Тегін баспана, 300$ мен медкөмек | Ердоған туралы тағы бір аңыз

Әлеуметтік желі мен мессенжерлер арқылы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға қатысты кезекті ақпарат тарап жатыр. Хабарламада Ердоғанның «‎65 жастан асқан әрбір тұрғынға тегін баспана, медициналық көмек және өмірінің соңына дейін 300 доллар жәрдемақы төлеу»‎ туралы заңға қол қойғаны жайында айтылады. Оқырман өтініші бойынша Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Тегін баспана, 300$ мен медкөмек | Ердоған туралы тағы бір аңыз
Желіде тараған сурет

Үкім: Фейк

Түркия президентінің сайтынан, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтынан, мемлекеттік ақпараттық сайттардан мұндай құжат не дерек табылмады. Сондықтан, бұны Ердоғанның «‎тамаша шешімдері»‎ туралы тараған кезекті жалған ақпарат деуге болады. Мұндай деректің шығуына не түрткі болғанын төменнен оқыңыз.

Іздеу жүйесі арқылы тапқан деректерімізге сай, ақпарат 2018 жылдары басқа тілде тарай бастаған. Тек, ол кездегі материалда қарттарға көмек ретінде қажылыққа барып келу де аталады. Осы ақпарат 2020 жылы орыстілді медиа кеңістікке келгенде «‎қажылық»‎ туралы сөз түсіп қалған.

Фейктің шығуына елдегі 65 жастан асқан зейнетақы алатын адамдарға қатысты ақпараттың көп болуы әсер еткен. Бірақ материалдарда қарттарға басқа елдерде де жасалатын стандарт жеңілдік/көмек туралы жазылған және тегін үй, қажылық, медкөмек пен долларлар туралы ештеңе айтылмайды.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz