Украина делегаттары Қазақстанға коронавирус туралы жалған анықтамамен келгені рас па?

Бірнеше күн бұрын қазақстандық, украиналық және ресейлік БАҚ-та украиналық шенеуніктер Қазақстанға іссапарға коронавирус туралы жалған анықтамамен келді деген ақпарат тарай бастады.

Украина инфрақұрылым министрі Владислав Криклий мен Қазақстандағы Украина елшісі Пётр Врублевский Қазақстанның премьер-министрі Асқар Маминмен кездесуді жоспарлаған. Бірақ кездесу үшін оларға коронавирустың жоқ екенін дәлелдейтін ПТР-тест анықтамасын көрсету керек болған. Дегенмен анықтаманы тексеру кезінде премьер-министрдің қауіпсіздік қызметі оның жалған екенін анықтап, украиналық делегаттарға Маминмен кездесуге рұқсат бермеген.

Сондай-ақ кейбір БАҚ Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль осы оқиғаға байланысты Асқар Маминнен кешірім сұрапты, бірақ Мамин кешірімді қабылдамағандықтан халықаралық жанжалға ұласуы мүмкін деп жазды.

Factcheck.kz оқиғаның рас-өтірігін тексеріп көрді.

Үкім: Манипуляция

Екі тарап оқиғаға өзінше түсінік беріп жатқанымен, «жалған анықтама» туралы ақпаратты ешқайсысы растамады. Мамин мен Криклидің кездесуі расымен болмай қалды, бірақ оның себебі басқада тәрізді. Сондықтан біз «манипуляция» деген үкім қоямыз.

ҚР премьер-министрі баспасөз қызметінің 23 қарашадағы мәлімдемесіне сәйкес, кездесудің өтпей қалған себебі – украина делегат мүшелерінің ПТР-анықтамасының мерзімі 5 күнге өтіп кеткен. Алайда Украина инфрақұрылым министрлігі Қазақстан тарапы кездесу уақытын белгілей алмағандықтан Криклий Маминмен кездеспеді деп хабарлады.

Денис Шмыгаль кешірім сұрап, Асқар Мамин оны қабылдамағаны рас па – ол жағын баспасөз қызметі хабарламады. Дегенмен Orda.kz сайтының бас редакторы Гүлнар Бажкенова телеграм-арнасында Асқар Мамин украина делегациясымен кездесуден бас тартты, сол себепті кешірімді де қабылдамады деп жазды.

Сонда да, бұл оқиғада түсініксіз дүние көп және Factcheck.kz-тің бірқатар сұрағы бар. Ол туралы толығырақ төменнен оқыңыз.

Біз не білеміз?

Инфрақұрылым министрі Владислав Криклий 2020 жылдың 9 қарашасында Қазақстанға іссапармен келді. Елге кіргеніне қарасақ, оның ПТР-анықтамасын қабылдаған.

Елде болған уақытта Криклий ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Склярмен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевпен, «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев және Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевпен кездесіп үлгерді. Кездесулер туралы есеп Украина инфрақұрылым министрлігі сайтында жарияланды. Бұл шенеуніктермен кездесуге ешқандай кедергі жоқ деп болжауға болады. Бірақ инфрақұрылым министрі Асқар Маминмен кездесе алмаған.

13 қарашада, жалған анықтама туралы жаңалықтар шыға бастағаннан кейін Украина инфрақұрылым министрлігі ақпаратты жоққа шығарып, Владислав Криклий мен Асқар Маминнің кездесуінің болмай қалуына Қазақстан тарапының кездесу уақытын белгілей алмағаны себеп болды деп жазды. Министрліктің баспасөз қызметі кездесу 10 қарашаға жоспарланғанын хабарлады, бірақ Қазақстан тарапы уақытты нақтыламаған. Кездесу күні мен уақыты бірнеше рет өзгерді, 12 қараша өтеді деп те жоспарланды, бірақ нақтылануы керек еді.

Жалған анықтама туралы жаңалықты министрлік Ресей туралы жазатын БАҚ-тың медиашабуылы және жалған жала деп мәлімдеді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Владислав Криклий іссапарға шықпас бұрын Киев қаласындағы Into Sana зертханасында ПТР-тест тапсырған.

23 қарашада ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметі Orda.kz порталына осы жағдайға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, үкімет басшысы Украина инфрақұрылым министрімен кездесуге дайын болған, бірақ украина делегация мүшелерінің ПТР-анықтамасының мерзімі 5 күнге өтіп кеткендіктен кездесу болмаған.

Осы жерде мынадай сұрақ туындайды. Егер ПТР-анықтама мерзімі 5 күннен артық мерзімге өтіп кеткен болса, украина делегациясы Қазақстанға қалай келген? Өйткені Криклий 9 қараша ұшып келді, ал Маминмен 10 немесе 12 қарашада  кездеспек болған (украина тарапының мәліметі бойынша). Тіпті кездесу 12 қарашаға жоспарланды дегеннің өзінде украина делегациясының анықтамасының мерзімі елге келген уақытта-ақ өтіп кеткенін аңғаруға болады.

Егер, расымен анықтаманың мерзімі өтіп кеткен болса Украина инфрақұрылым министрлігі баспасөз қызметінің Владислав Криклий іссапарға шықпас бұрын ПТР-тест тапсырды деген мәлімдемесі жалған болып тұр.

Сондай-ақ анықтама туралы оқиғаның үшінші нұсқасы да бар. Украина депутаттарының бірі әрі Владислав Криклийдің «Слуга народа» партиясындағы серіктесі Александр Скичконың «НАШ» телеарнасына берген сұхбаты бойынша, инфрақұрылым министрлігінің екі анықтамасы болуы керек еді: біріншісі – елге кіру үшін, екіншісі – арнайы Асқар Маминмен кездесу үшін.

Коронавирусқа екінші тестті премьермен кездесуден 24 сағат бұрын тапсыру қажет болған. «Неге екенін білмеймін, нәтижесін алмадық, кездесу бейсенбіге жоспарланған (12 қараша, – авт.), яғни тестті Қазақстанда тапсыру керек. Содан осындай қайшылық туындады, мен бұл жағдайды түсініспеушілік және ресми дәрежедегі масқара деп ойлаймын. Мұндай сорақылыққа жол берілмеуі керек», – деді Скичко.

Сондай-ақ Скичко бір күн бұрын өзінің Фейсбук парақшасында осы оқиғаға байланысты министрді қатты сынға алып, қызметінен кетуге шақырды. Ол жалған ПТР-анықтама туралы жаңалықты фейк деп есептегенін, бірақ кейін «түрлі дереккөздерден» ақпараттың рас екенін білгенін жазған.

Жалпы, депутаттың посттарын оқысаңыз бұрыннан инфрақұрылым министрінің отставкаға кеткенін қалайтынын байқауға болады. Сөздерінің қарама-қайшылығы мен жеке көзқарастары мәлімдемелеріне күдікпен қарауға мәжбүрлейді. Оған қоса «НАШ» телеарнасының сайты жалған ПТР-анықтамалар туралы жаңалықтардың көзі. Сонда да біз оқиғаның біржақты емес екенін көрсету үшін сіздерге осындай нұсқаларды ұсындық.

Владимир Криклийдің өзі әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты ешқандай пікір білдірмеген.

Ақпарат қалай тарады?

  • Владислав Криклий мен Петр Врублевскийді жалған анықтама үшін премьер-министр Маминмен кездесуге жібермегені туралы ақпарат 12 қарашада Украинаның «НАШ» телеарнасының сайты мен «OBOZREVATEL» порталында жарияланды. «НАШ» мәліметтің қайдан пайда болғанын көрсетпесе, «OBOZREVATEL» «жасырын дереккөзге» сілтеме жасаған. Жаңалық кейбір украиналық және ресейлік БАҚ-та тез тарап кетті.
  • Украина премьер-министрі Қазақстан премьер-министрінен кешірім сұрағаны туралы ақпарат әуелі 19 қарашада «Крокодил» телеграм-арнасына шықты. Арна авторлары «украина үкіметіндегі дереккөздерге» сілтеме берген.
  • 20 қарашада украиналық «Шептун» телеграм-арнасы премьер-министр Мамин Денис Шмыгальдің кешірімін қабылдамағанын хабарлады. Жариялым авторы ешқандай дереккөзді көрсетпеген.
  • Оқиға туралы жаңалық Қазақстанда 21 қарашада «Комсомольская правда» сайтында жарияланып, оны басқа да жергілікті басылымдар көшірді. Finance.kz телеграм-арнасы да жазып, жалған анықтама туралы ақпаратты арнаға екі тәуелсіз дереккөз растағанын хабарлаған.

Бір қызығы, Zakon.kz сайты 22 қарашада «Коронавирусқа жалған тест оқиғасы үшін кешірім сұраған Украина премьерінің кешірімін Мамин қабылдамады» деген тақырыппен жаңалық жариялады, бірақ кейінірек сайттан өшіріп тастады. Бұл қателікті мойындау ма – бізге белгісіз.

Қорытынды:

  • Украина делегациясы Қазақстанға жалған ПТР-анықтамамен келді деген жаңалықты ресми дереккөздер де, ашық мәліметтер де растамады.
  • Асқар Мамин Денис Шмыгальдің кешірімін қабылдамады деген мәліметті әзірге Orda.kz порталының бас редакторы ғана растады.
  • Оқиғаның өзі қарама-қайшы және пропаганда ережесімен құрылған. Біз әлі жаңа деректер пайда болады деп болжап отырмыз, сол себепті Factcheck.kz оқиғаны бақылап отырады.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz