Мысықтың бір жылы адамның жеті жылына тең екені рас па?

Интернетте “мысықтың бір жылы адамның жеті жыл өміріне тең” деген ақпарат тарады (мында, мында және мында). “Проверено” фактчекерлері алгоритмнің қаншалық дұрыс екенін тексеріп көрді.

Алдымен қарапайым логикамен есептеп көрелік: мысықтың бір жасы адамның жасы жеті жасына тең келетіні рас болса, осы уақытта оның сүт тістері тұрақты тіске ауысып үлгеруі керек. Бірақ марғаудың сүт тістері үш-төрт айында түсіп, алты айында тұрақты тістері шыға бастайды. Ал адам тек 13-14 жасында тұрақты тістерге ие бола бастайды. Тағы бір әдіс бойынша салыстырып көрейік: мысық төрт айынан бастап жыныстық тұрғыда жетіліп, бес айынан туа алады. Ал адамда бұл процесс жынысына қарай әртүрлі. Мысалы, қыздарда сегіз жарым, ұлдарда он жасынан басталады. Қай әдіспен қарасақ та, 1Х7 алгоритмі қате.

Америкалық ветеринарлық медицина қауымдастығы марғаудың өмірінің бір жылын адамның 15 жылы деп санауды ұсынады. Үй жануарының екінші жылы адамның тоғыз жылына тең. Былайша айтқанда, екі жасар мысық 24-тегі адаммен жасты. Үшінші жылдан бастап коэффициент 1Х4-ке тең болады. Мысықтың жасын есептеудің бұл алгоритмі дүниежүзіндегі ветеринарияның стандарты болып есептеледі.

2017 жылы ғалымдар америкалық ветеринарлық медицина қауымдастығының мысықтың жасын есептеуге қатысты дайындаған кестесін аздап нақтылады. Жаңа есептеулер бойынша, мысықтың өмірінің бірінші жылы енді адамның 16,6364 жылына тең. Бір жарым жасынан кейін мысықтың әр жылы 4,134-ке көбейтіледі және оған 15 жыл қосылады. Байқағаныңыздай, есептеу әдісі аса өзгере қоймады. Мысалы, мысықтың 12 жылы адамның 64 жылына, 20 жылы 96 жылына тең.

Осылайша, мысық өмірінің бір жылы адамның жеті жылына тең деген пікір түбегейлі дұрыс емес. Үй жануарының жасын дәлірек есептеу үшін сараптамалық есептеулерге негізделген басқа әдістерді қолдану керек. Мысалы, мысықтың алғашқы екі жылын 24 жас деп есептеп, содан кейін өмір сүрген әр жыл үшін тағы төрт жас қосу керек.

Factcheck.kz