы «Ол – ультраконсервативті топтардың саяси көзқарастарын дүниежүзі бойынша таратудың жаһандық құралдарының бірі» деген қорытынды шығаруға болады. Төменнен осы лоббиді қаржыландыру көздері, әртүрлі байланыс схемалары және нақты адам аттары туралы ақпаратпен таныса аласыздар.

CitizenGO және HazteOir: діни фундаментализм, трансфобия және насихатқа бөлінген миллиондаған еуро

Петиция жасауға арналған CitizenGO халықаралық интернет-платформасы 2013 жылы Мадридте Испанияның HazteOir азаматтық қауымдастығымен құрылған. Қауымдастық сайтындағы мәлімет бойынша, HazteOir ұйымын 2001 жылы бір топ дос құрған. Олардың мақсаты – адам өмірін қорғау, білім беру еркіндігі, қоғамның негізгі бөлшегі ретінде қаралатын отбасының мәселесі, сондай-ақ діни еркіндікті қорғау бойынша ұсыныстарды қоғамдық талқылауға шығаруға мүмкіндік беру. Негізі, қауымдастықтың толық атауы – «HazteOir Víctimas de la ideología de género». Ол «Гендерлік идеологияның құрбандары, дауыстарыңызды шығарыңыздар» деп аударылады. HazteOir ұйымының айтуынша, олардың миссиясы – азаматтарды Испанияның саяси өміріне тарту. Сондай-ақ олар өз идеяларында христиан құндылықтарына сүйенетінін айтады.

HazteOir ұйымы CitizenGO сайтын іске қоспай тұрып, түсік жасатуға және эвтаназияға қарсы шыққан Derecho a vivir («Өмір сүру құқығы») және діни еркіндікті насихаттаған MasLibres («Көбірек бостандық») платформаларын жасауға қатысқан. Сайттағы ақпаратқа сүйенсек, MasLibres негізінен христиандардың құқығын қорғаумен айналысады және олардың айтуынша қазір әлемде «христиан геноциді» жүріп жатыр.

HazteOir жыл сайын HazteOir Awards сыйлығымен «ортақ игі іске» қосқан үлесі үшін түрлі адамдар мен ұйымдарды марапаттайды. Сыйлықты иеленген танымал адамдардың қатарында Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан мен әйгілі испаниялық футбол жаттықтырушысы Висенте Дель Боске бар.

Сонымен қатар HazteOir ұйымы «трансгендерлік насихатқа» қарсы бағытталған «Сөз бостандығының автобусы» атты акциямен танымал. Халық арасында ол «трансфоб автобусы» деп аталып кетті. Акция аясында қалаларда «Бұл биология», «Сіз жынысыңызды өзгерте алмайсыз» деген жазулары бар автобустар жүреді. Акция Испания мен Еуропада ғана емес, Нью-Йоркте де өткізілді. 2019 жылы Халықаралық әйелдер күні қарсаңында автобус Испания қалаларының көшесіне қайта оралды. Ондағы мақсат – «ер адамдарды кемсітетін» гендерлік зорлық-зомбылық туралы заңның күшін жоюға қарсылық білдіру. Сол кезде автобустарға макияжы бар Гитлердің суреті салынып, «феминұлтшылдарды тоқтатайық» деген жазу болды.

CitizenGO – петицияның атын жамылған ультраконсервативті лобби
Автобус гендерлік зорлық-зомбылық туралы заңдардың күшін жоюды талап етуде. EUROPA PRESS/EUROPA PRESS

Осындай акциялардан кейін 2019 жылдың ақпан айында Испанияның ішкі істер министрлігі HazteOir-ді «қоғамға пайдалы ұйым» мәртебесінен айырды. Бұл мәртебе оларда 2013 жылдан бері бар еді және сол арқылы олар салық жеңілдіктерін алып отырған еді. Ұйым сотқа жүгінді, алайда 2020 жылдың наурызында Ұлттық сот министрліктің шешімін қолдады. Олардың айтуынша, HazteOir қоғам мүддесіне жұмыс істей алмады, атап айтқанда олар толеранттылық ұстанымдарды негізге ала алмаған.

HazteOir-дің президенті – Игнасио Арсуага Рато. Ол – заңгер, адам құқықтары жөнінде белсенді және әлеуметтік кәсіпкер. Одан басқа Директорлар кеңесіне тағы 5 адам кіреді. Сонымен қатар Игнасио Арсуага 8 адамнан тұратын CitizenGO-ның қамқоршылар кеңесінің президенті және мүшесі. HazteOir Директорлар кеңесінің тағы бір маңызды адамы – Луис Лосада. Ол – журналист, қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесші және CitizenGO-дағы үгіт-насихат жұмыстарына жауап беретін менеджер.

CitizenGO – петицияның атын жамылған ультраконсервативті лобби
Игнасио Арсуага (Wikimedia commons)

CitizenGO платформасы өзін былай таныстырады: «Адам өмірі, отбасы және еркіндік құндылықтарын бірлесіп қорғайтын және насихаттайтын белсенді азаматтар қауымдастығы». Ұйым жұмысының негізі – «шынайы бостандықтың, адам құқықтары мен жеке бастың қадір-қасиетінің дәстүрлі христиан түсінігі».

HazteOir ұйымының қызметі негізінен Испаниямен шектелсе, CitizenGO бастапқыдан халықаралық жоба ретінде жоспарланған. Қазір платформа әлемнің 50 елінде және 12 тілде жұмыс істейді. Айта кететін жайт, егер сайтта Испания үшін испан тілін таңдасаңыз, онда CitizenGO логотипі HazteOir-дікіне өзгереді. Қауымдастық өзінің құндылықтары мен идеологиясын қорғауға арналған түрлі науқандармен айналысады және вакцинацияға, жыныстық білім алуға, ЛГБТ құқықтары мен феминизмге қарсылық білдіреді.

Ұйымның құндылықтарын сайттағы петициялар айқын көрсетсе керек. Сайтта вакцинацияға қарсы петициялар өте көп, олардан бөлек CitizenGO сайтынан басқа да қызықты өтініштерді көруге болады. Мысалы: «БҰҰ-да жыныстық білім беру мен түсік жасатуды тоқтатайық», «Голливуд Христосты әйел етпекші. Оларды тоқтатуға көмектесіңіз», «Отбасыға қарсы бағытталған «отбасындағы зорлық-зомбылық» туралы заңды тоқтатайық» (бұл жерде Ресейдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңы айтылып тұр), «ДДСҰ-ны қаржыландыруды тоқтатыңыздар!», «Бес көздің елшіліктеріне»: ЛГБТ насихатынан бас тартыңыздар», «Гомосексуализм АҚТҚ-ны тоқтатпайды» және т. б. Осы петициялардың барлығын CitizenGO-мен байланысы бар ұйымдар немесе адамдар жариялаған. Оны түсіну қиын емес. Егер петицияны ұйымға қатысы жоқ адам жариялайтын болса, онда оған мынандай дисклеймер (жауапкершіліктен бас тарту хаты) жазылады:

Бұл үндеуді CitizenGO-ға қатысы жоқ тұлға немесе ұйым жариялады. CitizenGO оның мазмұны үшін жауап бермейді және ондағы жалған ақпараттың жоқ болмауына кепілдік бере алмайды.

Әрине, сайтта бейтарап петициялар да бар. Олар, мысалы, сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігі бақылауын күшейтуге немесе Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне қолдау көрсетуге шақырады. Алайда олар салыстырмалы түрде адам назарына көп ілікпейтін сияқты.

Қазақстанда онлайн-петицияларға арналған сайттың көпшілігі бұғатталған, сондықтан жергілікті белсенді азаматтар үшін қолда бар порталдарды пайдаланудан басқа амал жоқ. Сол себепті CitizenGO-да қазақстандық пайдаланушылардан әртүрлі петициялар келіп түседі екен: олардың арасынан қауымдастықтың көзқарасына сәйкес келетінін де, мүлдем бейтарап петицияларды да кездестіруге болады.

CitizenGO – петицияның атын жамылған ультраконсервативті лобби
Қазақстандық петициялардың бірі

Біздің азаматтар ұсынған петициялардың ішінде мыналарды кездестіруге болады: «ДДСҰ-ны қаржыландыруды тоқтатып, оларды Қазақстаннан кетіру!», «Бақытты әрі салауатты отбасыны, ГОМЕОПАТИЯНЫ қорғау», «Қазақстанның ұлттық парктерін қорғауға ашық үндеу», «0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға төтенше жағдай мен карантин кезінде төлемдер белгілеу», «Көшеде бетпердені міндетті түрде киюді тоқтату».

Сайттағы ақпаратқа сәйкес, CitizenGO әлемнің түкпір-түкпіріндегі азаматтардың интернет арқылы жолдаған азғантай ақшасына өмір сүреді. Сондай-ақ ұйым мемлекеттік құрылымдардан немесе коммерциялық компаниялардан ақша алмайтыны айтылады.

Қаржы мәселесі

CitizenGO сайтында жарияланған қаржы есебі барынша қарапайым жасалған: PDF форматындағы бір бетте екі кесте көрсетілген, бірінде түсімдер, бірінде шығындар. Түсімдер бір реттік және тұрақты қайырымдылық көмектен тұрады. Олар үш бағытта жұмсалады: үгіт-насихат жұмыстары, әкімшілік шығындар және даму мен фандрайзингке арналған ақша. Басқа мәліметтер көрсетілмеген. Кестелердің астында сол кестелердің деректерін қайталайтын дөңгелек диаграммалар бар.

citizengo_financial_statements_ru_2019

Қаржы есебіне сәйкес, ұйым 2019 жылы қайырымдылық ретінде 2,4 миллион еуро алып, оның 2,36 млн еуросын жұмсаған. Ақшаның басым бөлігі (~2 млн еуро) түрлі науқан мен іс-шара өткізу үшін пайдаланылған. Мысалы 2014 жылы, яғни ұйым қызметін бастағаннан кейін бір жылдан соң, қауымдастыққа қайырымдылық ретінде 937 мың еуро түседі.

Сонымен қатар HazteOir мүшелік жарналар мен бір реттік қайырымдылық ретінде берілген ақша есебінен қаржыландырылады. 2018 жылғы есепке сәйкес, HazteOir кірісі 1,94 миллион еуроны құрады. Оның 1,4 миллионы – мүшелік жарналар, 515 мыңы – қайырымдылық ретіндегі көмек, ал 13 мыңы басқа көздерден түскен. Шығындарға тоқталсақ, түрлі науқандар өткізуге 1,64 млн еуро, фандрайзингке 220 мың және әкімшілік шығындарға 106 мың еуро жұмсалған. Бір қызығы, HazteOir-дің 2017 жылғы табысы 2018 жылмен салыстырғанда 500 мың еуроға көп болған. Бұған қатысты ұйым президенті Игнасио Арсуага өз жолдауында тоқталыпты. Оның айтуынша, қауымдастық әртүрлі науқан мен іс-шараны азайтқанға байланысты бір реттік қайырымдылық көмек мөлшерін де азайтқан.

2017 жылы ACAB Gang деп аталатын хакерлер тобы HazteOir және олармен байланысы бар бірнеше ұйымның сервері мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарын бұзып, өз сайтына 15 мыңға жуық файл жүктеген. Көптеген құжатпен қатар HazteOir-ді қаржыландыратындардың тізімі де жарияланды. Олардың ішінде Nestlé, IBM, Eulen сияқты компаниялардың басшылары, El Corte Inglés сауда үйінің негізін қалаушы Исидоро Альварес, 2014 жылы қайтыс болған испаниялық бизнес-леди және миллиардер Эстер Копловиц бар. Алайда хакерлердің сайты тез арада жұмыс істемей қалады, сондықтан жергілікті БАҚ өкілдері қандай да бір ақпаратты не жүктеп, не тексеріп алуға үлгермеді.

Кейін киберқауіпсіздік тақырыбына жазатын журналист Мерсе Молист сол хаккерлерден сұхбат алады. Олардың айтуынша, ақпарат бір күннің ішінде алынды және мұндай уақыт аралығында 100 Гб деректі бұрмалауға мүмкін емес. Дегенмен көпшілікке жария болған ақпарат кейін де тексерілмеді, сондықтан оның қаншалықты рас екенін нақты айтуға болмас.

HazteOir-дің 2018 жылғы есебінде оның екі ұйымындағы мүшелер саны да көрсетілген. Сол мәліметтерге сәйкес, CitizenGO-ның бүкіл әлем бойынша 10,6 миллион мүшесі бар, ал HazteOir-дегі мүшелер саны – 1,19 миллион адам.

Ультраоңшыл, экстремистік және үлестес ұйымдармен байланысы

CitizenGO желіде ультраконсервативті немесе ультраоңшыл христиан қозғалысы ретінде сипатталады. Бұл тек платформада жарияланатын петицияларға немесе ұйымның идеалдарына байланысты емес.

Бірқатар БАҚ-тың айтуынша, осы айтылып отырған ұйымдар мен Испанияның Vox («Дауыс») ультраоңшыл саяси партиясы арасында байланыс бар. Ел парламентіне 6 жыл кіруге тырысқаннан партия, ақыры 2019 жылы барлығын таң қалдырып 52 орынға ие болады (сәуір айында 24, кейін қараша айында тағы 28 орын жеңіп алады). Vox өз ұранын Трамптан алғанға ұқсайды, себебі олар да «Make Spain great again» дейді («Испанияны қайтадан ұлы етейік»). Олардың иммиграцияға қатысты ұстанымы өте қатаң, олар Каталонияның автономиясын тоқтатып, әйелдерді гендерлік зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңнан бас тартқысы келеді, себебі олардың айтуынша ол ер адамдарды кемсітеді, сондай-ақ түсік жасатуға және бір жынысты некеге қарсылық білдіреді.

HazteOir және CitizenGO басшысы Игнасио Арсуага мен Vox партиясының президенті Сантьяго Абаскал жақын достар екендігі айтылады. Арсуага өзінің туиттерінде Vox-ты белсенді қолдайды. Ал 2012 жылы, партияның құрылғанына дейін бір жыл бұрын, Абаскал HazteOir сыйлығымен марапатталғандардың бірі. Осыған қоса HazteOir-дің бұрынғы мүшелері Гадор Джойя Верде мен Франсиско Хосе Контрерас – қазір Vox партиясының депутаттары.

OpenDemocracy порталы жүргізген зерттеуге сәйкес, Арсуага мен Vox партиясының басшысы Vox пен CitizenGO одақтас ұйымдар екенін және бір-бірін қолдайтынын растаған. Оның ішінде қаржы жағынан қолдау бар екені де жоққа шығарылмайды. Сондай-ақ парламент сайлауы алдында Арсуага Vox қарсыластарының беделін түсіруге бағытталған жоспары туралы айтқан. Мәселен қараша айындағы сайлау кезінде HazteOir Испанияда басқа консервативті топ саналатын «Халық партиясына» дауыс бермеуге шақыратын баннерлер мен парақшалар шығарған.

Парламент сайлауы басталғанға дейін Vox даулы жағдайға тап болды. Себебі 2014 жылы «Иран халқының мужахидтер ұйымы» деп аталатын бұрынғы террористер тобы (ИХМҰ) Vox партиясының Еуропа парламенті сайлауындағы науқанының бір бөлігін қаржыландырып, оған 800 мың еуро бөлгені белгілі болды. Алайда журналистердің сұрақтарына жауап берген партияның бас хатшысы Хавьер Ортега Смит қайырымдылық ретінде берілген бұл көмек заңды және ашық болды деп мәлімдеді. Бұл қазіргі уақытта Албанияда орналасқан ИХМҰ-нің 2009 жылы ЕО-ның, ал 2012 жылы АҚШ-тың террористік ұйымдарының тізімінен алынып тасталғанына байланысты шығар.

Иран халқының мужахидтер ұйымының тарихы өте қызықты және қарама-қайшылықтарға толы. Қазір бұл топ қатыгездіктен бас тартып, демократия, адам құқықтары мен зайырлы мемлекет үшін күресіп жатқанын хабарлайды. Ұйым тіпті Еуропада «Иранды азат ету үшін» раллиін өткізеді, оған кейбір еуропалық және америкалық саясаткерлер қатысады. Алайда лагерьден қашып шыққан ИХМҰ-ның бұрынғы мүшелері бұл ұйым сектаға айналғанын және онда адамдар психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа тап болатынын айтады.

Дегенмен Vox-ты қолдаушылар саны жыл өткен сайын артып келеді, оңшылдарды қолдаудың мұндай тенденциясын соңғы жылдары Еуропаның барлық аймағынан байқауға болады. Партияның мұрат-мақсаттарын Рим Папасы Францисктің реформаларына көңілі толмайтын кейбір консервативті епископтар да қолдайды.

Vox – CitizenGO мен HazteOir бірлесіп жұмыс істейтін жалғыз партия емес. Арсуага Италияның «Солтүстік лигасы», Венгрияның «Фидес» (бұл партияның көшбасшысы – елдің премьер-министрі Виктор Орбан) және Германияның ультраоңшыл «Германия үшін альтернатива» сияқты партиялармен де байланыс орнатқан.

Испаниялық БАҚ өкілінің мәліметі бойынша, HazteOir-дің «El Yunque» деп аталатын мексикалық ультраконсервативті христиан ұйымымен де байланысы бар. Бұл ұйымның өкілдігі Испанияда да болуы мүмкін. Әртүрлі ақпарат көздеріне сүйенсек, HazteOir-дің бірнеше мүшелері, соның ішінде Игнасио Арсуага мен Луис Лосада – El Yunque ұйымының мүшесі. HazteOir-дің өзі бұл ұйымға еш қатысы жоқ екенін айтады.

Алайда El Confidencial басылымы Мадрид сотының сөздерін келтіреді. Ол жерде 2014 жылы Испанияда El Yunque ұйымының артып келе жатқан ықпалы туралы есепті талқылау кезінде «HazteOir/CitizenGO мен El Yunque арасындағы байланыс – дәлелденген факт» деп айтылған. Баяндаманы Educación y Persona («Білім және тұлға») қауымдастығының вице-президенті Фернандо Лопез Луенгос жазды. Оның айтуынша, El Yunque шіркеуге, халық партиясына, HazteOir-ге және тіпті Мадридтегі жеке католик университетіне кіріп кеткен. Лопез өз баяндамасын Испания кардиналы Антонио Роуко Варелаға жіберді, алайда әлі жауап ала алмағанға ұқсайды.

Жоғарыда айтып өткен HazteOir-дің аккаунтын бұзған хакерлерде Арзуага мен ұйымның басқа басшылары El Yunque қатысты журналистік зерттеуге кедергі келтіргені туралы ақпарат болды. Алайда бұл мәлімдеме де тексерілген жоқ.

El Yunque қатысты басты мәселе – бұл ұйым туралы ақпарат бір жағынан көп, бір жағынан аз. Оған себеп – El Yunque-дің ресми сайты да, ресми парақшалары да, тіркеуі де жоқ. Ал испан тілді БАҚ-та бұл құпия да әскерилендірілген ұйым туралы ақпарат жеткілікті. Мәліметтер журналистік зерттеулерден, нақты таныс адамдардың сөзінен немесе осы ұйымның бұрынғы мүшелерінен алынған.

Халықаралық лобби: Еуропа, АҚШ, Ресей

HazteOir мен CitizenGO АҚШ-тың да консервативті топтарымен байланысы бар. Жұмыс бірнеше арна арқылы жүреді. Екі ұйымның серіктестерінің бірі – АҚШ-тың Көшбасшылық институты. 2017 жылы CitizenGO бұл институтқа әртүрлі елден келген 140 консервативті көшбасшыға арнап Еуропада тренинг ұйымдастыруға көмектесті.

Осыған қоса HazteOir Халықаралық Отбасы ұйымы өткізетін Дүниежүзілік отбасылар конгресіне қатысы бар. Аталған ұйым түсік жасату мен ЛГБТ-ға қарсы шығып, «табиғи отбасы» құндылықтарын қорғауға атсалысады. Дүниежүзілік отбасылар конгресі (ДОК) деген – бүкіл әлемдегі консервативті және ультраконсервативті белсенділерді біріктіретін жаһандық алаң. Мысалы 2019 жылы Конгрестің Веронада өткен 13-ші съезіне біз бұған дейін атап өткен Италияның «Солтүстік лигасы» партиясының көшбасшылары Маттео Сальвини, Лоренцо Фонтана және Марко Буссетти қатысты.

ДОК-тың Сиднейде өткен 7-ші съезінде Игнасио Арсуага «Табиғи отбасыны қорғаудағы жыл адамы» атағына ие болды. Ұйымның серіктестері арасында CitizenGO және HazteOir бар, ал оның президенті америкалық белсенді Брайан Браун – CitizenGO қамқоршылар кеңесінің мүшесі.

CitizenGO – петицияның атын жамылған ультраконсервативті лобби
Брайан Браун және Игнасио Арсуага (twitter.com/briansbrown)

Сондай-ақ Брайан Браун – Ұлттық неке ұйымының президенті және Act Right атты америкалық саяси іс-қимыл комитетінің төрағасы. Бұл комитет консервативті кандидаттарды қолдау және түрлі науқандар өткізу үшін қаражат жинаумен айналысады. ActRight сайтында да петиция беруге болады. Бір қызығы, CitizenGO сайтының ескі нұсқасында логотиптің астында member of the ActRight family («ActRight отбасының мүшесі») деген жазу болатын, бұл – екі ұйым арасындағы тығыз байланысының дәлелі.

Ресейде CitizenGO әулие Петр мен Февронияның атындағы Отбасы мен демографияны қолдау қоры арқылы жұмыс істейді. Платформаның орыс тіліндегі нұсқасы – олардың бірлесіп істеген жобасы. CitizenGO мен аталған қор Ресейдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңның қабылдануына қарсы наразылық акциясына белсенді қатысты (сайттағы петицияны еске түсіріңіз).

Отбасы мен демографияны қолдау қорының құрылтайшылары арасында аса танымал протоиерей Дмитрий (Димитрий) Смирнов бар. Ол – отбасы мәселелері жөніндегі патриархалдық комиссияның басшысы, Мәскеу мен аймақта орналасқан 8 шіркеудің жетекшісі. Ресейдің «Медуза» басылымының айтуынша, Смирнов өзінің даулы мәлімдемелерімен танылған және Ресейдегі ең атақты консервативті діни қызметкер болып саналады. Айтпақшы, ол да Веронадағы ДОК съезінде сөз сөйлеген.

Қордың тағы бір маңызды тұлғасы – Алексей Комов. Ол – осы қордың негізін қалаушы және жетекшісі, сондай-ақ Ресейдегі консервативті қозғалыстың халықаралық деңгейдегі өкілі. Комов CitizenGO қамқоршылар кеңесінің құрамына да кіреді, Дүниежүзілік отбасылар конгресінің Ресей мен ТМД елдеріндегі өкілі, ДОК-тың БҰҰ-дағы елшісі, сондай-ақ «Отбасы саясаты» аналитикалық орталығының президенті. Бұл орталық, өз кезегінде, ДОК, Отбасы мен демографияны қолдау қорымен құрылған.

Қазіргі Ресей билігінің консервативті көзқарастары мен Орыс православие шіркеуінің рөлін ескерсек, Дүниежүзілік отбасы конгресінің Ресейдегі ықпалы өте зор. Бір қызығы, Конгресті құру идеясы Мәскеуде 1995 жылы америкалық профессор Аллан Карлсон мен ресейлік профессорлар Анатолий Антонов пен Виктор Медковтың кездесуінен кейін пайда болды. Екі тарапты, әсіресе, посткеңестік Ресейде байқалған демографиялық құлдыраудың проблемасы аса алаңдатқан. Дәл осы себеп ДОК-тың – пролайф-ұйымның құрылуына түрткі болды.

Пролайф – өмір сүру құқығын жүктілік кезінен бастап қорғауға және түсік жасатуға тыйым салуға бағытталған қозғалыс.

Қызықты дерек: Дүниежүзілік отбасы конгресі америкалық Southern Poverty Law Center құқық қорғау ұйымының экстремистік (өшпенділікті насихаттайтын) топтар тізіміне енгізілген.

CitizenGO – петицияның атын жамылған ультраконсервативті лобби
Солдан оңға қарай – Брайан Браун, Бошко Обрадович (Серб саясаткері) және Алексей Комов (twitter.com/briansbrown)

Алексей Комов Италияның «Солтүстік лигасы» партиясы құрған Ресейдің сыртқы саясатын белсенді қорғайтын «Ломбардия Россия» мәдени қауымдастығының да құрметті президенті. Комов партия жетекшісі Маттео Сальвинимен дос. Ол 2013 жылы Сальвини Лиганың федералды хатшысы болып сайланған кезде Туриндегі партия конгресінде сөз де сөйлеген.

Бірқатар БАҚ-тың мәліметі бойынша, Алексей Комов пен Ресейдегі «православ олигархы» Константин Малофеевтің арасында тығыз байланыс бар. Айта кетейік, Малофеев «Царьград.тв» телеарнасының, ұлы әулие Василий атындағы қайырымдылық қорының, «Катехон» аналитикалық орталығының негізін қалаушы, осыған қоса ол Қауіпсіз интернет лигасының қамқоршылар кеңесінің мүшесі. 2014 жылы Мәскеуде Дүниежүзілік отбасылар конгресі өтуі тиіс еді, ал Малофеев ұйымдастырушылар қатарында болды. Алайда іс-шара Украинадағы жағдайға және Ресейге салынған санкцияларға байланысты өтпей қала жаздады. Малофеевтің өзіне де «Украинаның шығысындағы қарулы топтарды қаржыландырды» деген айыпқа байланысты санкциялар салынды. Нәтижесінде Мәскеудегі конференция өтті, алайда Дүниежүзілік отбасылар конгресі атынан емес және атауы өзгертілді.

Сондай-ақ CitizenGO мен HazteOir – 2013 жылы құрылған One of Us («Сен біздің бірімізсің») атты халықаралық еуропалық пролайф ұйымының мүшелері. One of us түсік жасату мен эвтаназияға қарсылық білдіреді, өмір үшін шерулер мен жыл сайынғы форумдар ұйымдастырады. Оған бүкіл Еуропа бойынша 47 пролиф-ұйым кіреді. One of Us өзін саясаттан тыс құрылым ретінде көрсетеді. Алайда осы мақалада оның кейбір мүшелері туралы айтылды және олардың саяси партияларға байланысы бар екені дәлелденді. Сондықтан олардың «біз саясатқа араласпаймыз» деген мәлімдемесі өте күмәнді.

Италиядағы серіктестері және Әзербайжан ландроматы

CitizenGO қамқоршылар кеңесінің ең беделді мүшелерінің бірі – италиялық саясаткер Лука Волонте. Ол Novae Terrae қорының негізін қалаушылардың бірі және оның бұрынғы президенті, сонымен қатар Dignitatis Humanae Institute (Адами құндылық институтының) бұрынғы төрағасы.

Novae Terrae қоры түсік жасату, бір жынысты неке және эвтаназия құқығына қарсы және «табиғи заңдармен» бекітілген адам құқықтарын қорғаумен айналысатынын мәлімдейді. Аталған ұйым Дүниежүзілік отбасылар конгресінің серіктесі.

CitizenGO – петицияның атын жамылған ультраконсервативті лобби
Лука Волонте (Wikimedia commons)

Dignitatis Humanae Institute (DHI) – үкіметтік емес католик ұйымы және аналитикалық орталық. Ол Италияда орналасқан, сондай-ақ Брюссельде де кеңсесі бар. Институт Еуропадан тыс жерде де жұмыс істейтін сияқты, себебі ұйымда Латын Америкасы бойынша аймақтық директор бар. Институттың негізгі құжаты – «Адами құндылықтардың жалпыға ортақ декларациясы». DHI христиан саясаткерлерін бүкіл әлемдегі адами құндылықтар бойынша парламенттік жұмыс топтарын үйлестіру арқылы қолдайды. Сонымен қатар институт түрлі зерттеу жүргізіп, қайырымдылықпен айналысады. Сайтта көрсетілгендей, қажеттілік үшін Институт жұмысының көп бөлігі жасырын түрде жариясыз жүргізіледі.

Қамқоршылар кеңесінің мүшелері мен институтты қолдаушылардың тізімі арасынан әйгілі америкалық консервативті саясаткер, Дональд Трамптың стратегиялық мәселелер жөніндегі бұрынғы аға кеңесшісі және Breitbart news басылымының бұрынғы төрағасы Стивен К. Бэннонды көруге болады. DHI Ватиканмен де тығыз байланысы бар. Ұйымның консультативтік кеңесі Нигерия, Германия, Франция, Италия, АҚШ, Шри-Ланка, Гвинея және Қытай кардиналдарынан тұрады, олардың бір бөлігі – Ватикан дипломаттары. Институттың Ресей консервативті қозғалысының өкілдерімен де байланысы бар. 2012 жылы DHI кеңсесінің Римде ашылу салтанатында бізге таныс Алексей Комов сөз сөйлеген еді.

CitizenGO қамқоршылар кеңесінің мүшесі Лука Волонте 2008 жылдан 2013 жылға дейін Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) мүшесі болды. Айта кетейік, оның сыбайлас жемқорлыққа қатысты ЕКПА тарихындағы ең үлкен даудың біріне қатысы бар. Волонте ЕКПА-дағы ең ірі саяси топтың, нақты айтқанда, Еуропа халықтық партиясының жетекшісі ретінде Еуропа кеңесінде Әзербайжанның мүддесін қолдап, сол үшін 2,4 миллион еуроға жуық пара алды деп айыпталды. Волонтеге қарсы тергеуді 2014 жылы (кейбір мәліметтер бойынша 2013 ж.) Милан прокуратурасы бастады. Қаржы полициясы оның банк шотына оффшорлық компаниялардан ақша аударымдары жасалғанын анықтаған. Айтпақшы, ақшаның көп бөлігі (1,9 миллион еуро) сол кезде Novae Terrae қорына аударылды, ол кезде оның президенті Волонте еді. 2016 жылдың жазында ол сыбайлас жемқорлық үшін ресми түрде айыпталды. Сол жылдың соңында «Еуропалық тұрақтылық бастамасы» аналитикалық орталығының егжей-тегжейлі баяндамасы шығады, онда Волонте ЕКПА-да Әзербайжандағы саяси тұтқындар мәселесін талқылауды қалай тежеп отырғаны туралы айтылған.

Кейінірек OCCRP тергеуі Әзербайжандағы билік элитасы мен бірқатар еуропалық саясаткерлердің қатысы бар жемқорлықтың үлкен схемасын анықтайды. Схема «Әзербайжан ландроматы» деген атқа ие болады. Лука Волонтенің ісі – осы үлкен схеманың бірі бөлігі ғана.

2018 жылдың ақпан айында Волонте Миланның бірінші сатыдағы сотының шешімімен ақшаны жылыстатты деген айыптан ақталып шығады. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс әлі де соттың қарауында сияқты. Волонтенің іс-әрекеті туралы Еуропа Кеңесінің тәуелсіз тергеу органы дайындаған «ЕКПА-дағы сыбайлас жемқорлық туралы» есебінде егжей-тегжейлі жазылған.

Бір қызығы, 2012 жылы «Еуропалық тұрақтылық бастамасы» аналитикалық орталығы «Уылдырық дипломатиясы: Әзербайжан Еуропа кеңесін қалайша үндетпей қойды» деген баяндама жариялады. Онда ЕКПА-да әртүрлі елдердің депутаттарынан құралған Ильхам Әлиевтің авторитарлық режимнің қолдайтын ұяшық пайда болғаны туралы айтылған. 2018 жылы Еуропа Кеңесі сыбайлас жемқорлық дауына қатысы бар 14 мүшесін өз қатарынан шығарып тастады.

CitizenGO-дағы басқа тұлғалар

Жоғарыда аталған адамдардан басқа, CitizenGO қамқоршылар кеңесінде тағы бірнеше адам бар.

Гуалберто Гарсия Джонс Personhood alliance президенті, адам құқықтары жөніндегі америкааралық желінің негізін қалаушы, адам құқықтары жөніндегі халықаралық топтың атқарушы директоры, сондай-ақ Америка мемлекеттері ұйымы жанындағы Қасиетті тақтың тұрақты бақылаушысының адам құқықтары жөніндегі кеңесшісі. Сонымен қатар ол АҚШ-тағы Wall to wall construction Inc құрылыс бизнесінің негізін қалаушылардың бірі. Personhood alliance деген – АҚШ-та орналасқан «библиялық дүниетанымды XXI ғасырда» қолдайтын тәуелсіз пролайф ұйымдардың конфедерациясы. Адам құқықтары жөніндегі америкааралық желі де, адам құқықтары жөніндегі халықаралық топ та негізінен отбасыны қорғауға, дін еркіндігі мен өмір сүру құқығымен (түсік жасатуға қарсы) айналысады.

Алехандро Бермудез – қоғаммен байланыс маманы, ACI Prensa католик ақпараттық агенттігінің атқарушы директоры, EWTN католик ТВ-желісінің жаңалықтар бөлімінің директоры.

Карлос Поло Саманьего – Популяцияны зерттеу институтының Латын Америкасы бойынша филиалының директоры. Бұл коммерциялық емес пролайф-ұйым «планетада адам саны шамадан тыс болып кетті деген мифті әшкерелеумен» айналысады.

Бланка Эскобар – HazteOir Директорлар кеңесінің және CitizenGO қамқоршылар қорының хатшысы.

P.S.

Негізі CitizenGO HazteOir-мен байланысы бар ұйымдар әлдеқайда көп, егер олармен үлестес тұлғалардың барлық байланыстарын ескеретін болсақ, онда дүниежүзі бойынша ультраконсервативті және консервативті топтардың бұдан да үлкен желісін көруге болады. Бұл мақалада біз тек негізгі байланыстарға назар аудардық.

Көріп отырғанымыздай, ұйымдарға көп қаражат түседі, ал олардың басым бөлігі түрлі науқандарға жұмсалады. Олар, көбіне, вакцинацияға қарсы, гомофобиялық және антифеминистік бағытта. Осы орайда қазақстандық петицияға қойылған қолдардың көп санын осымен де түсіндіруге болатын сияқты. Алайда себеп тек мұнда емес. Мысалы егер сіз петицияға қатысып, электронды мекенжайыңызды бір рет қалдыратын болсаңыз, онда кейін басқа да петицияларға өз тіліңізде қатысу ұсыныстары келе бастайды. Біз де тексеріп көрейік деп, петициялардың біріне қол қойдық: 60 күннің ішінде біздің поштаға басқа петицияларға қол қоюға 56 ұсыныс келіп түсті.  CitizenGo-ның e-mail-маркетингі жолға қойылған екен.

Бір жағынан қарасаңыз, мұндай консервативті желіде ешқандай қылмыс (егер сыбайлас жемқорлыққа қатысты дауды есептемесе) әрекеттері жоқ, алайда өзін адам құқықтарын қорғаушы деп атайтын қозғалыстың артында ультраоңшыл популист күштер, вакцинация мен жыныстық білім алуға қатысты жаппай дезинформациямен айналысатын, гомофобиялық және трансфобиялық мәлімдемелер жасайтын үгіт-насихат топтары тұр. Оларға бөлінген ақша да аз емес. Түрлі көзқарастағы қоғамда мұндай жобаларға сақтықпен қарау керек. Себебі олар бастапқыда өздерін саясаттан тыс екенін айтып, кейін нақты саяси мүдделерді насихаттаумен айналысады.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz