Алматыда Qaznews24 әкімшісін полиция департаментіне алып кетті

15 мамырда инстаграмда Qaznews24 деген атпен танылған сатиралық топтың әкімшісі Темірлан Енсебекті Алматы қаласының полиция департаментіне тергеуге алып кетті. Бұл туралы Vlast.kz сайты хабарлады.

Әзірше, полиция қызметкерлері ешқандай түсініктеме бермеді. Сонымен қатар, Енсебектің достары мен журналистер қойған сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Ал полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек Vlast.kz журналистерінің хабарламасына жауап бермеді.

Енсебекті полиция департаментіне алып кетпес бұрын оның үйінде тінту жүргізілді. Бұл туралы Vlast.kz журналисіне телефон арқылы жұбайы айтты. Еңсебектің зайыбының айтуынша, полицейлер тінтуді бастамас бұрын Қылмыстық кодекстің 274-бабы (“Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату”) бойынша іс қозғалғаны туралы қағазды көрсеткен.

Qaznews24 тобында сатиралық стильде нақты оқиғалар сипатталып, ойдан шығарылған жаңалықтар жарияланады. Мұндай медиа көптеген елдерде бар.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz