Абайлаңыз, алаяқтар! Интернетте жалған дәрі жарнамаланып жатыр

Интернетте қан қысымын қалпына келтіретін “Артерио” дәрісі жарнамаланып жатыр. Жарнама жарияланған сайтта “Астарлы Ақиқат” ток-шоуында медицина саласының мамандары мен дәрігер Юрий Пяның “Артерио” деп аталатын дәрі туралы жағымды пікір білдіргені көрсетілген. Бірнеше жарнамалық мәтіннен кейін дәріні жеңілдікпен сатып алу үшін қолданушының аты-жөнін және телефон нөмірін қалдыруды сұрайтын ұяшық пайда болады.

Абайлаңыз, алаяқтар! Интернетте жалған дәрі жарнамаланып жатыр

Factcheck.kz жарнама жарияланған сайттағы ақпаратты талдап, ақ-қарасын ажыратуды жөн деп шешті.

Үкім: Алаяқтық

Біріншіден, сайтта көрсетілген мекеме атауы да, ток-шоу қонақтарының аты-жөні де жалған. Мысалы, Қазақстанда Бас фармацевт лауазымы, сәйкесінше оның орынбасары да жоқ. Елімізде бұл салаға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және Фармацевтикалық бақылау комитеті жауап береді, оның төрағасы – Бауыржан Байсеркин. Ары қарай медицина саласының өкілдері ретінде әзілкеш Елдос Қадірханов пен «Жігіттер» квартетінің экс-әншісі Ердос Қанаевтың суреті көрсетілген. Ал жүрек-қан тамыры бойынша Ресейдің Бас хирургі деп көрсетілген қазақстандық дәрігер Юрий Пя 2019 жылы өзіне қатысты дәл осындай сипатта тараған жарнамаға қатысы жоқ екенін айтып, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының ресми парақшасында бейнежазба жариялаған.

Абайлаңыз, алаяқтар! Интернетте жалған дәрі жарнамаланып жатыр

Екіншіден, жарнама жарияланған сайт доменінің аталған ток-шоу көрсетілетін “КТК” телеарнасына қатысы жоқ. Бұл шығарылымды арнаның ресми сайтынан да, YouTube-арнасынан да таба алмадық.

Үшіншіден, дәл осыған ұқсас алаяқтық схема туралы 2020 жылы материал жарияладық, айырмашылығы, ол кезде Ресей, Украина, Өзбекстан және Қазақстан Бас фармацевтінің орынбасары Кристина Сомова гипертонияны емдейтін “Артериале” деп аталатын дәріні жарнамалаған. 

2019 жылы Ресей денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Академик Е. И. Чазов атындағы Ұлттық кардиология медициналық зерттеу орталығы ресми мәлімдесінде дәл осындай сипаттағы жарнамаға қатысы жоқ екенін, “Артерио” және басқа да бірқатар препараттың сауда атауымен де, химиялық атауымен де тіркелмегенін хабарлаған.

Төртіншіден, тіркелген дәрілердің мемлекеттік реестрінен “Артерио” табылмады. Бұл оның Қазақстан аумағында сертификатталмағанын көрсетеді.

Желіде “Артерионы” сатуға арналған басқа бірнеше сайтты табуға болады. Алаяқтар танымал адамдармен жалған сұхбаттары және ойдан шығарылған заңнамаларға сілтеме жасап, бірыңғай жағымды пікірлер көрсеткен.

Күмәнді медициналық өнімдерді сататын алаяқтардың құрбаны болмас үшін: 

  • Әрқашан браузердің мекен-жай жолағындағы сілтемеге назар аударыңыз. Мысалы, мемлекеттік органдардың сайтының ресми мекен-жайы — www.gov.kz. Жалған сайттар көбіне қазақстандық емес домендерде орналасады, атауы ұзақ және арасында сандар мен символдар болады.
  • Дәрігерлер белгілі бір дәрілік қасиеті бар препаратты сирек жарнамалайды, өйткені бұл медициналық этиканы бұзуы мүмкін. Егер препаратты дәрігер жарнамалаған болса, іздеу жүйесіне аты-жөнін енгізіп, дәрігер жөнінде толыққанды ақпарат алыңыз.
  • Дәрі-дәрмектің барлығының дерлік кері әсері болады. Егер сізге ұсынылған дәрінің ондай сипаты барын көрмесеңіз — бұл күмәндануға тұрарлық дүние. 
  • Осы тектес жарнама бірқатар аурулардан, тіпті созылмалы аурулардан тез уақытта арылуға уәде береді. Бірақ медицинаның мүмкіндіктері әлі ондай деңгейге жеткен жоқ.
  • Қазақстанда сертификатталған дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар туралы ақпаратты сайттан тексеріңіздер. Өзіңізге беймәлім дәрі-дәрмектерді сатып алудан сақ болыңыз.

Материалды дайындауға атсалысқан: Бағдат Сұлтан

Материалды дайындау барысында жарнама жариялаған сайттар істен шыққан немесе бұғатталған. Біздің сүйікті оқырмандарымыз алаяқтардың құрбаны болмасын деген ниетпен материалда тағы бір алаяқтық схеманы егжей-тегжей талдап, назарларыңызға ұсындық.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz