Киевте журналист Вера Гирич қаза болды

28 сәуірде Ресейдің Киевке жасаған шабуылынан Азаттық радиосы Украин қызметінің журналисі Вера Гирич қайтыс болды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Әріптесі Александр Демченконың сөзінше, журналистің мәйіті 29 сәуірде қираған үйдің астынан табылған.

Біраз уақыт бұрын Киев мэрі Виталий Кличко “Ресейдің Киевке жасалған ракеталық шабуылынан кемі бір адам қаза болды” деп мәлімдеген еді. Кейін марқұмның журналист Вера Гирич екені анықталды.

Гирич Азаттықтың Киевтегі бюросында 2018 жылдың 1 ақпанынан бері жұмыс істеп келген. Оған дейін ол Украинадағы белгілі телеарналарда жұмыс істеген еді.

Контекст

  • Бұл шабуыл БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерриш Киевке сапары кезінде жасалды. Украина президенті Зеленский Ресейдің шабуылын БҰҰ-ны масқаралау деген еді.
  • Ресей қорғаныс министрлігі Киевке шабуылдың мақсаты “Артем” қорғаныс объектісі болғанын айтады. Бірақ Киев басшылығы ракета тұрғын үйлерге тигенін мәлімдеді.
  • Украина ұлттық журналистер одағының есебінше, Ресей Украинаға соғыс ашқалы 20 журналист пен БАҚ қызметкері қаза болған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz