Тоқаев Қазақстан-Түркия сауда айналымы жайлы рас айтты ма?

20 мамырда Тоқаев Түркия Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушты қабылдады. Кездесу барысында Тоқаев Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі екеніне тоқталып, екі ел арасындағы сауда айналымы бойынша статистикалық деректер келтірді. Тоқаевтың мәлімдемесін тексеріп көрдік.

Мәлімдеме: Жалпы, Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Сонымен қатар басты 10 инвестордың қатарына кіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

2023 жылғы деректер бойынша, Түркиямен Қазақстанның жалпы сыртқы саудасының 4,29%-і жасалған. Осылайша, Түркия Қазақстанның ірі бес сауда серіктестірінің ішінде Оңтүстік Кореядан аз ғана айырмашылықпен 5-орында. Оңтүстік Кореямен жасалған сауда айналымы 6 млрд 21 млн доллар болса, Түркиямен сауда айналымы 6 млрд 9 млн доллар. Қазақстанның жалпы сыртқы сауданың 22,5%-і Қытаймен, 18,6%-і Ресеймен, одан кейінгі орында 11,5%-і Италиямен және 4,30%-і Оңтүстік Кореямен жасалған.

Ұлттық банк дерегіне сай, 2023 жыл бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша Түркия 10-орында. Жалпы Қазақстанға Түркиядан тартылған инвестиция мөлшері 2023 жылы 137,4 млн АҚШ доллары болды.

Мәлімдеме: Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 6 миллиард долларға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан-Түркия сауда айналымы 6 млрд АҚШ доллары болған. Бұл жолы да екі ел деректерінде айырмашылық бар — Түркияның статистика институтының дерегіне сәйкес, сол уақыттағы тауар айналым 6,4 млрд АҚШ доллары болған.

Кейінгі 5 жыл бойынша Қазақстан-Түркия сауда айналым көрсеткіштері төмендегідей болды.

Factcheck.kz