Қырғызстанда бала зорлағандарға өлім жазасын ұсынды

Қырғызстан парламенті бала зорлағандарға өлім жазасын енгізуді ұсынды. Депутаттар мұндай қадамдар балаларға қатысты зорлық-зомбылықпен күресу үшін қажет екенін айтты. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

Өлім жазасын енгізуді қолдаушылардың бірі — «Ыйман Нұру» фракциясының жетекшісі Нұржігіт Қадырбеков. Оның айтуынша, қазіргі қылмыскерлер түрмеден қорықпайды, сол себепті ең ауыр жазаны енгізу керек.

Жаза қылмысқа сәйкес болуы керек. Адамгершілікті сылтауратып, өлім жазасын алып тастадық, бірақ оның да салдары бар. Адамгершілігі жоқтар адамгершілігі барларды өлтіріп жатыр. Өлімнен басқа ештеңеден қорықпайтын адамдар бар. Сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары елде қылмыскерлер жазадан қорықпайды — олар оны 15 жылға түрмеге тоғытады, бірақ 3 жылдан кейін бостандықта жүреді. Түрме түземейді, өлім жазасын енгізу керек. Басқа шешім жоқ. Мұндай адамдар тек өлімнен қорқады, басқа ештеңеден қорықпайды.

Нұржігіт Қадырбеков, «Ыйман Нұру» фракциясының жетекшісі

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қырғызстан өлім жазасы қарастырылған Совет одағының Қылмыстық кодексін қолдануды жалғастырды. 1997 жылы республика алғаш рет өзінің Қылмыстық кодексін қабылдады, онда бұл жаза шарасы сақталды. Бірақ президент Асқар Ақаев өз жарлығымен оны қолдануға 10 жылға мораторий енгізді.

Дегенмен бұл идеяға қарсы шенеуніктер де бар. Бірқатар депутаттар қалыптасқан сот жүйесі жағдайында бұл шараның салдары үлкен болуы мүмкін деп есептейді.

Біз зорлаушыларды ешқашан аямауымыз керек. Бірақ біз сот жүйесінің жағдайын көріп отырмыз. Қазір өлім жазасын енгізу әділетті бола ма? Қаншама жазықсыз адам түрмеде отыр. Жүздеген, мүмкін мыңдаған жазықсыз адамның өлім жазасына кесілмейтініне кім кепіл? Адам құқығына қатысты мәселелер Конституцияны өзгерту арқылы ғана шешіледі. Қазақстан өткен жылы, керісінше, өлім жазасын алып тастады

Жанарбек Ақаев, депутат

Қарсылық танытушылар жазаны қатаңдату қажет нәтижені бермейтініне сенімді. Қылмыстық құқық бойынша сарапшы, отставкадағы полиция полковнигі Александр Зеличенко жазаны қатайтқаннан гөрі бұлтартпастығына қол жеткізу маңызды деп санайды.

Қытайда қалта ұрыларының саусақтары кесілген, Англияда асылған. Ал, одан ұрлық азайды ма? Керісінше, жаза өтеу күндері ұрлық көбейді. Жұрт жиналса, ұрылар қалталарын тазалады. Жазаны күшейту ешқашан қылмыстың алдын алуға ықпал еткен емес. Бұл — миф. Мәселе жазаның ауқымында емес, жазаның бұлтартпастығында. Құқық бұзушының жазадан қашып құтыла алмайтынына көз жеткізу керек.

Александр Зеличенко, қылмыстық құқық бойынша сарапшы, отставкадағы полиция полковнигі

Қырғызстанның ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, 2021 жылы балаларға қатысты 3 034 қылмыс тіркелсе, оның 500-і жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты болған.

Factcheck.kz