«Алиса» және «кейінге қалдырылған эвтаназия» туралы фейк қайдан шықты?

Өткен айдың соңында әлеуметтік желі мен мессенджерлерде «Яндекс» компаниясының «Алиса» атты дауыстық көмекшісінің видеосына қатысты шу басталды. Видеода көмекші «вакцинация мен кейінге қалдырылған эвтаназия деген не?» деген сұраққа «вакцинация – адамды ақырындап өлтіретін құрал», «вакцинация атын жамылып, дүниежүзінде «артық» халықтың жаппай эвтаназиясы мен зарарсыздандыруы жүргізіледі» деп жауап береді.

Тарап жатқан видео

Алисамен болған қысқа диалог интернетте тез тарап, вакцинацияға қарсы адамдардың назарын ерекше аударады. Енді олардың айтуынша, «вакцинаға қатысты қорқынышты шындықты» жасанды интеллекттің өзі айтты.

Төмендегі Google Trends графигінен сәуір айының соңынан бастап Қазақстан мен Ресейде «кейінге қалдырылған эвтаназия» деген сөз тіркесін іздеу қаншалықты өскенін көруге болады (осы тұста еске сала кететін жайт, сарымсақ суы туралы жалған ақпарат өткен жылы ең көп тараған фейк еді).

Енді осы тарап жатқан ақпаратты тексеріп, оның қайдан пайда болғанын егжей-тегжейлі түсіндіріп көрейік.

Үкім: Фейк

Негізі бұл ақпаратқа назар аудармаса да болатын еді, алайда оның халық арасында кең тарағаны соншалық, көптеген фактчекинг агенттіктері оны жоққа шығаруға мәжбүр болды. Мәселе видеоның рас-өтірігінде емес, бар гәп видеоны таратып жатқан интернет қолданушыларында. Себебі олар дауыстық көмекшінің интеллектуалды мүмкіндіктері мен оның шынайы және жалған ақпаратты ажырата алмайтынын білмейтін сияқты.

Біздің Voxukraine.org сайтындағы украиналық әріптестеріміздің түсіндіруі бойынша, Алиса сұрақтарға өз бетінше жауап бере алмайды және оның өз пікірі жоқ. Дауыстық көмекші бар болғаны арнайы алгоритмге сүйене отырып, сұрақтың жауабын интернеттен табады және дауыстап оқып береді. Алиса ақпараттың рас-өтірігін тексермейді. Мысалы біз тексеріп отырған видеода ол жауапты ВКонтакте әлеуметтік желісінен тапқан, ал бұл әлеуметтік желіні сенімді ақпарат көзі деп айту қиын (не керек, Алиса мұны да ескертеді).

Былай айтқанда, дауыстық көмекшінің айтқанын шындық деп қабылдамау керек. Ол тек жауап іздеуші құрал, сондықтан кез-келген адам сияқты ол да не шын, не жалған ақпаратқа тап болуы мүмкін.

Мысалы біз Алисадан «кейінге қалдырылған эвтаназия деген не?» деп сұрадық, нәтижесі келесідей:

«Алиса» және «кейінге қалдырылған эвтаназия» туралы фейк қайдан шықты?
Редактор Павел Банников пен Алиса арасындағы диалогтың скриншоты

Көріп тұрғандарыңыздай, біздің жағдайда дауыстық көмекші вакцинацияның қарсыластарына ұнамайтын жауапты тауып отыр. Себебі Алиса Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап, дәл осы вакциналар мен кейінге қалдырылған эвтаназияға қатысты жалған ақпаратты жоққа шығарған мақаланы ұсынды. Демек Алиса өзінің бұрынғы тапқан жауабы қате екенін «түсінді».

Қорытынды: өз біліміңізді дауыстық көмекшілердің қолына беруге ерте.

Кейінге қалдырылған эвтаназия туралы фейк қайдан шықты?

Ғылыми ортада «кейінге қалдырылаған эвтаназия» деген ұғым жоқ. Бұл сөз тіркесін вакцинацияға қарсы адамдар ойлап тапты, олардың айтуынша, вакцина «баяу жарылатын бомба», екпе салынғаннан кейін адам белгілі бір уақыттан кейін «қайтыс болады». Бұл ғылыми да, клиникалық тұрғыдан да дәлелденбеген.

Stopfake.kz сайтындағы әріптестеріміз атап өткендей, эвтаназияны кейінге қалдыруға болмайды, себебі бұл емделмейтін аурудан зардап шегіп жатқан адамның азабын азайту мақсатында өмірін тоқтату дегенді білдіреді. Демек анықтаманың өзі айтып тұрғандай, эвтаназияны барынша жылдам істеу қажет.

Біз бұл сөз тіркесімен алғаш рет 2020 жылы желтоқсанның басында латвиялық фельдшер Марина Корнатовская туралы материал дайындаған кезде естідік. Марина ол кезде пандемия мен вакцина туралы көптеген жалған ақпарат таратып, орыс тілді аудитория арасында шу шығарған еді. Өзінің құрбысына жіберген алғашқы аудиожазбаларының бірінде Корнатовская ханым «вакциналар – кейінге қалдырылған эвтаназия» дейді.

Дегенмен «вакциналар – адамды ақырындап өлтіретін құрал» деген түрлі пікір бұған дейін де болған. Мысалы бұл туралы профессор Валентин Катасонов та айтқан. Вакцинацияға қарсы белсенділер кейде соның сөзін келтіреді.

Катасонов – экономика ғылымдарының докторы әрі түрлі қастандық теорияларының жақтаушысы. Ол кейде өз ой-пікірін интернетте, мысалы өзінің Youtube арнасында білдіріп отырады. Катасонов мырзаның медициналық білімі болмаса да, вакциналар туралы көп айтады.

Атап айтқанда, біз талдап жатқан видеодағы Алисаның жауабын кезінде осы Катасонов айтқан деседі. Мұның қаншалықты рас екені белгісіз, алайда жеке сөз тіркестері оның көптеген монологтарында кездеседі.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz