Волонтер күнделігі. III бөлім. Коронавирустан да қорқынышты заттар туралы немесе Мойындамау кезеңі

Біздің әріптесіміз, ресейлік фактчекер Таша Соколова, міне, үшінші ай қатарынан Мәскеудегі коронавирус ауруханасында волонтер болып жұмыс істеп жүр. Біз одан күнделік жүргізіп тұруды сұраған едік, енді міне сол жазбалардың үшінші бөлігімен бөлісіп отырмыз (мына сілтемелер бойынша күнделіктің бірінші және екінші бөлігімен таныса аласыздар).

Дұрыс іс-әрекет, сақтық шаралары, жұқтыру жолдары және адам популяциясына жаңа вирустың ену тарихы туралы ақпарат барлық ресми дереккөздерде жарияланды. Қазір «корона» туралы жазбаған БАҚ қалмаған шығар, тіпті аспаздыққа арналған медианың өзі оқшаулану кезінде қолайлы рецепттермен бөлісіп жатыр, ал шоу-бизнес туралы сайттарда атақты адамдардың қайсысы ауырғаны туралы мақалалар пайда болуда. Интернеттен іздеп көрсеңіз, көптеген сұраққа нақты әрі анық жауап таба аласыз, алайда түрлі теорияларға және халық арасында танымал емдеу құралдарына сенетін адамдардың үлесі тым жоғары болып тұр. Күнделіктің осы бөлігінде менімен кездескен адамдардың коронавирусқа қатысты қате ой-пікірлермен бөлісуді жөн санадым.

Соншалықты қорқынышты емес…

Кейбір адамдар «коронавирус маусымдық тұмаудан қауіпті емес» деп ойлайды. Мен бұл идеяны қолдайтындарды, негізінен, интернетте кездестіремін. Осыдан соң ауырып, қатты жөтел қысып, төсектен әжетханаға жетем дегенше ентігіп, ары-бері «секіретін» температураны көргеннен кейін олар «жедел жәрдемге» қоңырау шалып, бізге түседі. Оттегі маскасының астынан дауысы шықпай, әрең сөйлеп, олар бірінші кезекте аурудың осыншалықты қауіпті екеніне сенбегеніне өкінетінін айтады. Олар түрлі нәрсе айтады: біреуі достарымен саяжайда демалса, басқасы күн ара қонаққа барып жүрген, енді біреулері кірпік жабыстырып, тырнақ әрлеуші болып жұмыс істеген. Олардың достары мен клиенттері де коронавирустың қаупіне сенбейтінін қоса айтады.

Осыдан кейін олар, әрине, күші жетсе, кеңес кезеңіндегі шағымданушылар сияқты барлығын, яғни адамдардың аты-жөнін, мекенжайын, байланыс телефондарын айта бастайды. Сондағы бір қайталай беретін сөзі – «мен коронавирус суық тиюден қауіпті емес деп ойладым, талай рет суық тиді, бірақ сол үшін ауруханаға түсіп көрмеппін». Бақытымызға орай, олардың пандемияға сенбейтін достары мен клиенттеріне қоңырау шалу — біздің міндетіміз емес. Біз тек бар мәліметті жазып алып, коронавирус жағдайын бақылау жөніндегі жедел штабтың жалпы базасына жібереміз. Бұл ведомствоның колл-орталығында басқа кәсіби мамандар жұмыс істейді, олардың сауалнама жүргізуі гестаподағы жауап алуды еске салады.

Бір күні мынандай сауалнама естідім. Адам әңгімені қорқытудан бастады. Телефонның ар жағындағы науқасқа қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік болуы мүмкін екенін бірден айтты. Содан кейін байланыста болған адамдары туралы айтып тұрып, «Сіз шын айтып тұрсыз ба? Сіз өз жауапкершілігіңізді түсініп тұрсыз ба?» деген сұрақтар әр жауаптан кейін қойылып отырды. Ауруды жұқтырған әр адамға осылай қоңырау соғылады – мейлі ол жұмыста ауырып қалған дәрігер болсын, немерелері есік алдына азық-түлік қойып жүрген әже немесе тырнақ әрлеумен айналысатын шебер болсын. Қоңырау шалатын адам пациенттің жағдайына қатты алаңдамайды, оған тек өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты кедергі болуы мүмкін. Қалғандары оттегі маскасында ма жоқ па, әйтеуір ентігіп тұрып жауап беруі тиіс.

Сенбейтін Н. – күтімі жақсы, жасы 40-қа да жетпеген әйел. Сауалнама кезінде күйеуімен және 6 жасар ұлымен тұратынын айтты. Айтуынша дүкенге, дәріханаға, емханаға өзі де, күйеуі де бармаған. Күйеуі бағдарлама жасаумен айналысатындықтан бұрыннан үйде жұмыс істейді, ал азық-түлікті тапсырыс беріп алдырады. Бар-жоғы ұлымен есік алдындағы балалар алаңына барған, бірақ «Бұл саналмайды! Біз көшеден келгеннен кейін қолымызды әрдайым сабындап жуатынбыз». Осылай әңгіме барысында анықталғандай, бұл отбасыда бірінші болып ұлы ауырған, ауру жеңіл түрде өтуде. Тағы кіммен қарым-қатынаста болғанын сұрап-білгеннен кейін енді олардың отбасы карантинде екенін, оларға басқа маман қоңырау шалып, барлығын айтып, анализ алу уақытын айтатынын түсіндірдім.

Ол «Енді не, бала далаға шықпауы керек пе?» деп ашулана бастады. «Біздің бала өте белсенді, мұндай оған жаста көп жүгіру керек, әйтпесе бір орында отыруы қиын. Осыған қоса күзде мектепке барады, бір ойнап қалсын. Сізде балаңыз бар ма? Жоқ болса, онда сіз түк түсінбейсіз!». Ал мен басқасын түсінемін, егер тек балалар алаңына барған болса, вирусты сол жерден жұқтырған. Алайда біреуді сендіріп, бір нәрсе түсіндіру – менің міндетім емес. Бұл үшін Жедел штаб бар.

Бірнеше күннен кейін Н. маған ауруханаға күйеуі де түскенін айтты. Оның айтуынша, ұлын жұқпалы балалар стационарына жібермеу үшін оның әжесі, яғни күйеуінің анасы көшіп келген. Менің «Не істеп қойдыңыздар? «Коронасы» бар балаға қауіп тобындағы қарт адамды алып келдіңіздер ме?» деген сұрағыма «балаң жоқ, сондықтан үндеме» деген әдеттегідей жауап алдым.

Екі күннен кейін ол үйреншікті батыл әңгімесін тоқтатып, ұлын ауруханаға алып кеткенін хабарлады. Себебі әжесінің де жағдайы нашарлап, оны ауруханаға жатқызыпты. Оның айтуынша, әжесі бірнеше күннен кейін қайтыс болған. Н-нің жағдайы да күн сайын нашарлай бастады, бір түнде ол дем ала алмай қалды, оны реанимацияға ауыстырды. ӨЖЖ-да төрт тәулік жатқаннан соң ол қайтыс болды. Енді 1 қыркүйек күні баланың қасында не анасы, не әжесі болмайды.

Карантиндегі отырыстар

Немесе міне К-ның оқиғасы. Ол 90-нан асқан қарт адам, сондықтан ол оқшаулануға міндетті. «Қайда барып жүрдіңіз?» деп сұрастыра бастадым. «Жоқ, үйде отырдым, азық-түлікті есік астына қойып кететін». Өз ішімнен «ауруды сонда қалай жұқтыруы мүмкін» деп ойлап қоямын. «Сізге қонақтар келмеді ме?» деп жай сұрай салғанмын. «Әрине келді. Көрші үйде достарым бар. Олар да негізі оқшауланып отыр, алайда біздің ішіміз пысты. Содан олар шараптарын әкелді, ал мен үстел жайдым. Қартайған шақта бір көңіл көтеріп қалу керек қой».

Міне, ауруды қайдан жұқтырғаны да анықталды!

– Әже, сіз ауруды қайдан жұқтырғаныңыз түсінікті. Вирусты солардың біреуі әкелді.
– Шын ба? Мені қай қарт жезөкше ауыртқанын біліп алайын, сол жерде өлтіремін!.

К-ның денсаулығы мықты екен, бөлімшеде жатып, керек дәрісін алып, емделіп шықты да, үйіне оралды. Ол былай дейтін: «Мен фашистерді жеңіп, оларды Берлинге дейін қуғанмын. Сонда қайдағы жоқ вирус мені жеңе ала ма?». Сондай-ақ ол әрдайым шайына кішкене медициналық спирт қосып жіберуді сұрайтын – дезинфекция үшін….

«Коронавирус жоқ!»

Вирусты «жоққа шығаратын» адамдардың әртүрлі түрі бар. Олардың арасындағы ең қиыны – «коронавирус мүлдем жоқ» деп санайтындары. Ал қоздырғыш жоқ болса, онда одан пайда болуы мүмкін пневмония да болмайды. «Демек менде басқа нәрсе, не екенін сіз өзіңіз түсінбей тұрсыз», дейді ең зияны жоқтары. Себебі олар ауру екенін түсініп, тағайындалған емді қабылдайды. Емханадан шығып бара жатып сондай адамдардың бірі құжатында «Коронавирус инфекциясы» деген жазуды көріп, таңғалған:

Мен қанша уақыт емделдім. Сонда сіз менімен не болғанын нақты анықтай алмадыңыз ба? Сіздерді де дәрігер дейді екен, не үшін ақша алып отырсыздар.

Онымен дауласпадым. Сондай-ақ дәрігерлер оның киімін жинап, арбаға отырғызып шығарып салмайтынын да, біз сияқты еріктілер барлығын тегін істеп жүргенін де түсіндіргім келмеді.

Бірінші лирикалық шегініс

Біз шынымен де ақша алмаймыз. Жұмыста тамақ береді және қалғанын үйге алып кетуге болады. Кейде аурухана анықтамасын көрсетсең, метроға тегін өткізеді. Алайда бұл бақылаушының қалауына байланысты, «жеңілдік жасатып алғанын қарашы» дейтіндер де бар.

Ал бір күні науқас маған ақша беруге тырысты. Басқа бөлімшенің дәрігері бір науқасты – өзінің қайын атасын бәріне ортақ санитарлық таксиге емес, көліктер тұрағына апарып тастауды өтінді. Оны ол жерден күйеуі алып кетпек болды. Пациент өзі қозғала алатын, алайда ереже бойынша адамды арбамен шығарып салу керек. Мен оның қайын атасын жақсы білетінмін – ол бізде ұзақ жатты, температурасы мен сатурациясын өлшеп, су әкеліп беріп тұратынмын. Автотұраққа дейін лифтпен 5 қабат түсіп, 100 метр тегіс асфальтпен жүру керек. Көшеге шыққаннан кейін ол маған бірден осы (немесе бұған дейінгі) көмегім үшін ақша тықпалай бастады. Бұл жағдай күлкілі де қызық еді, себебі біріншіден, бұған дейін маған ешкім және ешқашан ақша беруге тырысып көрмепті, екіншіден, ол түк өткізбейтін костюмдегі адамға ақша бергісі келді.

— Сіз мені емдедіңіз, сізге онсыз да аз төлейді, алыңыз-алыңыз!
— Маған сізден тек сіздің аман болып, денсаулығыңыздың мықты болғаны қажет. Сондай-ақ емдеген мен емес, дәрігерлер.
— Онда соларға беріңіз! Мен оларға бергенде алмады. Мүмкін сізден алар? (ақша алып шығу үшін сөмкеге қолын салды)
— Мен ештеңе апарып бермеймін, сізден де алмаймын. Ал осылай жалғастыра берсеңіз, келініңізге айтамын!
— Онда сізге қалай рахмет айта аламын?
— Сіз Құдайға сенесіз бе?
— Сенемін әрине.
— Онда басқалар ауырмасын, ал науқастанып жатқандар жазылып шықсын деп дұға етіңіз.

Бір кезде қарама-қарсы беттен ұлы келе жатқанын көрдім. Мен арбадан тұруға көмектесіп, қоштастым. «Мен сіз үшін дұға етемін. Таңертең және кешке, уәде беремін», деді ол қоштасып жатып.

«Мен қазір сіздерге вирус жұқтырамын, ал сіздер ауырмайсыз, өйткені коронавирус жоқ…»

Емханаға жасы 40-тан сәл асқан М деген түсті. Анамнезінде ерекше ештеңе жоқ болатын – «есірткі қолданып, алкоголь ішпейді, препараттарға аллергиясы жоқ, АҚТҚ және вирус гепатиті де жоқ. Әлеуметтік тобы – тұрмыста, жұмыс істейді. Өмір сүру жағдайы – қанағаттанарлық».

«Қанағаттанарлық» дегенге тоқталсақ – егер сізді ауруханаға пентхаустан алып келсе де, жағдайыңызды осылай жазады. Ол түнде түсті, сондықтан ауысымға келгеннен кейін оның төсегінің басына жаңа анықтама парағын іліп қойып, әдеттегідей сауалнаманы бастадым. Ол жеке басына қатысты мәліметтерді еш қиындықсыз айтты, ал кіммен қарым-қатынаста болғанын айтуға келген кезінде М. қиналып қалды. «Мен сізге бәрін айтуым керек пе? Әлде сіз прокуратурадансыз ба? Менің жеке құпияларым бар – мен кіммен сөйлесіп, қайда баратынымды айтпауға құқым бар». Оның достары мен жақындары коронавируспен ауыратын адаммен байланыста болғанын білу керек екенін айттым. Сонда олар ауруды одан әрі таратпайтын болады. Осы сөздерімнен кейін басталды – «Коронавирус бойынша? Сіз не деп тұрсыз? Әлде барлығыңыз ақылдан адастыңыздар ма? Коронавирус жоқ, сізге медуниверситетте айтпаған ба?». Мен тек ерікті екенімді, медуниверситетте оқымағанымды айттым. Онымен қарым-қатынас жасаған адамдар туралы мәліметтерді жинау керек екенін байыппен түсіндірдім.

«Сонда оқымағансыз баааа? Онда ештеңе білмейтініңіз түсінікті болды! Мен сізге бәрін түсіндіріп берейін – мұндай вирус жоқ, менің жағдайым жақсы, көріп тұрғаныңыздай маған, тіпті, оттегі маскасы да қажет емес. Мұның бәрі әдейі ойдан шығарылған, оны жұқтыруға болмайды. Ал сіз қорғанып отырсыз, бетперде мен көзілдірікті не үшін киіп алғансыз? Маған, шынымен, сенбейсіз бе? Жарайды күйеуімнен басқа ешкіммен байланыста болмадым. Ризасыз ба?».

Негізі риза болмадым, өтірікті бірден байқаймын, алайда бұдан артық ештеңе біле алмадым.

Бір науқастармен жұмыс істеп болып, ординатор кабинетіне оралдым да, «М. – вирусты жоққа шығаратындардың қатарынан» дедім. Бір күліп алдық. Бұл жағдай жалғаса берді, ол дәрігерлерге коронавирус жоқ деп айтудан шаршамады. Ал дәрігер оған пульсоксиметрді тақап еңкейе бергенде, ол оның респираторын жұлып алуға тырысып (екі резинкамен басқа мықты байланып тұрғаны жақсы болды), дәрігерге түкірді. Ол «Мен қазір сіздерге вирус жұқтырамын, ал сіз ауырмайсыз, өйткені коронавирус жоқ…» деп айқайлай бастады… Негізі осының бәрін тіркетіп, емхана маңайында тәулік бойы кезекшілікте тұрған Росгвардияны шақыруға болар еді. Алайда оны респиратордың мықты резинкалары мен қорғау костюмі құтқарды. Картада туыстарының телефоны бар екен – анасы алды. Бұрын одан агрессияда да, психикалық ауытқулар да байқалмаған. Нәтижесінде оны, не болса да, байлап қойды. Вирусты осылайша жоққа шығаратын адамнан кез келген нәрсені күтуге болады.

«Сары қауіп», масондар мен рептилоидтар

Жоғарыда айтқан адамдардан басқа, конспирологтар дегендер бар. Олар түр-түрге бөлінеді.

Мысалы, конспиролог-ксенофобтар. Олар вирустың бар екеніне сенеді және емделгісі келеді. Алайда оны Қытай немесе АҚШ ойлап тапқанын нақты біледі.

Синофобтар қытай препараттарынан қорқады, себебі ондай емнен кейін жағдай тек нашарлай түседі. Сондай-ақ олар «Made in China» деп жазылған барлық затын лақтырып тастаған, өйткені «олар онда да бір нәрсе салып қоюы мүмкін». Ал «вирус америкалық зертханадан шыққан» деген теорияны жақтаушылар менің мойнымда ілініп жүретін iPhone-ға қауіптене қарайды.

Екінші лирикалық шегініс

Мен Анжела есімді (мұнда дәрігерлік құпия жоқ, сондықтан есімдерді атауға болады) танысыммен ауруханадан тыс жерде әңгімелескен болатынмын. Ол дені сау, хореография оқытушысы деген білімі бар, бірнеше жылдан бері үй шаруасымен отырған әйел.

—  Таша, жағдайды іштен көріп-біліп жүрсің ғой, вирус Қытай биозертханасында жасалғаны рас па?
— Анжел, не деп тұрсың? Қытайлықтар пандемияны өз елінде жасайды деп ойлайсың ба!
— Иә, шынымен де… Онда, бәлкім, америкалық зертханада?
— Анжел, АҚШ вирустан ең көп зардап шеккен ел екенін білесің ғой. Олар биоқару жасап шығарып, оған қарсы вакцина істемеді дейсің бе?
— Хм.. ол да дұрыс. Рахмет, онда мен бәрін түсіндім. Яғни, бұл Ресейдің өзі жасап шығарған, бірақ кейін өзі ауырып қалды. Ондай тек бізде ғана болады ғой, иә?
— …

«Марс тұрғындары кінәлі»

Осындай адамдардың ішіндегі ең қызықтары – уфофобтар (БҰН (беймәлім ұшатын нысан) мен басқа планета тұрғындарынан қорқатындар – Ред.), бірақ олар аз. «Сіз қазан айында Қытайға метеорит құлағанын білесіз бе, міне, коронавирус сонымен бірге ұшып келді!». Бұл жерде логика мықты – вирус метеоритке дейін болмады, ал ол құлағаннан кейін пайда болды. «Кейін деген – соның салдарынан» дегенді білдірмейді деп түсіндіріп көр. Уфофобтармен қиын емес, олардың әңгімесін тыңдап жүріп, басыңды изеп, өз ісіңмен айналыса бересің. Олар ылғалды әрі жоғары ағынды оттегі тыныс алуды жеңілдететінін, түрлі тамшылар мен дәрілер адамды емдейтінін және жақындарына «ғарыштан әкелінген жұқпалы ауру» жұғып кетуі мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан екі апталық карантинді сақтауға әрдайым келіседі.

Технофобтар деген жеке әлем. Олар коронавирус ұялы байланыс арқылы жұғатынына және таралатынына сенімді. Мұндай адамдар Ұлыбританияда 5G мұнараларын қиратып жатса, біздікілер телефондарын алып, «қорғасын сейфіне» салып қоюды сұрауда. Ал палатадағы көрші адамның және жалпы бөлімшенің телефондарын тартып алып, тығып тастаса да тіпті жақсы болады дейді. Олар денеге жанаспай істейтін термометрге күдікпен қарайды, себебі ол да 5G болуы мүмкін. «Олардың ішінде батареялар бар, олар да бізді сәулелендіреді». Олар, әсіресе, термометрді мойынға немесе маңдайға жақындатқанда қатты қорқады – «бірден миға әсер етеді!» дейді.

Міне, біз осылайша конспирологтардың ең қиын түріне жеттік – бұл «чипизаторлар». Олар медицинаның дәлелдеріне мүлдем сенбейді, әр дәрі тамызғышта, дәрілер мен ингаляцияларда наночиптер бар дейді. Олардың айтуынша мұның бәрі оларды бақылау үшін жасалған.

Біреулері «Сізді чиптеп тастады ма? Ауыра ма екен? Қандай сезімде боласыз?» дейді, басқалары палатадағы көршісіне «дәрі тамызғыш қойғызбаңыздар, оның ішінде чиптер бар. Билл Гейтс барлығымызды құл қылмақшы. Мұның барлығын Путин ойлап тапты. Трамптың басшылығымен бізді бақылау үшін ойлап табылған дүние. Бұл Си Цзиньпиннің жоспары, олар осылай Қиыр Шығыстағы жерлерді тартып алғысы келеді».

Үшінші топтағылар «сіздерге чип орнатылып қойған, сондықтан сенесіздер! Мен міндетті болған екпені мүлдем жасатпадым, бірақ ешқашан ауырған емеспін. Сіздер мені екпе арқылы чиптегіңіз келеді. Ол болмаса, дәрі тамызғыш арқылы! Мен мұндайға жол бермеймін».

Төртінші тараптағы адамдар сақтықпен былай деп сұрайды: «Сіз чиптелгенсіз ғой? Қалай екен? Дәм мен иісті қайта сезе аласыз ба? Не өзгерді?». Ең біртүрлі сұрақтар санатында мынау шығар: «Сіз чиптелгенсіз ғой? Айтыңызшы, содан кейін ұйықтауға бола ма? Жалпы кейде ұйықтауға бола ма? Әлде тәулік бойы жұмыс істей беруге бола ма?». Мұндай конспирология кейде тіпті қауіпті. Бір әйел күн сайын менен қайшы мен пышақ сұрайтын. Оның сөзінше ол чиптің қайда екенін сезіп тұр, сондықтан оны кесіп алып тастау керек. Бақытымызға орай, палатада өткір заттар жоқ, сондықтан оны «чиппен» бірге шығарып жібердік.

«Кәдімгі адамдар… негізі, бұрынғыларды еске салады…»

Булгаковтың сөзін келтіре отырып, бүгінде адамдарды пәтер мәселесі емес, карантин мәселесі «бұзғанын» айтуға болады. Емделіп жатқандар арасында ең көп кездесетіндер – жоққа шығарушылар да, конспирологтар да емес. Олар «ал маған былай ыңғайсыз» дейтіндер. Мысалы, медициналық бетпердені көзден төмен бастап кигісі келмейтіндер. Т пациенті – зейнеткер, бірақ жас шамасы бойынша өзін-өзі оқшаулау санатына жатпайды. Оның айтуынша, ол барлық ережелерді қатаң сақтаған – дүкенге адам аз болғанда барған, әрқашан бетперде мен қолғап киіп жүрген. «Қалайша ауырып қалдым» деп таңғалады ол.

Ал содан кейін мен оны КТ-ге апардым (палатадан тыс жерде емделушілер міндетті түрде бетперде киюі қажет). Ол бетпердемен иегін, бетін, аузын жауып, бірақ мұрнын ашық қалдырды. «Маған олай ыңғайсыз, тыныс алу қиын», дейді. Ол бетпердені дүкенге барғанда да дәл осылай киген екен. Осыдан кейін ол сақтық шараларын сақтай отырып, қалайша вирус жұқтырып алғаны туралы сөз қозғамайтын болды.

Кейде, тіпті, қызық пациенттер кездеседі. Олар вирустың бар екеніне сенеді, конспирологиялық теориялар айтпайды, алайда өзін біртүрлі ұстайды. Бізге Л. есімді әже келіп түсті. Жасы 80-де, таяқпен жүреді. Тек бір ғана адаммен қарым-қатынаста болған, ол – әлеуметтік қызметкер. Ол үй жинауға көмектесіп, азық-түлік әкеліп тұрған. «Ол соңғы рет келгенде ауырып тұрғаны байқалды. Алайда ол «суық тиіп қалды, әр маусым сайын осылай болады ғой» деді. (Бұл оқиға сәуірдің басында болған еді, ол кезде Мәскеуде суық болатын).

Әлеуметтік қызметкердің есімі П. еді. Оның ұялы телефон нөмірін маған патронаж қызметі берді. Әлеуметтік қызметкердің Л-дің үйінде болған кез бен Л-дің ауруханаға түскен уақыттың арасы – бір апта. Телефонның ар жағындағы дауыс маған бірден ұнамай қалды.

– Иә, не болыпты? — деді П.
– Мен не сонда жұмыс істемеуім керек пе еді? Таңертең парацетамол іштім де, жұмысқа шықтым.
— Сіз коронавирусты растау үшін анализ тапсырып, карантинде болуыңыз қажет.
— Ой, жарайды, ертең тапсырамын. Бүгін маған әлі 3 адамға бару керек.
— Сіз ауру жұқтырып алған сияқтысыз. Сізге зейнеткерлерге баруға болмайды, олар әлсіз топқа жатады ғой.
— Мен не сонда жұмыссыз қаламын ба?

Ұзақ айтыстан кейін П. емханаға келіп, тест тапсыруға келісті. Кейін КТ оның өкпесінің 30%-дан астамы зақымданғанын көрсетті, оны бірден ауруханаға жатқызды. Ол күніне 3-4 адамға бара отырып, 15-тен көп адамды жұқтыруы мүмкін еді. Олардың қаншасы ауырып қалғаны маған белгісіз. П. біздің бөлімшеге түспеді, сауалнаманы одан басқалар алды. Жедел штаб та оған қоңырау шалған болар. Бар білетінім одан вирус жұқтырған Л. ауыр халде болды, бірақ емделіп шықты.

Қорытындылай келе, біз, «қызыл аймақта» жұмыс істейтін еріктілер, барлық қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтаймыз және ешқандай теорияларға сенбейміз. Осы күнге дейін әлі бірде-біріміз ауырмадық (біз үнемі тест тапсырамыз). Келесі анализ нәтижелерін күтіп отырмын, бірақ олар теріс болатынына сенімдімін.

Бұл материал ҚКА №52-нің хирургиялық бөлімінде жұмыс істеп жүрген автордың өзі көрген оқиғалардан ғана тұрмайды. Мұнда басқа еріктілердің айтқан деректері де бар. Тек әңгіме дәрігерлік құпияны сақтау үшін бірінші жақтан күнделік түрінде жазылды.

Таша Соколова
Журналистка, фактчекер, тренер по медиаграмотности. Создательница проекта «Монитор», занимающегося контролем обещаний и деконструкцией пропаганды в российских медиа.