Қазыбекова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы туралы

9 желтоқсанда ҚР Парламент мәжілісінің пленарлық отырысында «Ақ жол» партиясының депутаты Меруерт Қазыбекова депутаттық сауалында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) өскеніне тоқталды. Ол Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы биылғы жылдың 11 айында 9,6% деп көрсетілгенімен, шын мәнінде өсім одан да жоғары – 25-30% екенін атап өтті.

Жағдайдың оң-терісін Factcheck.kz тексеріп көрді.

Үкім: Жартылай шындық

Расында отырыстан кейінгі күні Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағасы 9,6%-ға өскенін растады. Өкінішке қарай, Қазыбекова ханым шынайы бағаны көрсететін 25-30%-ды қайдан алғанын атап айтпады, сол себепті бұл сандарды тексеру мүмкін емес. Дегенмен Сұлтанов мырза кей тауар бағаларының расында 10%-дан 30%-ға дейін өскені байқалатынын айтты, депутат ханым осыны айтқысы келген болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің болжам ғана.

Сондай-ақ Статистика комитетінің сайтында әзірге ӘМАТ бойынша 2020 жылдың үш тоқсанының мәліметтері ғана берілген.  Оған қоса мұнда ӘМАТ-тың жиынтық өсімі емес, кей азық-түлік түрлерінің өсіміне жеке тоқталған. Бір қызығы, 9,6% былтырғы жылдың желтоқсанындағы азық-түліктің жиынтық бағасының (тек ӘМАТ емес) өсімі туралы айтылған кестеде тұр.

Қазыбекова әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы туралы
«Баға индексі» құжатынан үзінді (Дереккөз: ҚР Статистика комитеті)

Толығырақ

10 желтоқсандағы үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі жыл басынан бері ӘМАТ өсімі 9,6% болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ қаңтардан бері ең үлкен өсім Астана (15,6%) қаласы мен Павлодар (15,4%) және Атырау (12,9%) облыстарында тіркелген. Сұлтанов мырзаның айтуынша, негізгі ауқымды өсім, яғни 4,1% төтенше жағдай кезінде тіркелген.

Оған қоса, жекелеген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы  10-30%-ға өскені байқалады. Тіпті кейбірінің өсімі 40 және 50%-дан асып кеткен.

«Әсіресе Ресейден әкелінетін шекер мен қарақұмық 33,6% және 34,6% қымбаттаған. Жекелеген экспортқа арналған тауар бағалары да артқан. Күнбағыс майы әлемдік баға өскендіктен 53,8%-ға қымбаттады, экспорт артқандықтан картоп 46,1%-ға, тауықтың өлім-жітімі артып, өндіріс қысқарғандықтан жұмыртқа 6,3%-ға қымбаттады. Осы бес тауар бағасының қымбаттауы азық-түлік инфляциясында негізгі рөл ойнады. Бұлар болмаса жалпы өсім 9,6% емес, шамамен 2% болатын еді», деп мәлімдеді сол кезде Бақыт Сұлтанов.

Айта кетейік, бұған дейін бір жарым ай бұрын, 22 қазанда Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында Сауда және интеграция министрлігінің ішкі сауда директорының орынбасары Ерлан Ешназаров жыл басынан бері ӘМАТ бағасы 5,4%-ға артқанын (10 айдағы өсім – авт.) хабарлады. Яғни, министрліктің деректеріне сенсек, қараша айында баға 2 есеге қымбаттаған.

Қазыбекова ханым сауалында ӘМАТ бағасының шынайы өсімі 25-30% екенін айтты, бірақ бұл сандардың қайдан алынғанын нақтыламады. Партия жеке зерттеу жүргізді ме – белгісіз. Сол себепті мұндай пікірді тексеру мүмкін емес. Дегенмен жекелеген әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны айтарлықтай өскендіктен, депутат «шынайы өсім» туралы айтқанда, осыны меңзеді деп болжауға болады. Соған қарамастан ол сауалында бағаның жиынтық өсімі туралы айтылды, сондықтан Қазыбекова ханым ақпаратты бұрмалаған болып тұр.

Контекст

  • 2020 жылдың сәуір айының басында Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы және экономика министрліктері төтенше жағдай кезінде «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағаларын енгізу туралы» бірлескен жарлыққа қол қойды.
  • ТЖ ережесі аяқталған соң, 11 мамырда шекті бағаның күші жойылды.
  • Қыркүйектің ортасында Сауда және интеграция министрлігі ӘМАТ өсімі жыл соңына дейін 6%-дан аспайды деп болжады.
  • Қазанда министрлік ӘМАТ бағасының өсімімен қалай күресуді жоспарлап жатқанын айтты. Ерлан Ешназаровтың айтуынша, негізгі шаралар ретінде ӘМАТ-қа шекті және шекті бөлшек сауда бағаларын белгілеу, өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, әкімдіктердің сауда желілеріне олар үшін ӘМАТ-ты белгіленген баға бойынша сатудың қарсы міндеттемелерін белгілей отырып, жеңілдікпен қарыз беру мүмкіндігі қарастырылған.
  • Қазақстандықтардың көбі бюджетінің ең көп бөлігін азық-түлікке жұмсайды.
Factcheck.kz