Леонард Колдуэлл: натуропат-дәрігер және танымал конспирологтың пікірлерін тексеру

Желіде Леонард Колдуэлл есімді дәрігердің сұхбатының видеосы тарап жатыр. Ол коронавирус, 5G технология және вакцинацияның құпиясын ашып, чиптеу туралы ескертеді. «Дәрігер Леонард Колдуэлл: Күзде мәжбүрлі вакцинация болады» деген тақырыбы бар видео алғаш 30 мамырда «А если честно» ақпарат агенттігінің Youtube арнасында жарияланды. Бірақ аз уақыттан кейін «қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін» платформадан өшірілді. Осыған орай агенттік сұхбатты өзінің басқа әлеуметтік желілердегі, оның ішінде «ВКонтакте» мен «Яндекс  Дзен» парақшаларында жариялады.

Сол аралықта видеоны басқа арналар көшіріп, Youtube-ке қайта салған. Мысалы, мына арнада сұхбаттың қысқарған және монтаж кезінде өзгерген нұсқасы 2 маусымда жарияланып, 4,7 миллион қаралым жинаған. Роликтің өзгермеген, толық нұсқасын мына жерден көруге болады. Ролик басқа сайттарға да тарап кетті.

Көрермендердің видеоға деген қызығушылығына қарай Factcheck.kz сұхбат қонағы айтқан кейбір пікірді тексеріп көрді. Айта кетейік, Колдуэлл 30 минут ішінде түрлі тақырыптарды сөз қылған. Factcheck.kz бұрын 5G, вакцинация мен гидроксихлорохин туралы жазып қойғандықтан, бұл материалда басқа тақырыптарды қозғаймыз.

Егер уақытыңыз аз болса, алдын ала қорытындыны айта кетейік: сұхбатта манипуляциялық, жалған және факт пен заманауи ғылым дәлелдемеген жартылай шын пікірлер араласқан. Леонард Колдуэлл – қарсы шығушы тұлға. Ол тіпті талдап отырған роликтегі өз сөзіне өзі қарсы шығады. Дәрігер медицинадағы беделді тұлға ретінде көрсетілген, бірақ оның көп жетістігі күмәнді және дәлелденбеген.

Леонард Колдуэлл деген кім?

Әуелі дәрігер Леонард Колдуэлл деген кім және неге оның сөзін тыңдау және екенін біліп алуымыз керек. Сұхбаттың толық нұсқасында ол өзінің жақын адамдарының барлығы дерлік қатерлі ісіктен қайтыс болды дейді. Колдуэлл 12 жаста болғанда анасы қатерлі ісікпен ауырған. Дегенмен ол дертінен сауығып шыққан және әлі тірі. Ары қарай ол жетістіктерін тізіп шығады:

«Қазір науқастарымның 92,3%-ы рактан емделіп шығады. Менде рактан емделу дәрежесі өте жоғары. Бұл пікір төрт тәуелсіз зерттеуге негізделген. Еуропаның өзінде менің семинарларыма 7 700 000 адам қатысты. 6 тілде 25 бестселлер кітабым жарық көрді. 5 миллиардтан астам адам менің видеоларымды көрді. Мен бұл салада 47 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Интернеттің өзінде менің кітабым мен видеоларым арқылы ракты жеңіп шыққан 1 900 000 адамның алғысы бар. Мен әлемдегі ірі компаниялардың бәріне семинар өткіземін. Мен дәріс оқымаған бірде-бір ірі ұжым жоқ шығар. Мен мотивациялық спикер және дәрігермін», дейді Колдуэлл.

Колдуэллдің кейбір пікірлерін тексеру мүмкін емес. Мысалы, ол рактан емделгендердің жоғары дәрежесі өзіне тиесілі екенін айтқанымен, атап өткен тәуелсіз басылымдарға сілтеме бермеген. Дегенмен, осындай қызметін ескеріп Колдуэллдің танымал адам екенін болжауға болады. Таңқаларлығы,  интернет-іздеу оның жеке басы туралы аз ғана ақпарат береді. Біз Wikipedia-ны дереккөз деп есептемейміз (ол дереккөздерге сілтеме көзі), бірақ айта кеткен жөн, онда Колдуэлл туралы кішігірім парақша бар, тек неміс және норвег тілінде. Жалпы дәрігер туралы оның көптеген веб-сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларынан оқуға болады.

Twitter-дегі парақшаларының бірінде (үш парақшасы бар) Колдуэлл өзін табиғи медицина ғылымының, дәрігер-натуропат, философия (PhD)  және клиникалық нейропсихология докторы сертифакаты бар қатерлі ісік аурулары бойынша жетекші маман деп атайды.

Натуропатия – дәрі мен хирургияны араластырмайтын және табиғи агенттерді (ауа, су және шөп сияқты) пайдалануға баса назар аударатын витализм теориясына негізделген альтернативті медицинаның бір түрі. Натуропатия дәлелді медицинаға жатпайды. Қазіргі заманғы медициналық ғылым натуропатияны емдеудің көптеген әдісін тиімсіз деп санайды. Осыған қарамастан, натуропатия көптеген елде кеңінен қолданылады.

Дәрігер өзінің Instagram-дағы биосында өзін радио-шоу жүргізушісі, спикер және коуч деп көрсеткен. Колдуэллдің Facebook-те 6 парақшасы, Youtube-те 2 арнасы және 19 веб-сайты бар. Сонымен қатар ол ВКонтакте және Telegram-да тіркелген.

Барлық мәліметті ескере отырып, «қатерлік ісік аурулары бойынша алдыңғы қатарлы маман» туралы алдыңғы қатарлы ұйымдар мен басылымдардың айтпайтыны қызық. Колдуэллдің веб-сайтының бірі, біздің сұрағымыздың алдын алып, былай деп жазған:

«Дәрігер Колдуэлл бірде-бір статистикаға қосылмайтын бірнеше бестселлер жазды»

«Ол өзі 35 000 науқасты қатерлі ісіктен айықтырды, оның кітаптары, аудио мен видеосы арқылы ғана 1,5 миллион адам өздерін емдедік деп алғыс хат жолдаған. Дегенмен  оны ешкім танымайды, себебі оны барлық жерде бұғаттап тастаған!»

Осы жерде деректер сәйкеспей тұр. Дәрігер Еуропаның өзінде тренингіме 7,7 миллион адам қатысты, әлемнің ірі компанияларының барлығына семинар өткіздім деді. Егер осы айтқаны шын болса, оны ешкімнің танымауы мүмкін емес. Және егер оны барлық жерде бұғаттап тастаса, семинарлары мен тренингілерін қалай өткізген?

Веб-сайтта Колдуэлл 14 жасында анасын бауыр рагынан, бауыр циррозынан және С гепатитінен емдеді делінген. Сайттағы ақпарат пен мақалалардан дәрігердің «Қатерлі ісікпен ауыратын науқастарды қорғау қорының» президенті екенін білдік. Ол фармацевтикаға қарсы, жаһандық жылыну мен коронавируске сенбейді. Ол ракты емдейтін жалғыз тиімді тәсілді ойлап таптым деп есептейді. Оның ең танымал кітабы да солай аталады – The ONLY answer to cancer («Қатерлі ісікке жалғыз жауап»).

Колдуэллдің авторлық қызметі тақырыбын жалғастырсақ. Amazon-да оның 10 кітабы ұсынылған. Басқа жеке сайтта 26 кітап көрсетілген – 16-ы неміс, 10-ы ағылшын тілінде. Оған қоса румын және поляк тілдеріне аударылған екі кітап бар. Автор сұхбат барысында өзімен жұмыс істеген екі баспагер біреулердің қолынан қаза тапқанын, өзін де бірнеше рет өлтірмек болып, қастандық жасалғанын мәлімдеді. Қастандық жасалғаны және өміріне қауіп төнгені туралы ол сайтта да жазған. Оған қоса дәрігер Facebook, Google және Youtube-тің өзіне қарсы «қылмыстық қастандығы» бар деп болжайды.

Кітап, аудио және бейне бағдарламаларды сатудан бөлек Колдуэлл әртүрлі натуропаттық препараттарды сатумен айналысады. Сайттарының бір бөлігі – интернет-дүкендер.

Кейбір БАҚ дәрігер Колдуэлл туралы айтқан, бірақ жақсы жағынан сипаттамаған. Die Welt неміс басылымы оны бұрын өтірігі әшкере болған эгосы жоғары конспиролог (бірақ талантты спикер) деп атайды. 1990 жылдардың соңында ол Telecom және Lufthansa компанияларында жұмыс істегенін айтқан, бірақ кейінірек компаниялар ол туралы естімегендерін мәлімдеді.

Сонымен қатар Die Welt басылымында оның шын аты Бернд Кляйн екені жазылған. Кейбір мәлімет бойынша Леонард Колдуэлл – оның сахналық лақап аты. Ал тағы бір деректерде ол Германиядан АҚШ-қа қоныс аударған кезде заңды түрде есімін өзгертті делінген.

Төменде пікірлерді тексереміз.

Пікір: Қолдан жасалған вирустан болған өлім саны – 0,03%, яғни маусымдық суық тию мен маусымдық тұмаудан бірнеше есе төмен.

Леонард Колдуэлл

Үкім: манипуляция және жалған

Қазіргі уақытта ғылыми деректер коронавирус табиғи жолмен пайда болғанын дәлелдеді. Мұндай пікірді ДДСҰ мен ғалымдар танымал ғылыми басылымдарда жариялап жүр.   

Вирустан қайтыс болғандарға келер болсақ, олардың саны әр мемлекетте әртүрлі. Мәселен, Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес, COVID-19-дан болған өлім Францияда – 15,3%, АҚШ-та – 5,7%, Ресейде – 1,3% құрайды. Басқаларға қарағанда коронавируспен тиімді күресіп жатқан Сингапурде вирустан болған өлім – 0,1%. Дәрігер әлемдегі жағдайды айтты ма, әлде нақты бір елді келтірді ме, белгісіз, бірақ бүгінгі күні коронавирустен қайтыс болғандар саны одан да жоғары – 0,03%.

Пікір: Ауруханалар ӨЖЖ-ге (өкпені жасанды желдету аппараты)  жатқызылған науқас үшін 39 000 доллар алады

Леонард Колдуэлл

Үкім: Жартылай шындық

Ауруханаларға коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін бөлінетін қаражат туралы пікірлерді екі фактчекинг ұйымы – Politifact және Factcheck.org тексерген болатын. Колдуэлл тағы да қай елді айтып отырғанын нақтыламады, бірақ әңгіме АҚШ туралы.

Ауруханалар коронавирус жұқтырған адам үшін 13 000 доллар және ӨЖЖ қосылған науқас үшін 39 000 доллар алатынын әуелде Миннесот штатының сенаторы, дәрігер Скотт Дженсен Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты. Сонымен қатар ол COVID-19-дан қайтыс болғандар саны бұдан аз болуы мүмкін екенін болжады. Содан кейін оның сөздері интернетте тарап, оған түрлі ойдан шығарылған ақпарат қосылды.

Шын мәнінде қаражат ауруханаларға жәй «жұқтыру жағдайы» үшін емес, соларды емдеуге бөлінеді. Politifact мақаласында айтылғандай, ӨЖЖ қосылған науқас көбірек қамқорлыққа және медициналық манипуляцияға мұқтаж. Себебі оның жағдайы басқаларға қарағанда нашар. Осыны ескерсек, оны емдеуге де көбірек қаражат кететін тәрізді.

Дженсен айтқан сандар шындыққа жақын. Денсаулық сақтау саласындағы «Кайзер отбасылық қоры» коммерциялық емес ұйымы өз талдауында Medicare медициналық сақтандыру федералдық бағдарламасы аясында 2017 жылы респираторлық инфекциялар мен содан болатын ауру және асқыну, қабыну үшін орташа төлем 13297 долларды құрағанын көрсетті, ал одан қиын жағдайларда, яғни науқаста ӨЖЖ 96 сағаттан артық уақытқа қажет болса 40218 доллар төленді.

Қазіргі жағдайда CARES (коронавирус кезіндегі экономикалық көмек) заңына сәйкес, жоғарыда көрсетілген мөлшерлемеге төтенше жағдай кезінде коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу және COVID-19 дертіне шалдыққан сақтандырылмаған науқастарды емдеуге кеткен шығындардың өтемі ретінде 20% тағы қосылуы мүмкін.

Ауруханалар ӨЖЖ-ге көп науқасты қосу арқылы байып жатыр және коронавирустан қайтыс болғандардың саны одан әлдеқайда аз болуы мүмкін деген болжам фактпен дәлелденген жоқ. Скотт Дженсеннің өзі Factcheck.org-ке берген сұхбатында ауқымды медициналық алаяқтықты айтқысы келмегенін, өлім жағдайын тіркеудің стандарттарының нақты еместігіне күмәнданғанын мойындады. Оған қоса Politifact жазуынша, қайтыс болғандар саны диагностикалау кезінде қиындықтар туындағандықтан, керісінше, азайтылып айтылуы мүмкін екеніне дәлел бар.

Пікір: Егер науқас ӨЖЖ-де (өкпені жасанды желдету) алты күннен артық жатқан болса, оны ӨЖЖ-сіз жағдайын жақсарту мүмкіндігі нөлге тең. 88%-ы қайтыс болады. Себебі желдеткіш тыныс алуға көмектеспейді, ағзаны оттекпен қамтамасыз етпеді.

Леонард Колдуэлл

Үкім: Манипуляция

Биыл сәуірдің соңында Америка медициналық ассоциация журналында Файнштейн атындағы медициналық зерттеу институттары ғалымдарының мақаласы шықты. Олар Нью-Йорк қаласында ауруханаларға COVID-19 диагнозымен түскен 5700 науқастың ауру мен емдеу барысына талдау жасаған. Басқа нәтижелермен қатар, инвазиялық тәсілмен (интубация) ӨЖЖ аппаратына қосылған 320 науқастың 282-і (яғни 88,1%) өмірден өткені белгілі болды. Бұл сан инвазиялық емес (оттек маскасы) және инвазиялық тәсілдің айырмашылығы үнемі жазыла бермейтін БАҚ беттерінде жарияланды. Мәселен, CNN және WebMD сынды танымал жаңалықтар ресурсы жалпылама ventilators (ӨЖЖ машиналары) деген сөзді пайдаланған. Ал  New York Times екі ұғымды бөліп көрсетіп, осы тұрғыда дұрыс ақпарат берген.

Инвазиялық және инвазиялық емес желдету арасындағы айырмашылық:

  • Инвазилық емес желдету – желдеткіштің көмегіне мұқтаж, бірақ терең гипоксияны (оттек жетіспеуі) сезінбейтін науқастарға көмек көрсетудің алғашқы қадамы.
  • Инвазиялық желдету – тыныс алу жолдарынан ауаның өтуін қамтамасыз ету үшін кеңірдекке эндотрахеальді түтікшені енгізу. Бұл тыныс алудың жетіспеушілігін емдеудегі келесі қадам. Гипоксияның күрделі түрлерінде пайдаланылады.
  • Сол зерттеу бойынша, ӨЖЖ (инвазиялық және инвазиялық емес) қажет болған науқастардың жалпы саны 1151 адам болған. Олардың 831-і зерттеу жарияланған сәтте әлі ем алып жатқан.

Оған қоса, зерттеушілер де, дәрігерлер де ӨЖЖ-ге қосылған науқастар арасында өлім деңгейі жоғары екенін айтады. Бірақ мұнда себеп-салдары туралы сұрақ туындайды. Желдеткішті пайдаланған кезде түрлі асқынулар туындауы мүмкін. Оған қоса өкпені желдеткіш аппаратына қосқан науқастар өздігінен дем ала алмайды. Яғни олар мұндай көмекке мұқтаж. Егер сырқатқа шалдыққан адам қайтыс болса, бұл ӨЖЖ-мен байланысты ма әлде басынан жағдайы ауыр болғандықтан ба?

Нью-Йорктегі Маунт-Синай ауруханасының WebMD пульманолог-дәрігері Удит Чадданың айтуынша, ӨЖЖ аппаратына қосылғандықтан жанама әсер пайда болып, науқастың ауруы асқынатындықтан кейбір қарқынды терапия бөлімшелері коронавирус жұқтырған науқастарды мүмкін болған соңғы сәтке дейін ӨЖЖ аппаратына қоспауға тырысады. «Оларда респираторлық дистресс басталғанша интубация жасауға асықпаймыз», деді дәрігер Чаддха.

Огайодағы Кливленд клиникасының жедел медициналық көмек бөлімінің меңгерушісі дәрігер Хасан Хулидің айтуынша, жағдайы ауыр науқастарға тірі қалу үшін желдеткіш қажет, керісінше ӨЖЖ өте қауіпті болғандықтан қайтыс болмайды. Оған қоса дәрігер науқасқа зияны тиіп кетпес үшін ӨЖЖ аппаратымен мұқият жұмыс істеу керектігін айтты.

Тағы айта кететіні, коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайын асқындыратын бірнеше қауіп факторы бар. Зерттеуде қарастырылған 5 700 адамның ішінде гипертония  (56,6%), семіздік (41,7%) және диабет (33,8%) секілді қосымша дерттері болған. Қайтыс болған науқастардың ішінде гипертония немесе диабеттен зардап шегетіндері қарқынды терапия бөліміне түсіп, интубация алуға бейім болған.

88% дегенді келтіре отырып, Колдуэлл тағы да әңгіменің әлем туралы емес, Нью-Йорк туралы болып отырғанын нақтыламады. 6 күн деген санға келер болсақ, оның мұндай мәліметті қайдан алғаны тағы белгісіз. Әрине, желдеткіш тыныс алуға көмектеспейді деген пікір қате. Себебі ӨЖЖ аппаратының қызметі – тыныс алуға көмектесу.

Пікір: Кім қайтыс болатынына қараңыз. Германияда тексеріпті – қайтыс болғандардың орташа жасы – 82. Ал орташа өмір сүру ұзақтығы – 80 жыл. Яғни, олар 2 жылға ұзағырақ өмір сүрген. Химиотерапия алатын қарт әрі сырқат адамдар көз жұмады. Олар бәрібір қайтыс болар еді.

Леонард Колдуэлл

Үкім: Манипуляция

Роберт Кох атындағы Институттың 1 маусымдағы баяндамасында COVID-19-дан қайтыс болғандардың орташа жасы 81 деп хабарланған. 82 жыл дегеніміз – медианалық жас. Германиядағы орташа өмір сүру ұзақтығы – 81,1 жас. Тек қарт және химиотерапия алатын науқас адамдар көз жұмады деген пікір шындыққа жанаспайды. Орташа жас тек қайтыс болған науқастардың ішінде қай топтағылардың көп екенін көрсетеді. Жас адамдар коронавирустан қайтыс болмайды деген сөз емес.

Колдуэлл сандардан қатты қателеспесе де, оларды коронавирустың жоқ/зиянды емес екенін дәлелдеу үшін келтірген. Бірақ бір елдің деректері әлемдік жағдайды көрсетпейді. Коронавирустен қайтыс болғандардың орташа жасы әр елде әртүрлі. Қарт адамдар қауіп бірінші төнетін топта болғанымен, басқа топтағыларға вирус қауіпті еместігін білдірмейді. Алдыңғы пікірде айтқанымыздай, қосымша сырқаты бар адамдарға көбірек әсер етеді.

Пікір: Вирустың өзі – өлі элемент. Ол тірі ағза емес. Ешкім ешқашан вирусты көрген жоқ. Және сіздерге теледидардан көрсететін жан-жағында мүйізшелері бар домалақ нәрсе вирус емес.

Леонард Колдуэлл

Үкім: Жартылай шындық

Вирусты тірі ағза деп айтуға бола ма деген сұраққа ғалымдар да анық жауап бермейді. Олардың айтуынша, бұл философиялық сұрақ және «тірі» деген ұғымға қандай анықтама берілетініне байланысты. Дегенмен вирусологтардың көпшілігі вирусты тірі ағза деп есептеуге келмейді дейді. Өйткені ол өмірдің жалпыға белгілі критерийлеріне сай келмейді. Вирус тірі жасушамен байланысқа түспейінше инертті күйде болады. Көбею үшін олар тірі ағзаға түсуі керек.

Микроскоппен қарағандағы коронавирус бейнесі

Вирусты көруге болады. Ол үшін микроскоптар бар. «Мүйізшелері бар домалақ нәрсеге» келер болсақ, бұл шынында COVID-19 вирусын нақты бейнелемейді. Elemental мақаласына сенсек, бұл картинаны АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) медициналық иллюстраторы Алисса Экерт әріптесі Дэн Хиггинспен бірлесіп құрастырған.

«Әуелде сурет көпшілік үшін ойлап табылды. Дегенмен бұл зерттеушілерге өз дерегін саралауға және визуализациялауға көмектеседі», деді Экерт.

Иллюстрация пандемия басталған кезде жасалып, БАҚ-та тарап кетті. Кейінірек CDC АҚШ-тағы алғашқы коронавирус жұқтыру оқиғасынан микроскоп астындағы вирустың суретін жариялады.

Пікір: Тіпті Билл Гейтстің өзі әуелде 700 мың адам вакцинадан қайтыс болады деп айтты

Леонард Колдуэлл

Үкім: Жалған

Бұл пікірді де  Politifact-тағы әріптестеріміз тексерген болатын. Мұндай мәтіні бар хабарлама Билл Гейтс CNBC арнасына сұхбат беріп, коронавируске қарсы вакцина туралы айтқаннан кейін тарай бастады.

Гейтс әлем бойынша шамамен 7 миллиард вакцина керек екенін атап өтті. Оған қоса вакцина қауіп тобындағы қарттарға да әсер етіп, жанама әсері болмауы керек деді. Егер жанама әсер болу мүмкіндігі 10 000-ға 1 адам болса, 700 000 адам зардап шегуі мүмкін. Гейтс 700 000 адамның өлімі туралы айтқан жоқ.

Қорытынды:

  • Сұхбат кезінде Леонард Колдуэлл 50-ге жуық пікір айтады. Олардың көбін қарапайым логиканы іске қосып жоққа шығаруға болады. Біз соның ішінде таза сопылық манипуляцияға жатпайтындарын таңдап алып тексердік.
  • Дәрігермен сұхбат – танымалдылығы артып келе жатқан конспирологиялық ой тастаудың жарқын үлгісі.
  • Колдуэлл шешендік өнерді өте жақсы меңгерген және тыңдармандарын сендіру үшін түрлі логикалық айла-тәсілдерді пайдаланады.
Медет Есимханов
Журналист Factcheck.kz. Изучал международные отношения и государственную политику.