Депутат Берденов тұрғын үймен қамтамасыз ету нормалары туралы не деді?

22 қарашада өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Руслан Берденов тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда тұрғын үй алу мәселесі жылдан жылға қиындап бара жатыр. БҰҰ дерегі бойынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету нормалары бір адамға 30 шаршы метр болу керек дейді депутат. Ал Қазақстандағы көрсекіш қалалық тұрғындар үшін 23,4, ауылдықтар үшін 19,8 шаршы метр. Аталған деректерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: БҰҰ халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету нормаларына сәйкес, бір адамға 30 шаршы метр бөліну қажет.

Руслан Берденов, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

БҰҰ дерегінше, расымен де халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету нормасы бір адамға 30 шаршы метрді құрайды. Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 25-бабына сәйкес, әрбір адам өзінің және отбасының денсаулығы мен әл-ауқатын сақтау үшін тұрғын үймен қамтамасыз етілуге құқылы.

Мәлімдеме: Қазақстандағы көрсеткіш қалалық тұрғындар үшін 23,4 шаршы метр, ал ауылдық тұрғындар үшін 19,8 шаршы метр

Руслан Берденов, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету 23,4 шаршы метрді құрады. Оның ішінде қалалық жерлерде 25,8 шаршы метр, ауылдық жерлерде 19,8 шаршы метрге жетті.

2022 жылы тұрғын үйлердің саны 2 493 685 бірлік болса, оның ішінде қалада 1 019 357 бірлік, ауылда 1 474 328 бірлік.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz