Жолдауға фактчек | Синтетикалық есірткі көлемі артты ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауына фактчек материалдар топтамасын жалғастырамыз. Бұған дейін жолдаудағы мәлімдемелерге қатысты бірнеше материал жариялағанбыз. Енді президенттің синтетикалық есірткі жайлы келтірген деректерін тексереміз.

Соңғы үш жылда тәркіленген «синтетика» (синтетикалық есірткі – ред.) көлемі 10 есе өсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Техникалық қате

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сайтындағы қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы жыл сайынғы есептерде есірткінің синтетикалық және органикалық түрлерін дайындау/өсіру/сақтау/сату құқықбұзушылықтары нақты бөлінбейді, өйткені Комитет оларды бірыңғай санатқа біріктіреді.

Дегенмен, жауапты бөлім өкілдерінің сөзіне сүйенсек, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе емес, 23 есе, яғни 6-дан 140 келіге дейін өскен. Мұндай деректі Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов осыдан 10 күн бұрын бөлісті. Министр мен президенттің деректерінің екітүрлі болу себептері бізге белгісіз, бірақ есірткі саудасымен күрес ІІМ-нің қызмет өрісінде болғандықтан, біз өкілетті орган деректеріне сілтеме жасау жөн деп білеміз. Тоқаев саннан қателессе де, жалпы жағдай туралы дұрыс айтты. Сол себептен де, “Үкімдерді қою ережесіне” сай “Техникалық қате” деген байламға келдік.

Сандардың өсуі — синтетикалық есірткіні тұтынудың өсуін көрсете ме, әлде қылмыстың ашылуының артуының салдары ма, жоқ па, айту қиын. Бұл сұрақ жеке зерттеуді қажет етеді.

Factcheck.kz