II бөлім. Қазақстандағы хомофобия: сыни дискурс анализ және әлеуметтік себептерін іздеу

2021 жылы 8 наурызда Алматыда өткен «Әр әйел – жалғызым!» атты гендерлік теңдікке арналған маршта ЛБКТ әйелдер құқығы туралы айтылған соң қоғамда қызу талқы болды. Осы тұста қазақстандықтардың көп бөлігінің хомофобиялық көңіл-күйі де байқалды. Бұл әлеуметтік желідегі қоғамдық пікір лидерлерінің риторикасы мен желідегі топтарда жарияланған жазбалардан көрініс тауып жатты. Бірнеше тәуелсіз авторлардан құралған MediaNet ХЖО сарапшылар тобы медиада 2021 жылы жарияланған материалдар мен желідегі посттарды саралап, оларды талдап, зерттеу жүргізді.

Бүгін сіздердің назарларыңызға Мөлдір Өтегенова мен Думан Терликбаевтың «Қазақстандағы хомофобия: сыни дискурс анализ және әлеуметтік себептерін іздеу» атты мтериалының II бөлімін ұсынамыз.

I бөлімдегі Кіріспе мен мониториң нәтижесінің анализін мына сілтемеге өтіп оқи аласыз.

Негізгі бөлім

Біздің жұмысымыз Fairclough-ның сыни дискурс анализіне негізделген. Сыни дискурс анализдегі Fairclough концепциясының негізі — дискурс, бұл білім, даралық және әлеуметтік қарым-қатынасты (билік қарым-қатынасын қосқанда) бір уақытта өндіретін және өзгертетін әлеуметтік практиканың маңызды формасы. Алайда дискурстың өзі басқа да әлеуметтік практика мен құрылымнан қалыптасады. Осылайша дискурс басқа әлеуметтік өлшемдермен диалектикалық байланыста болады [6]. 

Әрбір сөйлеу кезі үш түрлі өлшемі бар коммуникациялық жағдайдың болғанын білдіреді: 

  • Мәтін (хат, сөйлеу, визуалды образдар мен олардың үйлесуі);
  • Мәтін өндіру мен тұтынуды білдіретін дискурс практика;
  • Әлеуметтік практика.

Бұл модель қоғам мен коммуникация амалдарын эмпирикалық зерттеуге арналған аналитикалық құрылымды білдіреді. 

Дискурс талдаушылар мәтінді екі ракурстан қарап, талдайды: бірі интердискурсивты (текстің жазылуы) ракурсынан болса, екіншісі аудиторияның қабылдауы қырынан талдау.

Біз бұл жұмысымызда тексттің жазылу ракурсынан дискурс талдау жасаймыз.

Қоғамдық пікір лидері (ҚПЛ) — өзінің аудиториясына және олармен байланысты адамдардың пікіріне әсер ете алатын тұлғалар. ҚПЛ екі сатылы байланыс моделінде маңызды рөл атқарады, онда ақпарат медиадан қоғамға екі кезеңмен беріледі: алдымен медиадан қоғамдық пікір лидерлеріне, содан кейін ҚПЛ-дан кең аудиторияға [7].

Персонификация (біз және олар) дискурсы

Персонификация дискурсы қоғамды “біз”, “олар” деп бөліп, “олардың” “бізге” қауіп төндіретінін, “олардың” және “біздің” айырмашылығы туралы сипаттайтын дискурс. Қоғамдық пікір лидерлері өз аудиториясына көп жағдайда “біз және олар” дискурсын қолданады. Бұған келесі мәлімдемелер мысал бола алады:

“​​Ал ағайын, мынаған (біз – авт.) не айтамыз?”; “қамданбасақ аз қазақ қатып қалатын түріміз бар”; “ҚЫЗТЕКЕЛЕР МЕН ЕРКЕКШОРАЛАР МАЛМЕН ТЕҢ, СОЛ СЕБЕПТІ, ОЛАРҒА ЕШҚАНДАЙ ҚҰҚЫҚ, ЕРКІНДІК БЕРІЛМЕУ ТИІС!”; “Ал олардың парақшаларында таза мына гей мен лесбияндардың насихаты тұр”; “Бұлар бір дегенде түгелімен осынша постты өшіру үшін қандай күш жұмсайды екен?”; “Заңды түрде түрлі-түстілердің ашық және жасырын насихаттауларына тоқтау салсақ, сол біздің мақсатымыз!”.

“Біз” риторикасын қолданғанда көбіне, “біз” — өз отаныңның болашағына алаңдаушылар, ұлт пен дәстүрді сақтаушылар (ұлттық жасау не национализация), “дұрыс” көзқарастағы адамдар ретінде позициялайды. “Олар” болса, халықты жойып жіберетін мақсаты бар, елге іріткі салып, мемлекеттің демографиясына, қауіпсіздігіне қатер төндіретін шетел агенттері, Лұт қауымы, иманнан безген (діншілдік), табиғатқа қарсы (дегуманизация), ауру (қаралау) адамдар, жау ретінде (анимализация, демонизация) позициялайды.

Белгілі бір топқа бұлай бөлу — өшпеділіктің артуының маңызды себептерінің бірі болып отыр.

Өшпенділік тілі — өшпенділік идеологиясын білдіру үшін стереотиптерді пайдаланып, қорлайтын тілдің ерекше түрі. Ол — әсіл, түс, этникалық, гендер, сексуал оренитациясы, ұлт, дін немесе басқа да белгілер негізінде топты не сол топқа жататын адамды алалайтын кез келген мәлімдеме [8]. 

Өшпенділік тілінің қауіпінің бірі — қылмыстық құқық бұзушылыққа (hate crime) әкелуі мүмкін. Өшпенділік тілі белгілі бір топқа/ топ өкілдеріне сол қоғамда өмір сүруі қауіпті өшпенді ортаны туғызады. Сондықтан өшпенділік тілін қолдану қылмыс және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша 174 бабымен жазаланады.

Тұлға қасиеттері дискурсы

Тұлға қасиеттері дискурсы — “біз” тобына мотивация беріп, осы “жаумен” күресуге, белсенділікке шақырып, “біздің” қолымыздан келетінін алға тартатын дискурс. Біз зерттеген тақырыбымызда ҚПЛ парақшалары мен ақпараттық парақшаларда мұндай дискурс та кездеседі.

Мысалы: “олар өшпейді қанша жерден біз халық болып “пожаловаться” деп басып жатсақ та. Сондықтан кұрметті ағайын біз де мүлгімеуіміз керек!“; “Ұрпаққа зиянын келтіретін азғындармен күресу де оңай болмайды“; “Мен қарсымын ЛГБТ. ҰРПАҚ ҮШІН ТЕК Алға“; “Ең бастысы әрекетімізді тоқтатпауымыз керек! Жыламаған балаға емшек жоқ! Қол қусырып отырмаңыздар!“; “Құры қарсымыз деп тек коментариймен шектелмей, әрекет жасайық ағайын!“; “Сауап болыпты! Бұларға жол бермеу керек. Ертең азғын ұрпақ қарпқұрттай қаптайтын болады жол берсе”; “Құрметті Ата-Аналар, ойыншық екеш ойыншыққа да сақ болыңыздар!”; “ҚАЗАҚ ЕЛІ ✊🏻🇰🇿, мұндай сұмдыққа жол бермейміз!”; “бүгінгі күннің әрекетсіздігі, ертеңгі күні неге әкелуін көру үшін”; “Қазақтың Батырлары аман болсын 🤲🏻”; “Халық-Күш 💪🏻🇰🇿✊🏻 екенін пысқырмағандары, өздеріне қиянат болғаны, Халықпен санасу керек“.

Ақпараттандыру дискурсы

Ақпараттандыру дискурсы — белгілі бір бағытта жалпы аудиторияны не мақсатты аудиторияны ақпараттандыру. ЛГБТК+ тақырыбын осы дискурс арқылы ҚПЛ мен әлеументтік парақша қолданушылары сенсациялап, ЛГБТК+ қауымдастығы бұрын халықымызда болмағаны туралы, Батыс елдерінен (“Гейропадан”) кейінгі жылдары келген “бәле”, сонымен қатар онымен күресу жолдары туралы өз аудиториясын ақпараттандыру мақсатында қолданады. 

“Қоғам қайраткері Арман Шораев “Qasqa jol” YouTube-арнасына берген сұхбатында, өкінішке орай қазақстандық саясаткерлер арасында, соның ішінде Ақордада ЛГБТ өкілдері бар екенін мәлімдеді“; “Д. Соростың кім екенін, және оның “терең саясатын” біліп жүргендеріңіз абзал”; “титтай баланың көзін “осындай” не арғы елдегі емес, не бергі елдегі еместерге үйрету, бұның астында да тағы да терең саясат жатыр“; “бұл ешқандай да туа біткен ауру емес, бұл әр Отбасы өсіріп отырған ұрпағын, жан-жақтан жаман ақпараттан дер кезінде сақтап ала алмаған Ата-Ананың да кінәсі бар деп айтсақ та болады“; “Хатты жазып жатырсыздар ма? Осы мекенжайға жолдайсыздар“.

Fairclough мәтінге этос, метафора, кілт сөздер, грамматика тұрғысынан талдау жасауды ұсынады. Бұл құралдар болған оқиғаны, әлеуметтік қарым-қатынасты мәтін қалай “тәпсірлейтінін”, тиісінше, реал өмірдің белгілі бір нұсқасын, әлеуметтік даралықты және әлеуметтік қарым-қатынасты көрсетеді. 

Этос тілді пайдалану арқылы мониториң жасалған топтың кімдігі мен басты құндылықтарын көрсетеді. Әлеуметтік желі пайдаланушылары мен қоғамдық пікір лидерлерінің басты құндылығы бір-біріне сәйкес келеді. Олар — “ұрпақ”, “дін”, “ұлт”, “тәрбие”, “ата-баба”. Оның үстіне “ұлт” түсінігі сокралданған, пәк әрі таза кейіпте ұсынылады.

Мұны келесідей тезистерден көруге болады: “Ұрандары да қазақ ұлтының дүниетанымына қайшы”; “…лесбиянкі болғанын қазақ қызын кім көрген?”; “Сені жігіттер ұрғаны ештеңе емес, Аруақтар тұқымыңды да ұрады”; “Құдайдан қорықпағаннан қорық дегенде одан қаш демеген.Ұрпағыңды уламай тұрғанда көзін құр деген шамасы”; “ҰРПАҚ ҮШІН ТЕК Алға”; “Жыныс ауыстыру қазаққа жат дүние”; “Біз қазақы құндылықтарды аяқасты етпеуді талап етеміз”; “Ер мінезді Ерлері!, …ата-бабамыздан қалған мұраны жоғалтып алмайық”.

Пост авторлары ЛГБТК+ қауымдастығын анимализациялау, дегуманизациялау және демонизациялау арқылы қауымдастыққа қандай да бір құқық берілмеуі, елден аластатылуы керек екенін алға тартады. 

Талдау жасалған парақшалар мен ҚПЛ жазбаларындағы дискурстың негізгі айнымалы символы — “қорқыныш”.  Бұған дейін әлдекім хомосексуал болса да, оның мұны сыртқа шығаруы, өз-өзін түсінуі қиын, әрі ЛГБТК+ қауымдастығы туралы ақпарат алуы мүмкін болмаған. Алайда ақпараттық технология мен әлеуметтік желілердің дамуы ақпарат алмасуды, әркімнің өз протестін сыртқа шығаруды мүмкін етті. Бұл “дәстүрлі” қоғамның ішкі қарсылығы мен жаһандану/либералды өзгерістерді қабылдамауға, ескіні аңсауға алып келді. 

Транзиттік анализ. Бұл талдаудың негізінде жағдай мен процесстердің субъект және объекткпен байланысы жатады. Бұл жағдайлардың түрлі формада болуы мүмкін идеологиялық салдарына қызығушылық танытылады.

Жалпы, мониториң жасалған парақшалар мен ҚПЛ-дың жазбаларында көбіне іс-әрекет жасаған агенттер (біздің жағдайда ЛГБТК+ қауымдастығы мен оған қарсы тарап) нақты не істегені жазылады және іс-әрекетті номинализациялау көп байқалмайды. Номинализациялау — іс-әрекет жасаған адамның ісінің мәнін азайтып, нәтижеге көңіл бөлу [9].

Мысалы, “Бүгін, БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ , Алматы қаласындағы біраз Аналар, ұрпағымыз үшін, ұлтымыз үшін алаңдап, лгбт(лесби, гей, бисексуал, транс еркек, транс әйел) өкілдерінің ашық түрде, емін-еркін өздерін насихаттап, өздері сияқты болуға үгіттеуіне ҚАРСЫ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ!” және “Қыз текелердің Шымкетке барып жолы болмай қалыпты.Алла разы болсын Шымкентіктерге.Құдайдан қорықпағаннан қорық дегенде одан қаш демеген…“. 

Модальды анализ. Бұл талдау мәлімдеме жасаған адамның өзі айтқан сөзіне қаншалықты араласатынын көрсетеді. Яғни түрлі деңгейдегі модальдық мәлімдеушінің өз сөзіне қаншалықты сенетінін білдіреді. 

Парақшалар мен ҚПЛ жазбалары жоғары деңгейдегі модальдықты көрсетеді. Мәлімдеушілер қазақ ұлтының ішінен ЛГБТК+ өкілі шықпайтынына; ұлттың сокралды тарихы мен ерекшелігі бар екеніне; “қазақша” тәрбиеленген балалардың “дұрыс” өсетініне; ЛГБТК+ өкілдері құдайдың қаһарына ұшырайтынына/ұшырағанына; гендерлік теңдік мәселесінің көтерілгеніне Батыстың қалай да ықпал етіп отырғанына сенімді. Одан бөлек, жоғары не орташа деңгейдегі модальдық болжау жасағанда да байқалады.

Мысалы, “Ұрпағыңды уламай тұрғанда көзін құр деген шамасы”; “Басқа елделге еліктейміз деп, ата-бабамыздан қалған мұраны жоғалтып алмайық”; “Еркек біткен жауапкершілік алу мен қызғану қасиетінен айырылу алдында тұр“. Мәлімдеуші өз айтқанының ақиқат екеніне бек сенеді.

Негізінен, парақшалардағы мәлімдеуші де, ҚПЛ-да “қазақ халқы” атынан сөйлейтініне меңзеп, рұқсат беруші/бермеуші позициясын ұстанады. Алайда дәл біз қараған материалдарда адамның ЛГБТК+-ке қандай да бір ықтимал байланысы болуын сынап, оған қандай да бір әрекет жасауға “рұқсат бермейді”.

Дереккөздер:

6. Л. Филлипс, М. В. Йоргенсен “Дискурс-анализ Теория и метод”
7. https://www.sciencedirect.com/topics/computer-science/opinion-leader
8. https://medianet.kz/wp-content/uploads/2019/07/Мониторинг-языка-вражды-в-социальных-сетях-в-Казахстане-1.pdf
9.https://www.researchgate.net/publication/249713233_The_language_of_critical_discourse_analysis_The_case_of_nominalization

Бұл материал Сорос Қазақстан Қорының қолдауымен MediaNet Халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырған «ЛГБТК+ және гендерлік теңдік мәселелеріне қатысты тақырыптарды қабылдау және жариялауға мониторинг» жобасы аясында дайындалды.

Factcheck.kz