Қазақстанның сыртқы қарызы 164 млрд доллар ма?

14 қыркүйекте ztb_video инстаграм парақшасы “Горизонт” арнасына сілтеме жасап, 2021 жылы елдегі сыртқы қарыз 164 млрд доллар екенін хабарлады. Factcheck.kz ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтады.

Қазақстанның сыртқы қарызы 164 млрд долларды құрайды.

ztb_video

Үкім: Шындық

Қазақстан ұлттық банкінің ресми дерегінше, 2021 жылы 1 сәуірде сыртқы қарыз расымен 164,1 млрд долларды құрады. Оның 9,9%-ы немесе 16,3 млрд доллары — мемлекеттік сектордың, ал 3,0%-ы немесе 5,0 млрд доллары – банк секторының сыртқы борышы.

Сонымен қатар, 25,7%-ы немесе 42,2 млрд доллары – «басқа секторлардың» тікелей инвестициямен байланысы жоқ берешегі, қалған 61,4%-ы немесе 100,7 млрд доллары осы сектордың фирмааралық берешегін құрайды.

Ұлттық банк есебіне сай мұнай бағасының құлдырауы және коронавирус пандемиясы әсерінен экономикалық өсудің баяулауы өндіріс көлемінің төмендеуіне және сырттан қаржы алуға мәжбүр еткен. Нәтижесінде сыртқы борыштың ЖІӨ-ге қатынасы 2020 жылдың соңындағы 95,4%-пен салыстырғанда 2021 жылғы 1 сәуірде 96,6%-ті құрап, жыл басынан бері 1,2 процентке нашарлаған.

Контекст

  • Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты мәселе депутаттық сауалдарда жиі айтылып, жергілікті БАҚ-та кең таратылады. Атап айтқанда, халық арасында «Қазақстанның сыртқы қарызының көптігі сонша, әрбір қазақстандық шетелдік несие берушілерге, шамамен, 9 мың АҚШ долларын қарыз» деген пікір бар.
  • Іс жүзінде бәрі олай емес. Біз бұл туралы бұрын жазған едік. Сыртқы қарыздың көп бөлігі Үкімет кепілдік бермейтін және азаматтардың мойнына жүк болып түспейтін фирмааралық қарыздарға тиесілі. Ал халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның мемлекеттік қарызы төмен деңгейде екенін растайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz