Полиция Qaznews24 парақшасының авторынан жауап алған соң босатты

Qaznews24 сатиралық инстаграм парақшаның авторы Темірлан Енсебекті Алматы полиция департаментінен жауап алғаннан кейін босатты. Бұл туралы Vlast.kz сайты хабарлады.

Темірлан Енсебек жауап алу барысын жарияламау туралы келісімге қол қойды.

Мен [жауап алу барысын] жарияламау туралы келісімге қол қойдым. Сондықтан жауап алу кезінде не болғанын айта алмаймын. Мен айта алатын жалғыз нәрсе: иә, мен [сатиралық посттарды] жарияладым. Тергеу бойынша бостандығымды шектемей, үйге жіберуге шешім қабылданды. Іс 274 – баптың 2-бөлігінің 3-тармағы көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша жүргізіледі” – деді ол.

Сонымен қатар, Енсебек Qaznews24 парақшасында жарияланған материалдар жаңалық емес, сатиралық контент екенін мәлімдеді. Бұған қоса бұл іс бойынша кінәлі емес екенін айтты. Парақша авторының айтуынша, тінту және жауап алу туралы шешімді Нұр-Сұлтанның ауданаралық соты қабылдаған. Сонымен бірге, сот қаулысында арнайы қызметкерлер Енсебектің IP-мекен-жайын анықтағаны жазылған.

Алматы полициясы Qaznews24 парақшасының авторына қатысты “көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін” сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Контекст

  • Бұған дейін Алматының Масанчи көшесінде Оyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділері полиция департаментінің алдында жиналды. Олар Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Енсебекті босатуды талап етті. Белсенділер департаменттің алдында «Темірланға бостандық!» деп ұрандатты.
  • Енсебекті полиция департаментіне алып кетпес бұрын оның үйінде тінту жүргізілді. Бұл туралы Vlast.kz журналисіне телефон арқылы жұбайы айтты. Еңсебектің зайыбының айтуынша, полицейлер тінтуді бастамас бұрын Қылмыстық кодекстің 274-бабы (“Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату”) бойынша іс қозғалғаны туралы қағазды көрсеткен.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz