Балалар тұтынатын тамақ өнімдерінің 72%-іне тыйым салынған ба?

25 қаңтарда өткен сенат отырысында депутат Бибигүл Жексенбай Қазақстандағы жасөспірімдер мен балалар тұтынатын азық-түлік өнімдеріне қатысты бірнеше мәлімдеме жасады. Депутаттың сөзінше Қазақстанда балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72%-і Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тыйым салған азық-түлікке жатады. Factcheck.kz редакциясы депутаттың сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеріп көрді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 1:15:20)

Мәлімдеме: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адамдар өліміне әкелетін факторлардың 60%-ы сапасы нашар, қауіпті қоспалармен әзірленген тағамдар кесірінен болады.

Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай

Үкім: Манипуляция

ДДСҰ-ның бағалауынша әр жылда микроағзалармен және химиялық қоспалармен уланған тамақтарды тұтынудан 600 млн адам, яғни Жердің әрбір 10-тұрғыны ауруға шалдығады және жыл сайын 420 мың адам қайтыс болады (2020 жылғы дерек).

Бұл статистиканы жалпы өлім көрсеткішімен сәйкестендірсек, 2019 жылы әлемде 55.4 млн адам қайтыс болған. Қауіпті қоспалармен әзірленген тағамдар кесірінен болған өлім 420 мың болса, бұл сол жылы болған өлім көрсеткішінің 0,75%-і.

Депутат мәлімдегендей зиянды қоспалардан әзірленген тағамдар адам денсаулығына қауіпті екені рас. Алайда, адам өліміне әкелетін факторлардың 60%-і қауіпті қоспалармен әзірленген тағамдар кесірінен емес.

Депутаттың нақты қай дерекке сүйенгені анық емес. Сол себепті бірнеше ақпартты салыстырып көрдік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2001-2002 жылдар аралығында жүргізген зерттеуіне сәйкес, адамдардың денсаулығы мен өмір сапасына кері әсер ететін факторлардың 60%-і өмір салтына байланысты. Яғни адам денсаулығына кері әсер ететін факторларға тек дұрыс тамақтанбау немесе депутат айтқандай құрамында зиянды қоспалары бар тағамдарды тұтыну ғана емес, спортпен айналыспау, темекі мен алкоголь өнімдерін тұтыну жатады.

ДДСҰ 2005 жылы жариялаған тағы бір зерттеуде әлем бойынша 60% өлім себебі инфекциялық емес аурулардан болады делінген. ИЕА-дың туындауына жоғарыда айтылған себептер әсер етеді. Яғни 60% өлім тек зиянды қоспалардан дайындалған тамақ кесірінен деп айту дұрыс емес. Ұйымының жаңартылған дерегінше, әлемде жыл сайын қайтыс болу себетерінің 74%-і инфекциялық емес аурулардан болады. ИЕА болатын өлім қауіпін алкоголь, темекі өнімдері, физикалық белсенділіктің төмен болуы және дұрыс тамақтанбау өршіте түседі.

Депутат осы деректерді меңзесе керек.

Мәлімдеме: Қазақстандағы өлім-жітімнің 90%-ға жуығы жұқпалы емес ауруларға байланысты.

Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай

Үкім: Шындыққа жақын

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кейінгі деректеріне сай, Қазақстанда инфекциялық емес аурулардан (ИЕА) болған өлім көрсеткіші жалпы өлім-жітімнің 78,6%-і.

Ұйымның 2021 жылға арналған баяндамасына сәйкес, ИЕА себебінен (қан айналым жүйесінің аурулары, ісіктер, ас қорыту органдарының аурулары, тыныс алу органдарының аурулары, жазатайым оқиғалар тағы да басқалары) болған өлім көрсеткіші 143 341 жағдайға жеткен. Бұл жалпы өлімнің 78,6%-і.

Деректерге сай, пандемияға дейін ИЕА-дан болған өлім көрсеткіші 85%-тен көп болған. Тек 2021 жылы инфекциялық емес аурулар себебінен болған өлім көрсеткші 80%-тен төмендеген. ДДСҰ-ның 5 жыл бойынша деректері келесідей;

Пандемия кезіндегі елдегі өлім-жітім себептері қандай болғанын мына сілтемеден оқи аласыз.

Мәлімдеме: Елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72%-і ДДСҰ тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады екен.

Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай

Үкім: Шындық

ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының 2019 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда теледидардан жарнамаланатын балалар өнімдерінің 72%-і Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдамаған өнімдер тізіміне жатады.

ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының 2019 жылы жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда телеарналардан көрсетілетін барлық жарнаманың 36%-і балалар өніміне жасалған жарнама және олардың 72%-і денсаулық сақтау ұйымының тамақтану критерийлеріне сәйкес емес. Сонымен қатар зерттеуге сәйкес, Қазақстанда балалардың 65,5%-і (демалыс күндері 80,5%-і) күніне кемінде 1 сағат теледидар қарайтыны анықталды. Зерттеуде Қазақстанда телеарналардан көрсетілетін әрбір үшінші жарнама азық-түлік өнімдері мен сусындар екені және жалпы жарнамалатын азық-түліктің 79%-і ДДСҰ-ның зиянды өнімдер санатына жататыны анықталған.

Балалар тұтынатын тамақ өнімдерінің 72%-іне тыйым салынған ба?

Мәлімдеме: ДДCҰ-ның тамақ өнімдеріндегі қант пен тұздың құрамы 5%-дан аспауы жөніндегі қаулысы қатаң орындалуы тиіс.

Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай

Үкім: Дәлелденбеген

ДДCҰ ұсынысына сай, тұзды тұтыну мөлшері күніне 5 грамм болуы керек делінген. Алайда тағам құрамында тұз мөлшері қанша процент болуына қатысты ақпарат жоқ.

Ал тағамдағы қант мөлшері кемінде 10% болуға тиіс. Нұсқаулықта қант мөлшерін 5%-ке дейін азайту денсаулықты нығайтады делінген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда тұзды тұтыну күніне 17 грамм, бұл ДДСҰ-ның ұсынылған мөлшерінен шамамен 4 есеге көп. Ұйым мәлімдесіне сай, бұл көрсеткіш әлем елдері бойынша тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш.

Мәлімдеме: Бүгінде әлемде зиянды тағамға қосымша салық салу практикасы айтарлықтай кең тараған. Соңғы он жылда мұндай салық Дания, Норвегия, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және басқа да елдерде бар. Осы салық түрі енгізілген елдерде өндірушілер мен сатушылардың 70%-і зиянды және қосымша салық салынатын өнімдерді қысқартты.

Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай

Үкім: Манипуляция

Депутат айтқандай зиянды өнімдерге қосымша салық салу тәжірбиесі басқа елдерде қолданылатыны рас. Алайда барлық салық енгізілген елде зиян өнімдер өндірісі қысқарды деп айтуға келмейді.

Зиянды немесе құрамында көп мөлшерде қант пен тұзы бар өнімдерге қосымша салық салу тәжірбиесі көптеген мемлекетте қолданылатыны рас. Дегенмен бұл практиканың тиімділігі күмәнді. Депутат тілге тиек еткен мемлекеттер тәжірбиесін талдап көрейік.

Ең алдымен зиянды өнімдерге салынатын салықтың бірнеше жекелеген түрлері болатын ескеру керек. Мәселен Мексикада қант салығы енгізілген. Бұл салық түрі барлық құрамында қанты бар алкогольсіз сусындарға салынады. Салық 2014 жылы енгізілген, 2 жыл ішінде Мексикада құрамында қанты бар сусындарды тұтыну шамамен 7,6%-ке азайған.

Қант салығы енгізілгеннен кейін Францияда алкогольсіз сусындарды тұтыну бір жыл ішінде адам басына 3-3,5 литрге дейін, шамамен 12%-15%-ке төмендеген.

Алкогольсіз сусындарға, балмұздақ пен кондитерлік өнімдерге салық салған Финляндияда кондитерлік өнімдерге сұраныс 4%-ке, балмұздақтарға 3,9%-ке және сусындарға сұраныс 3,8%-ке төмендеген.

Венгрияда салық салына бастаған 2011-2013 жылдар аралығында тәтті кәмпиттерді тұтыну 15,1%-ке дейін, десерттерді тұтыну 10,88%-ке және алкогольсіз сусындарға сұраныс 14%-ке дейін азайған.

Норвегияда да қант салығы енгізілген. Елде шоколад өнімдері мен алкогольсіз сусындарға қосымша салық салынады. 2019 жылы жарияланған зерттеу нәтижесіне сәйкес, Норвегияда шоколад өнімдеріне сұраныс 23%-ке, ал алкогольсіз сусындарға сұраныс 11%-ке азаюы мүмкін екенін көрсетті.

Данияда 2011 жылы майлы өнімдерге қосымша салық енгізілген. Елде майлы тағамдардан бөлек, майдың ең төменгі мөлшері бар өнімдерге де (өсімдік майы, сары май, ірімшік т.с.с) қосымша салық салынды. Салдарынан елде азық-түлік бағасы қымбаттаған. Алайда бұл салық түрі бір жылдан кейін алынып тасталды. Билік оның себебін салық енгізудің тиімсіз болуымен түсіндірді. 1 жыл көлемінде жүргізілген салық нәтижесінде құрамында қанық майлар бар өнімдерді сатып алу 10-15%-ке азайған, ал қазынаға түскен қосымша салық 216 млн доллар болған.

АҚШ-тың 8 аймағында газдалған сусындарға салық түрі енгізілген. Әр аймақтың салық бойынша өзіндік заңнамасы бар. Мәселен 2016 жылдан бастап Филадельфияда 1 унция (шамамен 30 мл) газдалған сусынға 1,5 цент қосымша салық салына бастады. Жергілікті дүкендер мен супермаркеттердің мәлімдеуінше салық салынғаннан кейінгі 2 айда сусындар сатылымы 30-40%-ке азайған. Салдарынан дүкендер мен газдалған сусын өндіретін компанияларда жаппай қызметкерлерді қысқарту жүргізілген.

Зиянды өнімдерге салынатын салық түрінің қолданысы мен кемшіл тұстарына қатысты толық ақпаратты мына материалдан оқи аласыз.

Балалар тұтынатын тамақ өнімдерінің 72%-іне тыйым салынған ба?
дереккөз: plos medicine

Қазақстанда 2020 жылдан бастап зиянды өнімдерге қосымша салық салу талқыланып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда құрамында қанты бар сусындарға қосымша салық салу дұрыс шешім екенін мәлімдеген. Ұйым мәлімдемесеніне сай, құрамында қанты бар сусындар бағасын кем дегенде 20%-ке көтеру арқылы қосымша салық семіздік деңгейін және инфекциялық емес аурулардың төмендетудің ең тиімді құралдарының бірі бола алады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк Қазақстанда құрамында қанты бар сусындарға қосымша салық салуды қолдайды. Дүниежүзілік банктің баяндамасына сәйкес, құрамында көп мөлшерде қанты бар суысындарға салық салу халықтың табысына кері әсер етпейді. Баяндамада салықты енгізу арқылы халықтың медициналық шығындарыны азаяды және жұмыс өнімділігі артады, сәйкесінше бұл елдегі кедей тұрғындар үшін тиімді болады делінген.

Зиян өнімдерге қосымша салық салудың тиімділігіне күмән тудыратын деректер де бар. Мәселен май салығы енгізілуінен өнімдер қымбаттаған Данияда тұрғындар тауарларды көрші мемлекеттерге барып сатып алған. Әрі сарапшылардың пікірінше салықтар енгізу қоғамда әлеуметтік шиеліністі арттыру мүмкін. Себебі арзан зиян тамақты тұтынатындар пайдалы, бірақ қымбат тамақ сатып ала алмайтын аз қамтылған адамдар екенін айтады. Толығырақ мына сілтемеде.

Factcheck.kz