Ердоған “Борат 2” фильміне тыйым салды ма?

Жақында әлеуметтік желілерде “Борат 2” фильміне Түркияда тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады. Хабарламада Еродоғанның өзі фильмді көрсетпеуге пәрмен бергені жазылған. Тұрақты оқырманымыздың өтініші бойынша ақпараттың қаншалықты рас екенін тексердік.

Ердоған "Борат 2" фильміне тыйым салды ма?

Үкім: Фейк

Түрік тілді сайттар мен еліміздің ресми органдарының сайтынан осымен мазмұндас жаңалық табылмады. Бір қызығы, бұл ақпаратты тек Tau news сайты ғана әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған және дерекөзді көрсетпеген. Аталмыш сайттың өзінен мұндай ақпарат таппадық. Түркия президентінің ресми парақшасы мен елдің ресми сайттарында да мұндай ақпарат жоқ.

Фильм Қазақстанда көп дау тудырған соң әдейі таралған фейк болуы мүмкін. Бұған дейін Түркиямен Франция қатынасы ушығып, Р. Ердоған француз тауарларынан бастартуға шақырған. Ақпараттың тарауына мұның да әсері болуы ықтимал.

Бұл фейкті таратуға әлеуметтік желідегі “селебрити де” атсалысқан. Мысалы, жақында Qazaqstan телеарнасында “Тәлім Trend” бағдарламасын ашқан Мұхамеджан Тазабек ұқсас ақпаратты өзінің Facebook парақшасына жүктеп, көп ұзамай өшіріп тастаған.

Ердоған "Борат 2" фильміне тыйым салды ма?
Мұхамеджан Тазабектің парақшасынан скрин.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz