Жалған | А. Маминнің Түркістан қаласына ресми сапарынан кейін тратуарларды қайта алып жатыр

Соңғы күндері Facebook, WhatsApp және Instagram әлеуметтік желілерінде ҚР Премьер министрі А.Маминнің Түркістан қаласына ресми сапарының алдында ғана салынған жаяу жүргіншілерге арналған жолды (тратуарды) министр кеткеннен кейін қайта алып жатыр деген видео тарап кетті.

Видеода белгісіз біреу: “Мамин келеді деп салды да, Мамин кеткеннен кейін қайтып жинап алып жатыр, реклама ма сонда?!” деп өзінің қарсылығын білдіруде. Ал, видеодан жаңадан салынған жолақтың қайтып жинап алып жатқанын байқауға болады.

Үкім: ФЕЙК

Видеодағы оқиға А.Маминнің келуіне еш қатысы жоқ. Түркістан қаласындағы Тәуке хан мен Кеңесары көшелерінің қиылысындағы жөндеу жұмыстары кезінде 30 шаршы метр жерге сапасыз салынған және видео түсірген сәтте қайта өңдеу жұмыстары жүргізілген. 

Түркістан қаласы әкімдігінің ресми мәлімдемесі

Factcheck.kz сайтының сауалына Түркістан қаласының әкімдігі төмендегідей жауап берді:

Әкімдіктің жіберген ресми хатына сенсек, нысанға ҚР Премьер минстрі А. Мамин бармаған және арнайы Мамин келеді деп салынбаған. 

Сапасыз жолды салған кім?

“СМК и Ж7” ЖСШ мердігер компаниясы мамыр айында Тәуке хан даңғылын абаттандыру жұмыстарын бастаған болатын. Жалпы ауқымы жолдың екі жағын қосқанда 10 шақырымды құрайды.  

Әкімдік ресми мәлімдемемен қоса “СМК и Ж7” ЖСШ мердігер компаниясы директорының орынбасары Абдукаримов Фуркат мырзаның видео-мәлімдемесін берді.

Factcheck.kz сайтының журналистері оқиға орына барып, жөнделген жолды өз көздерімен көрді. Расымен де жол жөнделген, брусчаткалар орнында.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер министрі А.Мамин Түркістан қаласына 18 мамыр күні ресми сапармен барған болатын. Сапар барысында «Turkistan International Airport» халықаралық әуежайының құрылысының орнына капсула салу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысандар мен әкімшілік мақсаттағы ғимараттарды салу барысы қаралды.

 

Жансерік Тілеухан
Журналист-фактчекер, медиа-тренер, СДУ түлегі, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-монитор