Коронавирус: Адамдарды “чиптейтіні” рас па?

Бүгінде таралып жатқан жалған ақпарат COVID-19-дан да жылдам екенін көріп отырмыз. Инфодемия пандемиядан да қауіпті. Соңғы үш-төрт күнде әлеуметтік желіде “коронавирусқа байланысты адамдарды жаппай чиптеу жүріп жатыр” деген хабарлама тарап жүр. Тіпті микрочип салынған адам қолының бейнесі де бар.

Коронавирусқа байланысты адамдарды жаппай чиптеу жүріп жатыр

Үкім: Фейк

Бұл суреттердің коронавирусқа байланысты адамзатты жаппай “чиптеуге” ешқандай қатысы жоқ. Интернетте бұндай суреттердің таралып жүргеніне біраз жыл болды, яғни Covid-19 анықталмай тұрып та бар болған.

Микрочип идеясы қайдан пайда болды?

Суреттегі адам қолына салатын микрочиптермен ең алғаш Рединг Университетінде тәжірибе жүргізген. 2009 жылы наурыз айында британдық зерттеуші Марк Гассонның қол терісінің астына күріштің көлеміндей микрочип орнатқан. Гассон микрочиптің көмегімен Рединг Университетінің лаборатория есіктерін, өзінің ұялы телефонын оңай ашатын болған. Осы туралы Марк Гассон 2012 жылы TEDx-та сөз сөйлеген.

2017 жылы 25 шілдеде New York Times басылымында “RFID технологиясымен жасалған имплантты микрочиптер” туралы мақала жарық көрді. Ол жерде микрочиптердің көмегімен офиске кіру, кафе-ресторандардағы төлемдерді “қолды бір сілтеу” арқылы төлеуге болатындығын жазған. Тіпті америкалық Three Square Market компаниясының 50 қызметкерлері өз еріктерімен бұл микрочипті қондыруға келісімін берген.

Араға жыл салып Technologyreview.com сайтында дәл осы компанияның президенті Мак Малман және микрочип орнатқан компания қызметкерлері туралы материал шықты.

Естеріңізге сала кетейік, Factcheck.kz сайты бұдан бұрынырақ та Билл Гейтс және имплантталатын микрочиптер жайында конспирологиялық теорияны тексерген болатын.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz