Google, Facebook, Twitter дипфейкпен күресуге міндеттеледі

Еурокомиссияның әзірге жарияланбаған жаңа ережесіне сай, Alphabet Inc Google, Facebook Inc, Twitter Inc және басқа да IT компаниялар өз платформаларындағы дипфейк пен фейк аккаунттарға қарсы күресу үшін шара қолдануға міндеттеледі. Бұл туралы Reuters агенттігінің сайтында хабарланды.

Reuters дерегінше, Еуроодақтың жалған ақпаратқа қатысты жаңа кодексі 16 маусымда жариялануы мүмкін.

Агенттік хабарлауынша, IT компаниялар жалған ақпарат тарататын жарнамамен күресу және саяси жарнаманың ашықтығын қамтамасыз ету үшін алты ай ішінде дезинформацияға қатысты шара қолдануға тиісті. Ал міндеттемені орындамаған компаниялар әлемдік тауар айналымының 6%-іне дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Контекст

  • Бұған дейін “Sensity” компаниясы пайдаланушылардың жеке басын растауға арналған биометриялық тестті дипфейк технологиясы арқылы айналып өтуге болатынын анықтады. Зерттеушілер банк пен криптовалюта биржаларының биометриялық тестін жасанды интеллект арқылы өткен. Есепте банк клиенттерінің жеке басын растап, тексеретін Know Your Customer (KYC) сервисінің дипфейк шабуылдарға осал екені жазылған. Бұл туралы киберқауіпсіздікпен айналысатын “Sensity” компаниясының сайтында хабарланды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz