Кейінгі аптада қазақ тілді интернет кеңістікте “1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде оқушылар тегін тамақтанады” деген тақырыпта ақпарат тарап жатыр (1,2,3,4). Ақпаратқа сай, жаңа оқу жылынан бастап барлық өңірдегі оқушылар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz аталған ақпаратты тексеріп көрді.
1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде оқушылар тегін тамақтанады.
Таралып жатқан ақпарат
Үкім: Манипуляция
“Әлеуметтік әмиян” жобасы аясында 1 қыркүйектен бастап тегін тамақпен қамтамасыз етілетін оқушылар санын көбейту жоспарланып отыр. Оқу-ағарту министрі биылғы оқу жылында 1,7 млн оқушы тегін тамақтанатынын атап өтті. Ал жаңа оқу жылынан бастап еліміздің білім беру ұйымдарында 3,9 млн бала оқытылатынын ескерсек, оқушыларлдың барлығы тегін тамақпен қамтамасыз етіледі деген ақпарат – манипуляция.
“Әлеуметтік әмиян” жобасы 2023 жылдың соңынан бері пилоттық режимде іске асып келеді. Бұл жобада тек мектептегі оқушылар ғана емес сондай-ақ еліміздегі азаматтардың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қолданылады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 43 ұйым, ал мектептегі тегін әрі жеңілдікпен тамақтануды қамтамасыз ету үшін 93 ұйым жұмыс жасайды. Сондай-ақ, 1-тамыз бен 30-қыркүйек аралығында жыл сайынғы “мектепке жол” акциясы ұйымдастырылады. Ал “жалпыға бірдей білім беру” қоры биылғы оқу жылында 500 мыңнан астам оқушыға материалдық көмек көрсетеді.