Хакерлер Қазақстанның білім беру порталдарына шабуыл жасады

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мемлекеттік техникалық қызметі Қазақстандағы білім беру платформаларына хакерлердің шабуыл жасағанын хабарлады.

Мемлекеттік орган ақпарат қауіпсіздігіне мониторинг жүргізген кезде Kundelik.kz және Bilimland.kz білім беру платформаларына DDoS (шабуыл платформаға бірнеше компьютерден жасалған уақыт-ред.) шабуылы жасалғаны белгілі болды.

Департаменттің мәліметінше, Kundelik.kz порталына шабуыл жасалғаннан соң сегіз минуттан кейін Bilimland.kz cайтына DDoS шабуылдары тіркелген. KZ-CERT сервисінің сарапшыларының айтуынша, екі шабуылдың бір-бірімен байланысы бар. Сонымен бірге хакерлер сабақтың қашықтан оқыту кезеңінде порталдардың жұмысын бұзуды жоспарлаған.

Анализ барысында DDoS-шабуылдар көптеген IP адрестен жасалғаны анықталды. Ведомства хакерлердің шабуылы ҰҚК мемлекеттік техникалық қызметінің қорғау аппаратының көмегімен тоқтатылғанын айтты. Сонымен бірге шабуылдар портал жұмысының сапасына әсер етпеген.

Бұл білім беру сайттарына жасалған бірінші шабуыл емес. Осыған дейін OnlineMektep платформасына Қазақстан интернетінің тарихындағы ең үлкен цифрлық шабуылдардың бірі жасалды. DDoS шабуылының мықты болғаны сонша, сайт жұмысына он есе ауыртпалық түсірген. Платформа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық қорғауының арқасында атакаға төтеп берді.

Осыған дейін ZOOM платформасында сабақ уақытында белгісіз біреулер порнография қосқан. Мұндай жағдай Қазақстанда екі рет қайталанды.

  • Kundelik.kz – Қазақстандағы мектеп оқушыларының электрондық күнделігі.
  • Bilimland.kz – Білім беруге қажетті контентті жасаумен, оны бейімдеумен және соған қатысты технологиялар мен қызметтерді таратумен айналысады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz