Драцена өсімдігінің арқасында ауа жоқ жерде аман қалуға бола ма?

Жақында Facebook қолданушысы үш жолақты драцена (АҚШ-та snake plant — жылан өсімдігі деген атпен танымал) үй өсімдігінің ерекше қасиеті туралы мақаланың скриншотын жариялады. Ондағы ақпарат бойынша, бұл өсімдіктің он шақтысы ауа жоқ бөлмеде қамалып қалған адамға қажет мөлшерде оттегі бере алады-мыс. USA Today фактчекерлері ақпаратты тексеріп көрді.

NASA таза ауаны зерттеген. Олардың ақпаратына сәйкес, жылан өсімдігі оттегіні өте жақсы бөледі. Мысалы, сіз ауа кірмейтін жабық бөлмеде қамалып қалсаңыз және онда бұл өсімдіктің алты-жетеуі болса, аман қаласыз.

Shelmerdine компаниясының мақаласының скриншотынан үзінді

“NASA таза ауа үшін 1 800 шаршы фут үйге өсімдіктің орташа және үлкен түрінің 15-18 данасын қоюға ұсынады”, – делінген мәтінде.

Алайда шын мәнінде, NASA драцена өсімдігін зерттемеген болып шықты. Бұл туралы агенттік өкілі USA Today басылымына хабарлады.

1989 жылы Миссисипи штаты Бэй-Сент-Луистегі NASA-ның Стеннис ғарыш орталығының тобы “Ғимарат ішіндегі лас ауамен күресетін ландшафт өсімдіктер” деген мақаласын жариялады. Есепте үй өсімдігінің он шақты түрі ауа кірмейтін жабық бөлмені формальдегид сияқты тұрмыс токсиндерінен тиімді тазалай алатыны жазылған. Зерттеу әдеттегі тұрғын үй немесе коммерциялық кеңістіктер емес, ауа кірмейтін, жабық кеңістіктер туралы.

Клэр О’Ши, NASA өкілі

Зерттеу нәтижесі үш жолақты драценаның ауа кірмейтін, жабық бөлмені тәулік ішінде трихлорэтиленнің, бензолдың және формальдегидтің бір бөлігінен тазалағанын көрсетті. Онда гүл өсімдігінің оттегі өндіретіні және ауа, оттегі жоқ жерде адамдардың аман қалатыны туралы ештеңе айтылмаған. О’Шидың айтуынша, зерттеу нәтижесін дұрыс түсінбейтіндер көп екен.

«Бұл теория шегін асып түсетін және термодинамика сияқты бірнеше физика заңдарын бұзатын фотосинтездің керемет деңгейі болар еді», – деді Урбана-Шампейндегі Иллинойс университетінің өсімдіктер биологиясының доценті Карл Берначки.

Factcheck.kz