Ғаламдық экономиканың «емі» – халықаралық сауда

ГОНКОНГ – COVID-19 пандемиясы әлемді ешбір ел аман шықпайтын қауіпті территорияға айналдырды. Әлем халқының жартысынан көбі карантинге жабылды. Барлығы дерлік, дамыған әрі дамушы мемлекеттер де жақын арада экономикалық рецессияға ұшырайды және оның салдарын тек бірлесіп қана жеңе алмақ. 

Пандемияның алғашқы ошағы Қытай мысалында бірлесіп жұмыс істеу қажеттілігін түсінуге болады. Хубэй аймағының бірнеше ай карантинга жабылуы, сондай-ақ, елде азаматтардың жүріп-тұруына жаппай тыйым салудың кесірінен қаңтар-ақпан айындағы жылдық өндірістік кіріс 40%-ға төмендеді. Наурызда зауыттар қайта жұмыс істей бастады, алайда тапсырыстан бас тарту немесе уақытын шегеру көбейді, пандемияның салдарынан туындаған қиындықтарға байланысты шетелдік сатып алушылар төлем жасауды да кешіктіріп жатыр.

Қоғамдық денсаулық ретке келуде, дегенмен Қытай экономикасының келешегі әлемнің басқа мемлекеттеріне тікелей тәуелді болады. Ғаламдық экономика өзара тығыз байланыстан құралғандықтан, аталған ситуация өзге елдерде де орын алмақ: ел ішінде пандемия тоқтатылғанымен әлемнің әр тарабында эпидемияның жаңа лебі басталып, экономиканы қалпына келтіру процесі біршама баялауы мүмкін. 

Әлемдік өндіріс желісі де дәл осындай жағдайда. Пандемиядан бұрын екі жылға созылған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына үйреніскен өндіріс желісіне қазіргі таңда зауыт жұмысының тоқтауы, транспорт байланысының бұзылуы, ғаламдық сұраныстың күрт азаюы сынды проблемалар қиындық туғызып отыр. Дүниежүзілік сауда ұйымының бағамдауынша, осы жылы әлемдік сауда көлемі 32%-ға құлдырайды. Көптеген елде жұмыссыздық белең алады: соңғы төрт аптада АҚШ-тың бір өзінде жұмыссыздық бойынща жәрдемақыға өтініш берушілердің саны рекордтық 22 млн-ға жеткен. 

Әлем мемлекеттері бір-біріне тәуелді әрі тығыз байланыста екенін түсінетін уақыт жетті. Кейбірі бұл пікірмен келіспейді, бірақ ешбір ел өз бетінше жеңіске жетуі мүмкін емес. Жаһан өте ауыр рецессия және гуманитарлық апатпен бетпе-бет келген уақытта ұлттық саяси бойтүзегіштіктің пайдасы жоқ. 

Пандемияны жоюдың жалғыз жолы- ынтымақтастық. Әр елдің үкіметі өз халқын қорғау үшін серіктес болып, барлығына ортақ пайда әкелетін шешім қабылдағаны дұрыс. Ең қажетті тауарларды, әсіресе медициналық материалдар мен құралдар, сондай-ақ, азық-түлік пен басқа да маңызды заттар қажет жерге жеткізілуге кепілдік беру үшін әуелі протекционистік баж салығы мен өзге де тауар барьерлерін шектеу керек. Әрбір адам қауіпсіз болған күнде ғана тұтас қоғам қаупісіздігін қамтамасыз етуге болады.   

Ынтымақтастық жұмыс орындары, кіріс көзі мен барлық елдегі өмір сүру жағдайын сақтап қалуды білдіреді. Шағын және орта кәсіп мекемелерінің жұмысын жалғастыру үшін практикалық шаралар қажет, аталған шараның қажеттілігн жақында Халықаралық сауда палатасы (ХСП) жариялаған болатын. Шағын және орта кәсіп мекемелеріндегі жұмыс орнының басым бөлігі экономикасы мықты бірқатар елдерге тиесілі. Олар күнделікті тұтынатын тауарларымызды өндіріп, қызмет түрлерін ұсынады. Егер экономиканың жалпы құлдырауы ұзақ мерзімді құрылымдық шығын әкелмегенін қаласақ, аталған компанияларды сақтап қалуымыз керек. 

Жұмысы жүріп тұрған компанияларға қалыпты кәсібін қайта жалғастыруына ұзақ уақыт қолдау білдіру – негізгі міндетіміз емес. Covid-19 дағдарысынан шығу жолын анықтау үшін жарқын келешек қалыптастыруды мақсат етуіміз керек. Мұндай болашақ ішкі сауда немесе өзге де байланыстарды қару ретінде қолданатын халықаралық бәсекелестік негізінде емес, әр мемлекетке пайдалы өзара серіктестік арқылы жүзеге аспақ. 

Жан-жақты байланыс жүйесін (мультилатерализм) ұйымдастыру жұмысында оны көптеген жаһандық өзара тәуелділік аспектілері көрініс табатындай қалыптастыруымыз қажет. Яғни, ең бастысы – әлемдік сауданың ашық әрі тұрақты болуын қамтамасыз ету. Бұл – ірі немесе кіші, дәулетті я кедей мемлекеттердің барлығының экономикалық өсімін арттырып, кедейшілікті қысқартуға мүмкіндік беретін алдын-ала тексерілген құрал. Сонымен қатар, жаһан мен тұрақтылық негізінде қалыптасқан халықаралық сауда  барлығына ортақ әлемдік жүйеде әркімнің еншісін өзіне қайта үлестіріп береді.

Жоғарыда аталған жүйені құру үшін баж салығы, әкімшілк кедергілер мен азық-түлік, өнірістік тауарлар тасымалы, одан бөлек, технологияға бақылау жасайтын «ұлттық шараларға» шектеу қою жеткіліксіз. Әлем мемлекеттері бірлесіп жеңіске жетіп, әр тараптағы адамдар өмір сүру деңгейін жақсартуға, өндірістік даму мен инновацияға қажетті құралдарға қол жеткізе алатынын немесе барлығы жаппай қиын жағдайға тап болатынын түсінуі керек. 

Бұл дегеніміз сауданы қаржыландыру қолжетімділігін, әсіресе, қаржыландыру дефициті $1 трлн-нан асатын дамушы елдерде арттыру қажеттігін білдіреді. Сауда және инвестициялық қаржыландырудың жетіспеуінен шағын және орта кәсіп мекемелері зардап шегіп отыр, олардың кәсібін дамыту мүмкіндігімен қатар, жақсы уақытта жаңашылдық жасау немесе керісінше қиын кезеңде аман қалу мүмкіндігін шектеуде. Осы орайда Халықаралық сауда палатасы Covid-19 дағдарысының жағымсыз салдарын азайту, сондай-ақ, қаржылай қиындыққа қарамастан сауда жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беру мақсатында банктердің компанияларды кеңейтілген түрде қосымша қаржыландыру жасауға шақырып отыр.

Атқарылуы тиіс жұмыс, әлбетте, орасын зор. 2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде сауда қаржыландыруын ұлғайту – әлем экономикасын қайта қалпына келтірген негізгі қозғалтқыш күштің бірі болды, дегенмен одан бері алға жылжу байқалмады. Егер қазіргі дағдарыс уақытында экономиканы қалпына келтіріп, бұдан да тұрақты инклюзивті ғаламдық экономиканы ұзақ мерзімге дамытқымыз келсе, сауданы қаржыландыру мәселесі әлемдік күн тәртібінен түспеуі керек. 

Мультилатерализм негізін құрып, ашық сауда жұмысын сақтау – орындалуы мүмкін мақсат. Ол үшін жаңа заң немесе қосымша қор емес, батылдық пен ынтымақтастық қажет. Қайтарымы – тең және тұрақты даму.

Дағдарыс кезінде гуманитарлық көмектің аса маңызды екені бірнеше мәрте дәлелденді. Бүгінде әлем жаңа дағдарысқа тап болған уақытта барлығымыз «гуманитарлық сауда» маңыздылығын мойындауымыз керек. 

Ғаламдық экономиканың «емі» - халықаралық сауда

Виктор Фэн Гоцзин

Fung Group президенті және Халықаралық сауда палатасының бұрынғы Басқарма Төрағасы

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz