Маск тікелей эфирде Twitter бөлім жетекшісін жұмыстан шығарды ма?

Интернетте әртүрлі тілде Twitter-дің жаңа басшысы Илон Маск Джо Роган подкасында әлеуметтік желінің заң бөлімінің жетекшісі Виджая Гаддені жұмыстан шығарғаны туралы жаңалық тарады. Agence France-Presse (AFP) фактчекерлері ақпараттың қайдан шыққанын анықтады.

Көпшілік арасында тараған видеода компанияның ақпараттық саясатын қалыптастыруға жауапты әрі Twitter-дің заң бөлімінің бұрынғы жетекшісі Виджая Гадденің Джо Роганның подкасында сөйлеген кезі бейнеленген.

Меніңше, біз бірнеше жағдайда сәтсіздікке ұшырадық және мен оны мойындағым келеді”, – дейді ол.

Кейін Илон Маск оның сөзін бөліп: “Сәтсіздік жазаға әкеледі. Сіз жұмыстан босатылдыңыз” дейді. Одан соң видеода бірден Роган шоуының басқа қонағы, тәуелсіз журналист Тим Пул көрсетіледі. Онда Пул орнынан тұрып, кетіп қалған Гаддеге ыңғайсызданып қарайды-мыс.

Бұл видео қытай тілінде Weibo әлеуметтік желісінде кеңінен тарады. Жазбалардың бірінде: “Маск Twitter цензурасының басшысын шақырды… және оны тікелей эфирде жұмыстан шығарды” делінген.

Сонымен қатар бейне ағылшын тілінде Tiktok пен Facebook желілерінде жарияланды (мұнда және мұнда).

Маск тікелей эфирде Twitter бөлім жетекшісін жұмыстан шығарды ма?
AFP скриншоты

Илон Маск Twitter-ді сатып алғаннан кейін компанияның бірқатар басшысы қызметінен босатылды. Олардың қатарында Виджая Гадде, бас директор Параг Агравал, қаржы директоры Нед Сегал және төменгі лауазымдардағы көптеген қызметкер бар.

Алайда Маск Гаддені Роган подкасында жұмыстан шығармады.

Бейненің жоғарғы сол жақ бұрышында @damonimani деген жазуы бар. Ол үнемі әзіл-ысқақ контентті бөлісетін даниялық видеопродюсер Дэймон Иманидің парақшасы болып шықты.

Имани аталмыш видеоны парақшсына 29 қазанда жариялаған. Оған қоса ол AFP фактчекерлеріне бейнежазбаның “пародия” екенін және монтаждалғанын айтты.

Гадденің сөйлеген сөзінің үзіндісі Джо Роганның 2019 жылғы 6 наурыздағы подкасынан алынған. Сұхбатқа ол Тим Пул және Twitter-дің негізін қалаушы Джек Дорсимен қатысты, ал Илон Маск студияда болмаған.

Видеодағы Масктың фрагменті Роганның 2018 жылғы 7 қыркүйектегі шығарылымынан алынған. Алайда ол жерде Маск жұмыстан шығару туралы ештеңе айтпаған.

Үндістандық The Quint ақпараттық агенттігі Масктың даусы 2020 жылғы ақпанда BBC симпозиумында берген сұхбатынан алынғанын анықтады. Онда кәсіпкер былай дейді: «Инновация енгізуге тырыспау қомақты айыппұлға әкеледі. Сіз жұмыстан шығарыласыз».

Әзіл сипатындағы видеода аудио былайша қысқартылған: «Бас тарту көп жаза әкеледі. Сіз жұмыстан босатылдыңыз».

Контекст

Жақында кәсіпкер Илон Маск Twitter-де «пародия» деген белгіні көрсетпей, басқа адамның атынан парақша ашып, пайдаланғандардың аккаунттары бұғатталатынын мәлімдеді.

Factcheck.kz