Қазақстанда майниң фермалар салық төлемейтіні рас па?

25 мамырда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ержан Құдайберген министр Әлібек Қуантыровқа қарата “Қазақстанда майниң фермалар салық төлемейтінін” айтты. Депутат сөзі шындыққа жанаса ма, Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 55:19:00

Бір сөзіңізде айттыңыз, майниңтен өте төмен салық төлеп жатыр деп, майниң мүлде салық төлемейді. Ол біздің элект энергиямызды, өзі тапшы энергияны алып, жаратып жатыр, өзінің пайдасына. 

Ержан Құдайберген

Үкім: Жалған

Иә, майниң фермалар 2022 жылға дейін шынымен де салық төлемеген, яғни депутат келтірген дерек ескірген және мәлімдеме жасалған уақытта шындыққа жанаспайды. Биыл 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің 606-1-бабына сай, майниң өндіру кезінде тұтынылған электр энергиясы үшін 1 теңге/кВт/сағ көлемінде салық салынды. Бұл расымен-ақ өте аз және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі салықты еселеп арттыруды тапсырды.

Контекст: Қазақстандағы майниң

Кембридж зерттеулеріне сәйкес, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап жаһандық биткоин өндірудегі Қытай үлесі шамамен 30%-ке төмендегеннен кейін Қазақстанның үлесі алты есе артып (1,4%-тен 8,2%-ке), криптовалюта шығару бойынша әлемде үшінші орынға шықты. Ал 2021 жылы биткоин өндіру бойынша Қазақстан (18,1%) Ресейді (11,23%) басып озып, АҚШ-тан (35,4%) кейін екінші орынды алды.

Былтырғы қазанның соңында экс-энергетика министрі «сұр майниңтер» 1200 МВт-қа дейін электр энергиясын тұтынатынын мәлімдеді. Ал қарашаның соңында Энергетика министрлігі тұтынуы 128 МВт болатын 13 заңсыз майниң фермасын жапқан, бұл “сұр майнерлердің” болжамды тұтынуының 10%-нен сәл артық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында криптовалюта өндірісінің әлеуметтік-экономикалық әсері аз екенін айтып, майнинг жұмыс орындарын құрмай, нақты өнім шығармаса да, саланың электр энергиясын бірнеше облыстың көлемінде пайдаланатынын сынады. Президент қазіргі мөлшерлеме – электр қуатының бір киловатына 1 теңге – мардымсыз екенін айтып, салықты еселеп көтеруді тапсырды.

Инфрақұрылым министрлігінің дерегінше, 2022 жылғы 20 мамырдағы жағдай бойынша 335 ұйым цифрлық майниң саласындағы ағымдағы қызмет және цифрлық майниң жұмыстарының басталуы туралы ресми түрде хабардар етті, оның ішінде: 116 ұйым — қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр, 172 ұйым — жұмысты бастаған, ал 47 ұйым — майниңке инфрақұрылым қызметтерін көрсетеді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz