АҚШ армиясы мен Қазақстандағы ауру ошақтары: жалған ақпаратты талдаймыз

30 наурызында блогер Эльмира Вайс «АҚШ-тың Қазақстандағы құпия биозертханалары: жасырын фактілер» атты видео жариялады. Бұл роликте ол ресейлік «Еуразиялық сарапшылар клубының» есебін оқып береді. Онда АҚШ армиясы Қазақстан мен ТМД елдеріндегі ауру ошақтарына себепкер делінеді.

Аталған баяндама авторы — «Еуразиялық сарапшылар клубының» жетекшісі Никита Мендкович. Ол соңғы жылдары Қазақстандағы «америкалық биозертханалар» туралы жалған нарративті үнемі таратып жүрген тұлға.

Бейнероликте де, баяндамада да ешқандай «құпия» зертхана туралы нақты дерек келтірілмейді. Онда аталған  «америкалық зертханалар» деп отырғаны – Алматыдағы Ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығы (ҰАҚИҒО) мен Жамбыл облысындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (БҚП ҒЗИ). Бұл мекемелер бұған дейін де бірнеше рет жалған ақпарат пен манипуляцияның басты нысанына айналған болатын  (1, 2, 3, 4, 5, 6).

Factcheck.kz редакциясы оқырмандардың өтініші бойынша аталған есептегі негізгі тезистерді тексеріп көреді.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатердің алдын алу агенттігі (Defense Threat Reduction Agency — DTRA) мен республикада жұмыс істеген америкалық офицерлер 1972 жылғы биологиялық қаруды әзірлеуге тыйым салу туралы конвенцияны бұзды және биоматериалдарды контрабандалық жолмен алып өтті деген айып тағылған.

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Жалған 

Баяндамада 1972 жылғы биологиялық және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге және жинақтауға тыйым салатын  конвенцияныңбұзылғанын растайтын нақты ешқандай дәлел келтірілмеген. DTRA-ның қызметіне байланысты мұндай жалған айыптауларды бұған дейін де «Мифтер детекторы» басылымы жоққа шығарған. Айта кетейік, 1998 жылдан бері DTRA агенттігінің негізгі миссиясы – жаппай қырып-жою қаруының таралуын болдырмау және жаңа қауіптердің алдын алу.

Ал «биоматериалдардың контрабандасы» жөніндегі тұжырымды баяндама авторы былай дәлелдеуге тырысады: штамдар мен биоүлгілер америкалық әскери қызметкерлер арқылы дипломатиялық пошта арқылы жасырын түрде тасымалданған-мыс.

Дәлел ретінде автор АҚШ-тың Тбилисидегі елшілігі жариялаған екі құжатқа сілтеме жасайды. Біріншісі — бірлескен қауіп-қатерді азайту бағдарламасы аясында халықаралық тасымалдарға арналған нұсқаулық (1, 2), онда нақты тасымал фактісі туралы ешқандай мәлімет жоқ. Екіншісі — АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) Тбилисидегі елшілікке жолдаған жүк тізімі. Бұл құжатта көрсетілген биоматериалдар дипломатиялық жүк ретінде белгіленген.

АҚШ армиясы мен Қазақстандағы ауру ошақтары: жалған ақпаратты талдаймыз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен Америкалық биологиялық қауіпсіздік қауымдастығы (ABSA) инфекциялық заттарды дипломатиялық пошта арқылы тасымалдауға қатаң тыйым салатынын атап өткен жөн.

Алайда есепте көрсетілген жүк тізімінде тек тышқандардан алынған  иммундық сарысу мен Bartonella тұқымдас бактериялардың антигендері ғана көрсетілген. Иммундық сарысу да, бөлінген антиген де өздігінен ауру қоздырмайды. Сондықтан бұл биоматериалдарды инфекциялық заттарға жатқызуға еш негіз жоқ.

Халықаралық қауіпті жүктер классификациясына сәйкес, инфекциялық заттар – құрамында ауру тудыруы мүмкін патогенді организмдер бар немесе болуы ықтимал материалдар. Мұндай патогендер қатарына микроағзалар (бактериялар, вирустар, паразиттер, зеңдер) мен приондар секілді агенттер жатады. Олар адамға немесе жануарға жұғып, ауруға себеп болуы мүмкін.

Бұл құжаттарды алғаш рет 2018 жылы болгар журналисі Диляна Гайтанджиева жариялаған болатын. Ол бұған дейін де биозертханалар жөніндегі дезинформация таратуымен бірнеше рет көзге түскен. Редакциямыз 2022 жылы Украинаға қатысты «америкалық биозертханалар» туралы насихатты талдаған материалда оның атына арнайы тоқталған едік.

Айта кетейік, зертханалар арасындағы биоматериалдар алмасу- халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың қалыпты тәжірибесі. Бұл тәжірибе патогендерді бірлесе зерттеп, ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтап, алдын алуға мүмкіндік береді.

Ғылыми қауымдастық өкілдерінің көбі DTRA қызметі биологиялық қару жасауға бағытталғанын болжайды. […] Пентагон қаржыландыратын зерттеулер биоқару жасауға арналған.

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Манипуляция

Баяндамада сілтеме жасалған мақалада АҚШ Қорғаныс министрлігінің перспективалық зерттеулер агенттігі (DARPA) қаржыландырып жатқан ғылыми жоба сипатталады. Бұл жобаның мақсаты – арнайы вирустар арқылы дәнді дақылдардың гендерін тікелей егістік алқаптарында өзгертуге қабілетті жәндіктерді пайдалану. Мұндай технология өсімдіктерді гербицидтерге, қолайсыз ауа райына және зиянкестерге төзімді етуге көмектесуі мүмкін. Зерттеуді DARPA қаржыландырған. Мақала авторлары – АҚШ, Германия және Франция университеттерінің ғалымдары. Олар бұл технологияны ғылыми және қоғамдық талқылаусыз дамыту қоғам үшін белгілі бір қауіп тудыруы мүмкін екенін ескертеді. Сонымен қатар бұл құрал теория жүзінде биологиялық қару ретінде пайдаланылуы ықтимал екенін де жоққа шығармайды. Алайда DARPA-ның қандай да бір теріс пиғылы туралы нақты айып тағылмаған. Керісінше, зерттеушілер өз мақаласында: «Insect Allies бағдарламасын тек әскери ведомство қаржыландырғаны үшін оны қауіпті немесе жағымсыз деп бағалай алмаймыз», – деп нақты жазады.

2020 жылы маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктердің аса қауіпті инфекциялар орталығынан кететіні туралы шешім қабылдады, бірақ бұл шешімді АҚШ елемеді.

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Жалған

Баяндама сілтеме жасаған сұхбатта Тоқаев шетелдіктердің орталықтан кететіні туралы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Керісінше, ол сұхбатта былай дейді: «Бұрын біз америкалықтармен бірге Алматыдағы бұрынғы обаға қарсы институттың базасында биологиялық қауіпсіздік саласында жұмыс істедік. Алайда келісімшарттың аяқталуына байланысты, қазір олар референс-зертханадан кетті».

Сондай-ақ баяндамада АҚШ Әуе күштері қолбасшылығының өкілі Дэниэль Сингер «америкалықтар жұмысты шексіз жалғастырады» деп мәлімдегені айтылған. Алайда баяндамада сілтеме берілген құжатта мұндай мәлімдеме жоқ. Құжатта тек АҚШ-нтың Орталық референс-зертхана мен Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығына қолдау көрсетуді жалғастырып жатқаны айтылған. Атап айтқанда, бұл қолдау материалдық-техникалық жабдықтар мен құрал-жабдықтарды берумен шектеледі.

Еурокомиссияның бұрынғы сарапшысы, биолог Григор Григорян жуырдағы баяндамасында Армения мен Грузияда туляремия, сібір жарасы және африкалық шошқа обасының өршуіне назар аударады. Оның айтуынша, бұл аурулар табиғи жолмен тарауы мүмкін емес, өйткені олардың пайда болуы аймақтағы америкалық зертханаларда осы аурулар зерттелген кезеңмен тұспа-тұс келген.

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Манипуляция

Баяндама авторы бұл оқиғалар арасындағы нақты байланысты дәлелдейтін айғақ келтірмейді. Ол тек екі құбылыстың уақыт жағынан қатар келгенін атап өтеді. Алайда зерттеулердің сол кезеңде жүргізілгені рас болса да, Григорян екі оқиға арасында себеп-салдарлық байланыс орнатуға тырысып, «кейін болды – демек, соның салдары» деген логикалық қателікке бой алдырады. Ғылыми деректерге сүйенсек, туляремия мен сібір жарасының табиғи ошақтары Армения мен Грузияда бұрыннан бар (1, 2, 3). Бұл аурулардың уақытша өршуі – кеңес дәуірінен бері аймақта тіркеліпкеле жатқан қалыпты құбылыс. Ал африкалық шошқа обасы (АШО) расында алғаш рет 2007 жылы Грузияда, кейін Арменияда тіркелген. Алайда Тбилисидегі америкалық Лугар зертханасы тек 2011 жылы ашылған. 2008 жылы жарияланған зерттеулер АШО вирусының Грузияға Оңтүстік-Шығыс Африкадан таралғанын көрсеткен. Сондықтан бұл аурулардың таралуын қандай да бір жасанды немесе сырттан ұйымдастырылған әрекеттермен байланыстыруға негіз жоқ.

Айта кетейік, әріптестеріміз бұған дейін де Григор Григорян мен оның мәлімдемелерін бірнеше рет тексерген (1, 2).. Ол 2011 жылдың маусымынан қарашасына дейін Арменияның Азық-түлік қауіпсіздігі мемлекеттік қызметін басқарған. Алайда оның өмірбаянына қатысты ақпарат ашық дереккөздерде өте аз. БАҚ оны бірде вирусолог, бірде биологиялық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы деп атайды, ал өзі өзін «салалық сарапшы және қоғам қайраткері» ретінде таныстырады. «Азбука Медиа» фактчекерлерінің мәліметінше, Григорянның атымен тіркелген бірде-бір ғылыми мақала жоқ, сондай-ақ оны вирусолог ретінде растайтын ресми дәлел де табылмаған.

2009 жылы Оңтүстік Қазақстанда бруцеллез ауруының өршуі DTRA (АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіптілікті азайту агенттігі) Қазақстан мен Өзбекстанда осы ауруға қатысты зерттеу жүргізіп жатқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұған дейін, 2004–2007 жылдары елде бруцеллез деңгейінің біршама тұрақты төмендеуі байқалса, 2009–2013 жылдары үй жануарлары арасында індет ошақтарының күрт көбейгені тіркелген.

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Манипуляция

Бұл жерде де алдыңғы мысалдардағыдай, аурудың таралуы мен зертханалық зерттеулер арасында ешқандай нақты байланыс көрсетілмеген. Автор тек оқиғалардың уақыт жағынан сәйкес келгеніне сүйеніп, себеп-салдарлық байланысты дәлелдеуге тырысады. Алайда мұндай тәсіл – яғни «кейін болды, демек, соның салдары» деген логикалық қателік – ғылыми дәлел ретінде жарамайды. Қазақстан – бруцеллез бойынша эндемиялық ел. Яғни, бұл ауру барлық  облыста да адамдар мен жануарлар арасында тұрақты түрде тіркеліп отырады. Демек, мұндай эпидемиялық өршу үшін міндетті түрде сыртқы немесе жасанды фактордың қажеті жоқ – инфекция ошақтары табиғи ортада жеткілікті.

Бұдан бөлек, баяндамада сілтеме ретінде келтірілген ғылыми мақалалардың өзі автор тұжырымын нақтылай алмайды. Мысалы, «Бруцеллезге эпидемиологиялық қадағалау жүргізудің ақпараттық қамтамасыз етілуінің инновациялық тәсілдерін әзірлеу» атты мақалада2004–2007 жылдары адамдар арасындағы аурудың біршама төмендегені айтылғанымен, жалпы эпидемиологиялық жағдайдың күрделі күйде қалғаны көрсетілген.

Дәлел ретінде келтірілген ғылыми мақалалардың өздері де баяндама тұжырымын қолдамайтынын да айта кету керек. Мысалы, «Бруцеллезге эпидемиологиялық қадағалау жүргізудің ақпараттық қамтамасыз етілуінің инновациялық тәсілдерін әзірлеу» атты мақалада 2004–2007 жылдары адамдар арасындағы бруцеллездің аздап төмендегені айтылғанымен, жалпы тенденцияның жағымсыз күйде қалғаны көрсетілген.

  • АҚШ армиясы мен Қазақстандағы ауру ошақтары: жалған ақпаратты талдаймыз
  • АҚШ армиясы мен Қазақстандағы ауру ошақтары: жалған ақпаратты талдаймыз

Кейінгі генетикалық зерттеулер Жамбыл облысынан алынған бруцеллез штаммдарының Қазақстанның басқа аймақтарындағы түрлерден айтарлықтай айырмашылығы бар екенін көрсетті. Айта кету керек, дәл осы Жамбыл облысында АҚШ-тың DTRA агенттігімен әріптестік орнатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институты орналасқан. Зерттеу барысында анықталған штаммдардың арасында АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде кездесетін түрлермен туыстық байланысы бар үлгілер де табылған.

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Манипуляция

Баяндамада сілтеме жасалған зерттеу Brucella туысына жататын бактериялардың Қазақстанның әртүрлі өңірінен бөлінген 14 штаммын талдайды. Зерттеу нәтижесінде екі генетикалық кластер анықталған, яғни кейбір штаммдар туыстық жағынан бір-біріне жақынырақ болып шыққан. Қазақстандағы үлгілердің кейбірі Италия, Қытай, Португалия, Сицилия, Моңғолия және Бразилиядағы малдан алынған штаммдарға ұқсас екені анықталған. Зерттеушілер ең алдымен моңғолиялық штаммдармен байқалған ұқсастықты атап көрсетеді. АҚШ-та тіркелген штаммдармен де туыстық байланыс болған, бірақ мұндай жағдай тек алты рет кездескен. Ал Қытайдағы штаммдармен генетикалық ұқсастық он жағдайда байқалған. Демек, бұл мәліметтер АҚШ зертханаларының Қазақстандағы бруцеллездің таралуына ықпал етті деген тұжырымды дәлелдеуге негіз бола алмайды.

2014 жылы Конго-Қырым қанды безгегі (КҚҚБ) бір уақытта Қазақстанда, Грузияда және Ресейде тіркелді. Грузиядағы жағдай бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда ауыр болды. Санитарлық қызметтер індеттің негізгі тасымалдаушысы ретінде кенелерді атады. Бұған дейін, яғни 2013 жылы, DTRA Қазақстанда кенелер арқылы КҚҚБ таралуын зерттеуге бағытталған KZ-29 жобасын бастаған еді.

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Манипуляция

Алдыңғы мысалдардағыдай, бұл жерде де баяндама авторы «кейін болды – демек, соның салдары» деген логикалық жаңсақтыққа жол береді. Тағы да аймаққа тән эндемиялық инфекция мысал ретінде алынған. Айта кету керек, иксод кенелері – Конго-Қырым қанды безгегі вирусының негізгі табиғи тасымалдаушылары. Вирус ауру малдың қаны арқылы да жұғуы мүмкін, алайда басты қауіп көзі – кенелер. Сондықтан зерттеу жобасында осы жәндіктерге баса назар аударылғаны заңды құбылыс.

Сонымен қатар, 2014 жыл солтүстік жарты шар үшін климаттық тұрғыда аномальды жылы болды. Бұл жағдай кенелердің көбеюіне және белсенділігінің артуына әсер етті. КҚҚБ-ға қарсы вакцина әзірге жоқ және аурудың алдын алу шаралары шектеулі екенін ескерсек, індеттің өршуі – күтпеген құбылыстан гөрі, табиғи процестің салдары.

[…] аймақтың фаунасы мен жергілікті ауруларды биологиялық қару ретінде қолдану мүмкіндігін бағалау үшін, сырттан әкелінген індеттің сол өңірдің климаттық және зоологиялық жағдайында қалай таралатынын зерттеу қажет. Бұл үшін індеттің табиғи тасымалдаушыларына жұқтыру жүргізілуі тиіс, ал бұл өз кезегінде адамға жұғу қаупін арттырады. 2017 жылдың көктемінде профессор Гэвин Смит пен доктор Ян Менденхолл DTRA тапсырысы бойынша Түлкібас ауданындағы екі нүктеде жарқанаттардан коронавирус үлгілерін зерттеген.

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Манипуляция

SARS-CoV-2 коронавирусының Қазақстандағы зертханадан «тарағаны» жөніндегі мәлімдемені біз 2020 жылдың өзінде жан-жақты зерттеп, терістегенбіз. Қысқаша айтқанда: 2017 жылы зерттеушілер тобы Қазақстан аумағында жарқанаттардан коронавирус үлгілерін жинап, зерттегені рас. Алайда бұл зерттеу COVID-19 вирусына емес, мүлде басқа топқа жататын альфа-коронавирустарға қатысты болды. Ал COVID-19 вирусы — бета-коронавирустар тобына жатады. Бұл жұмыс MERS вирусына арналған халықаралық ғылыми жоба аясында жүргізілген, әрі зерттеу тобының негізгі бөлігін қазақстандық мамандар құраған.

Бұл ақпарат кейбіреулер айтып жүргендей, АҚШ-та 2015 жылы адамға аса қауіпті коронавирус түрін қолдан жасап шығару бағытында зерттеулер жүргізілгені туралы мәлімдемелермен үндесетіндей көрінеді…

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Манипуляция

StopFake.org фактчекерлерінің мәліметінше, АҚШ зертханаларында жарқанаттардан табылған SHC014-CoV вирусының зерттелгені рас. Алайда бұл вирустың COVID-19-ды тудыратын SARS-CoV-2 вирусымен ешқандай байланысы жоқ. SHC014-CoV тек ғылыми мақсатта, нақтырақ айтқанда, оның адам жасушалары мен зертханалық тышқандарға жұғу мүмкіндігін бағалау үшін зерттелген. Пандемия басталғаннан кейін ғалымдар SARS-CoV-2 мен SHC014-CoV-тың геномдары бір-бірінен түбегейлі айырмашылыққа ие екенін бірнеше мәрте нақтылаған. SARS-CoV-2 вирусының толық геномы әлемнің түрлі елдерінде зерттеліп, ашық қолжетімді ғылыми дерекқорларда жарияланған. Бұл деректерде SHC014-CoV-пен ешқандай сәйкестік табылған жоқ.

Ал патогендердің функцияларын  күшейтуге бағытталған зерттеулер бұл нақты жағдайда жүргізілген-жүргізілмегені белгісіз. Дегенмен мұндай зерттеулер ғылымда кеңінен қолданылады және стандартты тәжірибеге жатады. Бұл тәсіл патогендердің ортаға бейімделуін түсінуге, аурудың таралу жолын болжауға және вакцина мен емдеу тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді.

[SARS-CoV-2 коронавирусының] қолдан жасалғанын растайтын дәлел бар деген пікірді кейбір беделді сарапшылар да айтып жүр.

Баяндамадағы тұжырым

Үкім: Дәлелденбеген

Бүгінгі күнге дейін SARS-CoV-2 вирусының қолдан жасалғаны немесе табиғи жолмен пайда болғаны туралы нақты, сенімді дәлел табылған жоқ. Алайда жанама белгілердің басым бөлігі вирустың жануарлардан адамға жұғатын (зооноздық) табиғи шығу тегін меңзейді. Осы тұжырымды халықаралық ғылыми қауымдастықтың көпшілігі қолдайды.

Қорытынды

Эльмира Вайс жариялаған видео мен ол сілтеме жасаған баяндама – арнайы дайындалған пропагандалық материалдың айқын мысалы.

Онда айтылған бірнеше тұжырым халықаралық ғылыми қауымдастық пен кәсіби фактчекерлер тарапынан бұрыннан бірнеше мәрте теріске шығарылған. Баяндамада келтірілген көптеген мәлімдеме – фактілерді іріктеп беру, логикалық манипуляция және себеп-салдар байланысын бұрмалау арқылы жасалған. Ғылыми зерттеу үдерісінің стандартты кезеңдері мен әдістері әдейі астыртын әрекет ретінде көрсетілген.

Мұндай материалдар ғылыми құндылықтан ада және биологиялық қауіпсіздік саласындағы ғылым мен халықаралық ынтымақтастыққа сенімсіздік тудырады. 

лингвистка, фактчекерка

Factcheck.kz