Астана қаласының әкімі уәделерін орындады ма?

2022 жылдың соңында Астана қаласының әкімі болып Жеңіс Қасымбек тағайындалған еді. Кейінгі 1 жыл ішінде жаңа әкім халыққа бірнеше уәде берген. Жеңіс Қасымбек 2023 жылғы айтқан уәделерін орындай алды ма? Factcheck.kz тексеріп көрді.

Жеңіс Қасымбектің алдындағы Астана қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың уәделері қаншалықты орындалғаны жайлы мына мақаладан оқи аласыз.

Уәде: Осы жылы 400 жаңа автобус алынады.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлының 2023 жылы 15 маусымда айтқан сөзі

Үкім: Ішінара орындалды

2023 жылы “№1 Автобус паркі” Акционерлік Қоғамы Астана қаласына жаңа автобустар алу үшін 2 тендер жариялаған. Мамыр айының 16-сы күні 22 900 870 680,60 теңгеге 204 автобус және қазанның 31-і 96 автобус сатып алуға 14 847 513 521 теңге бөлген. Астана қаласы 2023 жылы 300 жаңа автобусқа тапсырыс берген. Өткен жылдың соңында Жеңіс Қасымбек бұл туралы өзі де баяндаған. Астана қаласының әкімінің сөзінше 2023 жылы 300 автобус жаңартылған.

Уәде: Осы жылы 30 проблемалық тұрғын үй кешенін аяқтаймыз. “Ақтау сити”, “Sapsan”, “Қазанат 2”, “Әскер 1” проблемалық тұрғын үй тұрғындарымен кездесуде мәлімдеме жасаған. (1,2)

Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлының 2023 жылы 29 сәуірде айтқан сөзі

Үкім: Орындалмады

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2023 жылы Астана қаласында 381 тұрғын үй ғимараттары пайдалануға берілді. Оның 12-ін ғана мемлекет салған. Мәселе туындаған “Ақтау сити”, “Қазанат 2”, “Әскер 1”, “Sapsan” тұрғын үйлердің аяқталғаны жайлы Астана әкімдігі ресми ақпарат таратпады. 2023 жылдың 27 қыркүйегінде Жеңіс Қасымбек тұрғын үй кешендері бойынша үлескерлердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде іс-шаралар жүргізіп жатқанын баяндады. Картадағы суреттерге де мән берсек, әлі құрылыс аяқталмаған.

Уәде: Көпқабатты тұрғын үй кешендерінің орнына 20-ға жуық алаңда әлеуметтік нысандар пайда болады. Бұл мектептер, емханалар, қоғамдық орындар (алаңдар, бульварлар, балабақшалар.) (1, 2, 3)

Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлының 2023 жылы 30 маусымда айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

2023 жылдың қорытындысы бойынша мәдени-ойын-сауық мақсатындағы 5 объекті, 4 қонақ үй мен мейрамхана, 7 оқу орыны (мектеп, балабақша) және медициналық ұйымдардың 4 ғимараты пайдалануға берілген. Жалпы саны 20 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталған.

Уәде: Биыл ауыз су станциясын бітіреміз. Үлкен нысанның құрылыс жұмыстары жазда толығымен бітеді. Тамыз айына дейін толығымен суды береміз. Түнгі уақытта ешқандай шектеу болмайды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмұдұлының 2023 жылы 4 сәуірде айтқан сөзі

Үкім: Орындалды

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес 2023 жылы Астана қаласындағы тұрғын үйлер 100% сумен қамтамасыз етілген.

Сумен жабдықтау туралы есеп жылына бір рет қана жүргізіледі. Сол үшін тамыз айының статистикасын есептей алмаймыз. 2023 жылдың 29 маусымында жаңа ауыз су станциясының (ССС-3) бірінші кезеңі іске қосылғаны туралы Астана әкімдігі хабарлады.

Factcheck.kz