Шешенстанда “Синтонимы” кітабын сатуға тыйым салынды

Шешенстан ұлттық саясат, сыртқы байланыс, басылым және ақпарат министрі Ахмет Дудаев елде Медина Мирайдың “Синтонимы” атты кітабын сатуға тыйым салды. Аталған туынды сиқырлық мектебінде оқитын екі ер баланың достығы жөнінде сыр шертеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Дудаевтың пікірінше, кітап “шешен халқының дәстүрі мен ғұрыптарына қайшы өмір салтын” насихаттайды. Министр бұл жөнінде Инстаграмдағы парақшасында видеомәлімдеме жасады.

Ресейдің оңтүстігіндегі Майкоп қаласында дүниеге келген Медина Мирай – фэнтези және янг-эдалт жанрында әңгіме жазатын жас жазушы. Оның прозасында фантастикалық сюжеттер мен ЛГБТ, буллинг, бопсалау тақырыптары бойынша ашық диалогтар қабысқан.

ЕҚЫҰ баяндамасына сәйкес, Шешенстан билігі ЛГБТ өкілдерін тұрақты түрде қудалайды. Баяндама сарапшысы Вольфган Бендек шешен гейлеріне қарсы кампанияны республика және федералдық биліктің ұстанымымен ұштастырады. Ол қудалауға Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров пен парламент төрағасы Магомед Даудов жауапты деп санайды. ​

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz