Қытай телеарнасы Ресейдің бөлінген картасын көрсетті ме?

2022 жылдың 29 сәуірінен бастап әлеуметтік желі мен мессенджерлерде “Қытай телеарнасында Ресейдің бөлінген картасы көрсетілді” деген әңгіме жаппай тарай бастады. Желіде тараған хабарламада мына суреттер көрсетілген.

Хабарлама авторларының айтуынша, Қытай мемлекеттік телеарналары Ресей құлдыраған соң қай елдердің қарамағына өтетінін карта арқылы көрсеткен. Бұған қоса мұны “ту сыртынан қадалған пышақпен” теңеген.

Мұндай хабарлама Facebook, Instagram және басқа да желі аккаунттарында, сонымен қатар, мына медиаларда тараған: Диалог.UA, Вести-UA.net, «Час Пик», «Хартия’97», Realist-Online, УНИАН, «Украина Сейчас» и Медиа-КР #Кривой Рог.

Желіде тараған жазбаның көбінде репортаж Қытайдың қай телеарнасында көрсетілгені айтылмаған. Бірақ кейбір қолданушылардың айтуынша, Қытайдың мемлекеттік CCTV арнасында көрсетілген-мыс. Factcheck.kz оқырмандардың сұрауы бойынша және желіде жиі тарауына байланысты ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Үкім: Фейк

Картада Ресейдің орналасқан аймағына байланысты адамдардың қай елге географиялық тұрғыда жақын екені көрсетілген. Бұған қоса ол 2020 жылы Reddit.com сайтында жарияланған. Ал диктордың артында көрсетілген карта— фотошоп. Желіде тараған скриншот Қытайдағы 15 минуттық инвестиция жайлы телебағдарламадан алынған. Сонымен қатар, бағдарламада мұндай карта көрсетілмеген.

Желіде тараған картаның авторы кім?

RevEye (фотоның түпнұсқасын табуға арналған құрал) мәліметінше, желіде тараған картаны galacticpasta атты қолданушы Reddit форумының MapPorn тобында 2020 жылы 2 шілдеде (UTC+6) жариялаған.

Қытай телеарнасы Ресейдің бөлінген картасын көрсетті ме?
Reddit сайтынан алынған скриншот.

Уақыт өте келе картаны орыс тілді және басқа интернет ресурстарда еш өзгеріссіз жарияланды.

Кейін бұл фото кішігірім дауға себеп болған. 5 шілдеде Саймон Кюстенмахер атты туиттер қолданушысы өзінің парақшасында картаны жариялады. Ал келесі күні бұл ақпаратты латвиялық депутат Александр Кирштейнс “Ресей бұлай қашан бөлінеді деп ойлайсыздар?” деген жазбамен туиттер парақшасында бөлісті. Салдарынан ресейлік желі қолданушылар ашуланып, тіпті ресейлік медиа “Латвия Ресейді бөліп алатыны жайлы шешім қабылдады” деген тақырыппен мақалалар жариялады.

Қытай телеарнасы Ресейдің бөлінген картасын көрсетті ме?
Александр Кирштейнс жариялаған жазбаның скриншоты.

Сюжет Қытай арнасында көрсетілді ме?

Диктормен байланысты жарияланған суреттің түпнұсқасын табу оңай болмады. Желіде тараған хабарламада Қытай арнасында көрсетілгені айтылса да, ешбірі сюжетке сілтеме қойылмаған. Тек бір-біріне ұқсас скриншот көрсетілген.

Қытай телеарнасы Ресейдің бөлінген картасын көрсетті ме?
Желіде тараған скриншот.

Біріншіден, “Қытайдың мемлекеттік арнасында жарияланған” деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды. Бұған қоса мұндай сюжет CCTV арнасының сайтында жарияланбаған. Тағы ескеретін жайт CCTV арнасының логотипін желіде көрсетілген логотиппен салыстыру барысында біраз айырмашылық бар екенін байқауға болады. Мұндай кезде эфир мәтінін түсіну үшін Google-дың аударма құралы нақты түсіндірмесе де, жалпылама түсінік бере алады.

Қытай телеарнасы Ресейдің бөлінген картасын көрсетті ме?
Скриншот translate.google.com сайтынан алынды.

Бұл аудармаға сүйенсек, репортаж нарық пен акция жайлы болуы мүмкін. Біріншіден, белгілі бір ассоциацияның нөмері мен dncj178 кодын байқауға болады.

Аудармада көрсетілген А0130611090006 нөмерін іздеу барысында Тао Ye атты инвестиция саласы бойынша кеңесшіні таптық. Ол Beijing Zhongfang Xinfu Investment Management Consulting Co., Ltd. компаниясында жұмыс істейді. Осы ақпаратқа сүйеніп, желіде тараған фотода Тао Ye бейнеленгенін айтуға болады.

Қытай телеарнасы Ресейдің бөлінген картасын көрсетті ме?
Компания сайтында Тао Ye жайлы ақпарат көрсетілген.

Компания және кеңесшінің атын іздеу барысында желіде тараған видеоны таппадық. Алайда dncj178 кодын енгізу арқылы Youtube-те 欣然股课堂 деп аталатын каналда жарияланған видеоны тауып, бейнеде әйел диктор мен экранда dncj178 коды көрсетілгенін анықтадық. Ал Google каналдың атын Happy Share Classroom деп аударды. Бұл ақпаратқа сай, тағы да акцияға қатысы бар екенін байқаймыз. (share ағылшын тілінен аударғанда акция дегенді білдіреді.)

Канал мазмұнын зерттеп, желіде тараған фотодағы адамның, яғни, Tao Ye сол жерде жұмыс істейтінін анықтадық. Сонымен қатар, желіде тараған фейкке қай видео түрткі болғанын таптық. Бейне 30 маусымда 2021 жылы жарияланған. Бұған қоса экранда көрсетілген мәтін мен басқа да детальдар бірдей екенін байқадық. Ал диктордың артында карта емес, тақырыпқа сай басқа сурет көрсетілген. Ал оң жақта көрсетілген логотип мүлдем көрсетілмеген. Мұны фейк авторы қосқан болуы мүмкін.

Қорытынды

  • Картада Ресейдің орналасқан аймағына байланысты адамдар қай елге географиялық тұрғыда жақын екені көрсетілген. Бұған қоса ол 2020 жылы Reddit.com сайтында жарияланған.
  • Ал диктордың артында көрсетілген фото — фотошоп. Желіде тараған скриншот Қытайдағы 15 минуттық инвестиция жайлы телебағдарламадан алынған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz