Қазақстанда референдум қалай өтті?

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізуге байланысты референдум өтті. Бұған дейін құқық қорғаушылар қаңтар трагедиясында қайтыс болғандар жайлы нақты тізім жариялмай, референдум өткізуді жоспарлаған билік әрекетін қатты сынаған. Орталық сайлау комиссиясы алдын ала дерекке сүйеніп, (кеше Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 22:00-де) тізімге енгізілген азаматтардың 68,44%-і дауыс бергенін хабарлады.

Қазақстанда референдум қалай өтті?
Фото: Орталық сайлау комиссиясы. Алдын ала деректер бойынша, сайлауға 68,44% адам қатысты.

Қандай түзету мен өзгеріс ұсынылды және сарапшылар не дейді?

Конституцияға 56 түзету ұсынылды. Жаңа ұсынылған түзетулерге сәйкес, президент, әкім, сот белгілі бір партияда мүше бола алмайды. Сонымен қатар, президент туыстарына жоғары лауазымды қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген артықшылықтың бәрін алып тастау көзделген. Бұдан бөлек, елде Назарбаев билігі кезінде жойылған Конституциялық сотты қайта құру ұсынылды.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, Тоқаев Назарбаевтан қалған авторитар жүйені сақтап қалуға тырысып жатыр. Ол бұл референдумның қазақстандықтарға емес, Тоқаевқа керегін айтты.

Сонда халық депутат пен президентті сайлауға дайын екен де, ал әкімді сайлауға дайын емес пе? Шынтуайтында, билік әкімдерді бақылаудан жіберіп алуға қорқады. Себебі билік оларға саяси әрі қаржылай тұрғыда тәуелді. Әкім президенттің аудандағы өкілі секілді жұмыс істейді. Яғни, президентке президент сайлауы кезінде керек дауыс жинауға жағдай жасайды. Ал президент сайлаған әкімдер жұмыс орнын сақтап қалу үшін оның кез келген тапсырмасын бұлжытпай орындауға дайын.

Шалқар Нұрсейіт.

Ал саясаттанушы Димаш Альжановтың сөзінше, демократиялық елде президент заң шығару процессіне мүлдем араласпауы керек. Оның сөзінше, президент Орталық сайлау комиссиясының төрағасын тағайындайтындықтан ұсынылған түзетулер “суперпрезиденттік жүйеден” арылуға көмектеспейді.

Президент министрлер кабинетін, Жоғары Сот Кеңесін, Бас прокурор, ҰҚК мен Жемқорлыққа қарсы агенттіктің басшыларын және аудан әкімдерін өзі тағайындайды. Сондықтан Конституциядағы түзетулер аса қатты өзгеріске алып келмейді.

Димаш Альжанов.

Бұған қоса, саясаттанушы Досым Сатпаев “Гиперборей” арнасына берген сұхбатында “референдумды президент сайлауы алдындағы репетиция” деп атады. Оның сөзінше, билік жергілікті органдардың қалай жұмыс жасайтынын сынақтан өткізіп жатыр. Сонымен қатар, “билік халыққа еш түсіндерместен және қоғамдық талқылаусыз барлығын бірден ұсынып отыр” деп сынады.

Сайлаудағы “заңбұзушылық” және ұсталған белсенді

Тіркелмеген Демократиялық партияның белсендісі Инга Иманбай және Аружан Дүйсебаева Алматыдағы №257 учаскесінде наразылық акциясын өткізді. Олар өзінің бюллетенінде “Тоқаев, Жанболат Мамайды босат” деп жазды.

Қазақстанда референдум қалай өтті?
Фото: Vlast.kz, Алмас Қайсар.

Әкімдік өкілі мен прокурор митиңнің заңсыз екенін айттса да белсенділерді ешкім ұстап алып кетпеді. Бұдан бөлек, белсенділер биліктен қаңтар қырғынында қайтыс болғандар жайлы тізімді жариялап, саяси тұтқындарды босатуды талап етті.

Бұдан бөлек дауыс беру күнінде «Oyan, Qazaqstan!» қозғалысының белсендісі Дархан Шарипов Алматыда Жібек жолы көшесінде пикетке референдумға қарсы наразылығын білдіріп, пикетке шықты.

Қазақстанда референдум қалай өтті?
Фото: Vlast.kz

Наразылық пикеті бірнеше минутқа созылып, кейін оны полицейлер ұстап алып кетті. Кейін Шариповты босатқаны туралы ақпарат жарияланды.

Мен Тоқаев жариялаған референдуммен келіспейтінімді білдіріп, пикетке шықтым. Ұсынылған барлық реформаға дауыс бергім келмейді. Бұл саяси емес, тек жартылай реформа.

Дархан Шарипов.

Бұдан бөлек Қазақстанның Жастар ақпараттық қызметіне қарасты Жас сайлаушылар лигасы және “Еркіндік қанаты” қорының бақылаушылары дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар тіркелгенін хабарлады. Азаттық радиосы “Еркіндік қанаты” мәліметіне сүйеніп, Нұр-Сұлтанда учаске ашылғаннан кейін алғашқы сағаттарда қор бақылаушыларына учаскеде жүруіне шектеу қойылғанын жазды. Бұған қоса, бақылаушыларға сурет, видео түсіруге тыйым салған.

Қордың атқарушы директоры Елена Швецова Facebook парақшасында түске қарай Нұр-Сұлтанда №1 сайлау учаскесінен Еркіндік қанаты қорының бақылаушысын шығарып тастағанын жазды. 

Контекст

  • Бұл тәуелсіздік алғалы өткізілген үшінші референдум. Алдыңғы екеуі 1995 жылы өтті: біріншісі – Назарбаевтың президенттік өкілеттігін ұзартуға байланысты, екіншісі – қазіргі қолданыстағы заң қабылданған референдум. Кейіннен конституция бес рет қайта жазылды. 19 бапқа 26 түзету енгізілді. Өзгерістерді Парламент мақұлдап отырды.
  • Азаттық радиосының жазуынша, мамырдың аяғында халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігі негізгі заңға түзетулерді референдумға шығармастан бұрын “ірі талқылау өткізіп, өзгерістерді қарастыруы тиіс” деген. HRW мәлімдемесінде Қазақстан билігі ашық саяси жүйе құру міндетін мойнына алғанмен, елде пікірін ашық айтқан, билікті сынаған белсенділерді қудалау жалғасып жатқанына назар аударған.
  • «Социс-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының экзит-полл нәтижесіне сай, барлық дауыс бергендер саны — 67,5%; дауыс бергендердің 76,7%-i референдумды қолдап, 23,3%-i қарсы дауыс берді.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz