Google Play және App Store сайлау күні “Навальный” қосымшасын өшірді

Қамауда отырған ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың Google Play және App Store дүкеніндегі “Навальный” қосымшасы өшірілді. Мұнда “Ақылмен дауыс беру” ұсыныстары жазылған. Бұл туралы 17 қыркүйекте оппозицияның жақтастарына сілтеме жасап BBC сайты хабарлады.

Бұған дейін Ресей билігі Google мен Apple компаниясына қосымшаны өшірмесе айыппұл, тіпті қылмыстық жауапкершілік болатынын ескерткен.

Навальныйдың серіктесі Леонид Волковтың айтуынша, Google және Apple қосымшаны Мәскеу уақытымен таңғы 8-де өшірген. Навальныйдың тағы бір серіктесі Иван Жданов бұл жағдайды “саяси цензураның ұят әрекеті” деп атады.

Контекст

  • Жұма күні Ресейде мемлекеттік дума, губернаторлар, аймақтық деңгейдегі депутаттарды сайлау басталды.
  • Сайлау қарсаңында Роскомнадзор Американың алпауыт IT-компанияларын атап айтқанда, Google, Apple, Cloudflare мен Cisco’ны “Ақылмен дауыс беру” жүйесіне бұғаттаудан сытылып шығуға көмектесті деп айыптаған. Азаттық радиосының жазуынша, ведомство егер шетел компаниялары бұл әрекетін доғармаса, мұны “шетелдің сайлауға килігуі” ретінде қарастырамыз деп мәлімдеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz