Украина халқы мен президенті Сахаров сыйлығын иеленді

Украина халқы мен президенті Владимир Зеленский Еуропарламенттің Андрей Сахаров атындағы “Ой еркіндігі үшін” сыйлығының иегері атанды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Премия 14 жетоқсанда Страсбургте салтанатты түрде табыс етіледі. Еуропарламент төрағасы Роберта Мацола бұл марапаттың майданда соғысып жатқан украиндықтарға, қашуға мәжбүр болғандарға және туысы мен жақынынан айырылғандарға арналғанын айтты.

Осы мәселе бойынша конференцияның президенттерінде [Еуропарламенттің басқару органдары – ред.] ортақ шешім болғанын айтқым келеді. Кейінгі тоғыз айда Еуропарламент пен бүкіл әлем украиндықтардың өз елін, бостандығын, үйі мен отбасыларын қалай ерлікпен қорғағанын көрді. Украина халқы да Еуропа үшін және біз сенетін бостандық, демократия мен заң үстемдігі сияқты құндылықтар үшін өз өмірін қатерге тікті. Бұл марапатқа олардан артық ешкім лайық емес. Ержүрек украин халқының берілмейтініне сенемін және біз де берілмейміз.

Роберта Мацола, Еуропарламент төрағасы

Сахаров сыйлығын Еуропарламент 1988 жылы мақұлдаған. Бұл марапат дүниежүзіндегі адам құқықтары үшін күреске ерекше үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Премия кеңестік құқық қорғаушы және диссидент Андрей Сахаровтың құрметіне аталған.

Factcheck.kz