Жақында қандай айыптар тағылады?..

ВАШИНГТОН – Өткен аптада тараған «2016 жылғы АҚШ-тағы  президенттік сайлаудағы Ресейдің рөлі мен Дональд Трамп пен Кремльдің байланысын анықтайтын тергеуді басқарған заңгер Роберт Мюллер арнайы құжаттарды іздеу үстінде» деген жаңалықтар Ақ үйдің онсыз да құлдыраған жағдайын тіптен нашарлата түсті. Бұл құжаттарда Трампқа әділеттілікке кедергі келтірді деп айып тағуға болатын кейбір оқиғалар бар және оның  сайлау науқанына ресейліктердің қатысы бар екенін көрсетуі де мүмкін.

Тергеуді тоқтату үшін жасалған Трамптың әртүрлі әрекеті салдарынан оған «әділетті тергеуге кедергі келтірді» деген айып тағылуы мүмкін. Атап айтқанда, Трамп ФТБ директоры Джеймс Комиден өзінің бұрынғы ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшісі, генерал Майкл Флиннің үстінен басталған тергеуді жеңілдетуін сұрады. Негізі Флинді Трамп сайлаудан кейінгі Ресей елшісі мен Трамп арасында болған телефон қоңыраулары туралы вице-президент Майк Пенске жалған сөз айтқандықтан қызметтен босатқан еді.

Пенс кейін Флинннің Ресей елшісімен жәй ғана Рождество мерекесімен құттықтау сияқты қарапайым әңгіме-дүкен құрғанын айтып, сабырға шақырған еді. Шындығында, олар президент Барак Обаманың сайлауға араласқаны үшін Ресейге тағайындаған санкцияларын алып тастау мүмкіндігін талқылаған. Мюллер болса, Трамптың Флиннің бұл тақырыптағы әңгімесі туралы хабардар болғаны және оны қолдағаны туралы білмекші.

Трамп, сондай-ақ, америкалық барлау қызметіндегі жоғары лауазымды қызметкерлерді Комидің Флинн мәселесіне жеңіл қарауына көндіруді де сұрады. Трамп неліктен соншалықты Флинді қорғауға тырысып жатыр?  Немесе Флинде президентті әшкерелейтін мәліметтер бар ма?

Кейін, мамыр айында Трамп Комиді қызметтен босатып, оның Ақ үйдегі көмекшілері бұл шешімнің себептері туралы бірнеше түсініксіз мәлімдеме жасады. Содан кейін Трамп бір телевизиялық сұхбатында Комиді жұмыстан шығарып тастаған кезде оның ойында «Ресей мәселесі» болғанын айта салды. Келесі күні Ресейдің жоғары шенді тұлғаларымен кездесуінде Трамп Комиді қызметтен шығарып, арқасынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалғанын айтты.

Ричард Никсонға қатысты «Уотергейт» дауында көрсетілгендей, президенттің өз тергеушісін қызметтен босатуы мүлдем жақсы идея емес. Трамп Комиді қызметтен шығарып тастаса да, ол бұрын Демократтар мен Республикашылдар кезінде де ФТБ директоры болған, екі партияның саясаткерлері атқарған істерінің мінсіздігі үшін жоғары бағалаған Мюллерге тап болды.

Трамп Мюллердің тергеуінің нәтижесінде қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін жалғыз адам емес. Мюллер, сондай-ақ, Трамптың сайлау штабының бұрынғы басшысы Пол Манафорт және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнерді де көздеп отыр. Кушнер мен оның жұбайы, президенттің ең сүйікті қызы Иванка Трамптың Ақ үйде өз кеңселері бар және Кушнердің Палестина қақтығысынан бастап, федералды үкіметті қайта құру тәрізді көптеген түйткілді мәселеге де қатысы бар.

Мюллер қаржылық қылмысқа қатысты сарапшыларды жалдады және бұл басқалар үшін аса қауіпті болуы мүмкін. Мюллер Кушнердің сайлау науқаны кезіндегі жұмысын зерттеп жатыр, сонымен қатар Кушнердің жылжымайтын мүлік саласындағы ауқымды бизнесіне де мұқият назар аударуда. Бірнеше жыл бұрын Кушнер мен оның әкесі Нью-Йорк қаласындағы  Бесінші авеню, 666 мекенжайында орналасқан ең қымбат ғимаратты сатып алып, қомақты қарызға кіріп, ипотеканы төлей алмады. Джаред Кушнердің қыруар қаражатты табуға деген ұмтылысы оны Владимир Путинге жақын ресейлік банкир тәрізді шетелдік кредиторларды іздеуге апарды.

Мюллер, сондай-ақ, кезінде диктаторларға көмек көрсеткен, лоббист және саяси кеңесші Манафортқа да қысым көрсеткен. Оның ең сүйкімсіз клиенттерінің бірі Украинада президент сайлауын жеңгеннен кейін басты қарсыласы, бұрынғы премьер-министрді жалған айып тағу арқылы түрмеге қамаған Ресейді жақтаған Виктор Янукович болды. Мюллердің командасы Манафорттың бүкіл әлем бойынша жобаларын, борыштарын, шетелдік салықтық қоймаларда сақталған қорларын, ақшаның ізін жасыру және тағы басқа іскерлік мәмілелерін қарастырып жатыр.

Манафортқа қысым көрсету үшін Мюллер тіпті оның Вирджинияның солтүстігіндегі үйіне таңертең кіріп келіп, Трамп туралы ақпарат беруіне мәжбүрлеу үшін оған айып тағылады деп айтқан. Манафорт өткен тамызда Трамп тобынан шығып кетсе де, оның Украинадағы жұмысы туралы жаңалықтардан кейін, Трамп көмекшілерінің кеңесіне құлақ аспай, президенттік билігінің алғашқы айларында онымен сөйлесуін жалғастырды. Сондай-ақ, жақын арада 2016 жылы Манафорт сайлау науқанын басқарған кезде, ол ресейлік олигархқа президенттік науқан туралы брифинг өткізуді ұсынды деген ақпарат жарияланды. Әдетте, сайлау штабы басшыларының мұндай іспен айналасу үшін бос уақыты жоқ.

Мюллер, әрине, Флинн мен Манафорттың екеуін де «ұстауға» үміттенеді. Президенттің ұлы, кіші Дональд Трампқа да дау астында қалу қаупі төнген. Мюллер ерекше қызығушылық танытқан ақпарат 2016 жылдың маусым айында Трамп мұнарасында өткен Кремльмен тығыз байланысы бар ресейлік адвокат пен Трамп сайлау науқанының басшылары арасындағы кездесуге байланысты, онда адвокат Хиллари Клинтонның атына кір келтіретін ақпаратты кіші Дональд Трампқа ұсынып, оны бір қуантқан еді. («Бұл керемет қой», – деп жауап берген еді ол хатында.)

Кіші Дональд басында бұл кездесу америкалықтардың (Ресей президенті Владимир Путин 2012 жылы тыйым салған) орыс балаларын асырап алу тақырыбы аясында өтті деп айтқан. Іс жүзінде, онда санкциялар мен басқа да Ресейге қызықты тақырыптар талқыланған еді. Кушнер мен кіші Дональд бұл кездесуден ештеңе шықпады деп айтқанымен, бұл нәтиже расталмаған. Мюллер Трамптың Еуропадан қайтып бара жатқанда, әуе қорғаныс күштері ұшағындағы осы кездесу тақырыбына қатысты мәлімдемесіне де қызығушылық танытуда, себебі бұл мәлімдеме Трамп мұнарасында ресейліктермен кездесуде талқыланған мәселелер туралы халықты тағы да жаңылдырды.

Трамптың «Ресейге қатысты іскерлік мүддем жоқ, бұл елден несие алмадым» деп айтып жатқанына бір жылдан аса уақыт өтті. Бірақ, оның Путинге қатысты мәселелердегі жұмсақтығы барлығын таңғалдырады. Жақында Трамптың бизнес тобы Мәскеудегі үлкен Трамп мұнарасын салуға тырысып жатқаны анықталды. Бірақ, рұқсат құжаттары пен бос жердің болмауынан олар бұл идеядан бас тартқан. Мюллердің Ресейге қатысты тергеуі ісіне Вашингтонда жұрттың назар аударуы әлсіреп бара жатыр. Бірақ Мюллер өзіне тиесілі барлық ақпаратты таппай тұрып, тергеудің тоқтамайтыны да бәрімізге анық.

Элизабет Дрю, The New York Review of Books (Нью-Йорк кітаптар шолуы) авторы және Вашингтон журналы: Уотергейт жанжалы мен Ричард Никсонның құлауына шолу кітабының авторы.

Авторлық құқық: Project Syndicate, 2017.
www.project-syndicate.org

Factcheck.kz