Жалған ақпаратқа тыйым бола ма?

ПАРИЖ – Интернет пен әлеуметтік желіні тегіс жаулап, бүкіл әлемдегі саяси пікірталасқа зиянын тигізіп жатқан ойдан шығарылған, жалған ақпаратқа қоғам қалай тосқауыл қоя алады?

Франция президенті Эммануэль Макрон жаңа жылға орайластырылып өткізген баспасөз мәслихатында Интернетте жалған ақпараттың таралуына тосқауыл қоятын заң жобасын ұсынды. Дегенмен, Франция заңдық шектеу енгізгенімен, жалған ақпарат – ғаламдық мәселе, сондықтан оны бүкіл әлем бірлесіп шешуі керек.

Бұл сұрақ демократия сақшыларын 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауынан бері толғандырып келеді. Осы айда Элисей сарайының алдында өткен жаңа жылдық баспасөз мәслихатында Франция президенті Эммануэль Макрон бұл сұраққа өз жауабын ұсынды.

Макрон «фейк жаңалыққа» заң арқылы тосқауыл қоюды көздейтін сияқты. Ол биыл жыл соңына дейін сайлау науқаны кезінде жалған ақпарат таратқандарды жазалайтын заң жобасын жариялауға уәде берді.

Дегенмен Францияда теріс ниетпен жалған ақпарат таратуға тыйым салатын репрессиялық заң бұрыннан бар. 1881 жылғы әйгілі «Баспасөз заңының» 27-бабы бойынша, «қандай жолмен болса да» жалған ақпарат таратқан адамға қазіргі ақшамен 45 мың еуроға (55 мың АҚШ доллары) дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Алайда, «Баспасөз заңы» бұл ережені «қоғамның бейбіт өмірін бұзған» ақпаратқа қатысты ғана пайдаланады, ал бұған анықтама беру әрі «бейбітшіліктің бұзылғанын» дәлелдеу өте қиын. Сайлау кодексінің бір бөлігі саналатын тағы бір заң дауыстарды ұрлау мақсатында жалған ақпаратты пайдаланған не «басқа да алаяқтық әрекеттерге барған» адамды бір жылға дейін бас бостандығынан айыруды не 15 мың еуро айыппұл салуды көздейді. Бірақ бұл бап тек сайлаудағы алаяқтыққа қатысты.

Ал Макрон цифрлық дәуірге арнап заң шығарғысы келеді. Бұл жөнінде ашық айтпаса да, ол 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауында ерекше рөл ойнаған және былтыр көктемде өзі сайланған тұста да көп қатер төндірген Ресейдің араласуын тұспалдап тұрған сияқты.

Бірақ Макрон тек Ресейді ойлап тұрған жоқ. Оның мақсаты – демократиялық институттарды Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан және Польшаның «Құқық және әділет» партиясы басқарып отырған «саяси иллиберализмді» қолдайтын үкіметтердің әрекеттерінен қорғау.

Макрон зерттеп жатқан алғашқы мәселе – транспаренттілік. Бұл заң цифрлы платформалардан «демеушілік контенттің» транспаренттілігіне қатысты стандарттарды арттырып, жарнама берушінің атын атауды ғана емес, бір хабарлама үшін төленетін қаржы көлемін де шектеуді талап ететін сияқты. Мұнымен қоса Макрон материалдардың мазмұнын бағалау процедурасын енгізуі мүмкін. Соның негізінде судьялар контентті алып тастауды, вебсайтты іздеу ресурстарынан шығаруды немесе түгелдей бұғаттауды талап ете алмақ.

Франция жалған ақпаратпен күрес заңын қолға алған алғашқы ел емес. Қыркүйектің соңындағы федералдық сайлаудың қарсаңында Германия парламенті “NetzDG” деп аталып кеткен заңды қабылдады. Бұл заң 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Оның талаптары бойынша, Facebook, Twitter және YouTube сияқты әлеуметтік желілер қолданушы жариялаған заңға қайшы контентті (бұған жаулық мақсаттағы сөз бен жалған ақпарат кіреді)  24 сағаттың ішінде алып тастауға міндетті, мұны орындамаған жағдайда оларға 50 миллион еуроға дейін (61,3 миллион АҚШ доллары) айыппұл салынуы мүмкін. Наурызда болатын жалпыұлттық сайлау қарсаңында Италия үкіметі де жалған ақпаратты ауыздықтау жөнінде заң жобасын ұсынды.

Макрон ұсынған заң жобасына Марин Ле Пеннің әсіреоңшыл «Ұлттық майданы» ғана емес, әсіресолшылдар да қарсылық білдірді. Заңгерлердің қолдауына сүйенген қарсыластардың айтуынша, жалған ақпаратты ауыздықтау үшін қазіргі бар заңдардың өзі-ақ жеткілікті.

Алайда, бұл сарапшылар жаңа технологиялар, соның ішінде әлеуметтік медиа қаншалық заңды бұзып отырғанын айта алмады. Қазір жалған ақпарат пен конспирологиялық теорияларды таратушылардың мүмкіндігі өте көп. Қалай болғанда да онлайн контенттің транспаренттілігі мен нақтылығына көз жеткізуді талап ететін шаралардың қажеттігі анық.

Дегенмен, іс жүзіне аса бастаған соң Макрон ұсынып отырған сот процедураларын іс жүзінде тексеріп көру керек. Судья ненің өтірік, ненің шын екені туралы сол жерде шешім қабылдап, содан соң айыппұл салуы керек пе? Оның үстіне, «жалған ақпарат» та әртүрлі формада болуы мүмкін, және ол кейде сайлаушыларды адастыру не сайлауды бұрмалау сияқты арам пиғылда таратылмауы да ықтимал.

Екінші күрделі мәселе – Интернеттегі бейтараптық. Бұл заң жалған ақпараттың жолын кесіп қана қоймай, Интернет қызметін көрсетушілердің барлық онлайн контентке бірдей қарауын қамтамасыз етуі тиіс.

Оның үстіне, Францияның юрисдикциясына жатпайтын, шетелдерде орналасқан әлеуметтік желілер мен онлайн акторларға Макронның қалай ықпал еткісі келетіні түсініксіз.

Ешбір есті адам Макронды «цензура орнатқысы келеді» деп айыптамас. Дегенмен, ол ұсынып отырған заңның сақтық шаралары да болғаны дұрыс. Әзірге бұл заң демократияның ең қатты сыналатын тұсы сайлау қарсаңындағы кезеңді қамтитын сияқты.

Қалай болғанда да Макрон ұсынған заң – жалған ақпаратпен күрес құралдарының бірі ғана. Медиасауаттылықты арттыру мақсатында білім беру, әлеуметтік медиа платформаларын «шығарушы» санатына қосып, олардан да редактор ретінде жауаптылықты талап ету – жалған ақпаратты ауыздықтаудың қосымша тетіктері.

Жалпы «фейк» жаңалықтар нөпірі – ғаламдық мәселе, сондықтан онымен бүкіл әлем болып күресу керек. Осы тұрғыдан алғанда Еуропа комиссиясының бұл мәселені қоғам талқысына салатын сарапшыларды жинау туралы шешімі – құптарлық іс. Бұл процесс болашаққа бастайтын ұсыныстар жасауға негіз болады деп үміттенеміз.

Оған дейін Макронның даулы ұсынысы (жақында өткізілген сауалнама нәтижесі бойынша, француздардың  79 пайызы оны қолдайды) азаматтарды Батыс демократиясының түп негізіне қатысты мәселелер төңірегінде ойлануға итермелейді. Түрлі елдердің мысалынан көріп отырғанымыздай, жалған ақпаратпен уланған сайлаушы демократ адамның жауына айналады.

Жалған ақпаратқа тыйым бола ма?Рафаэль Хадас-Лебель – «Француз демократиясы туралы мың бір сөз» кітабының авторы, Франция Мемлекеттік кеңесінің құрметті мүшесі және Франциядағы Саяси зерттеулер институтының бұрынғы профессоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Factcheck.kz