Пандемия кезінде миграциялық дағдарыстың алдын алу

Ұлттық шекара шегін жабу коронавирус індетіне қарсы жасалатын қалыпты шара және әрбір үкімет оны заң негізінде жүзеге асыруда. Әлбетте, вирус шекара төңірегінде ғана тоқтап қалмақ емес, жүріс-тұрысқа шектеу қою саясаты ендігі уақытта өзге бір мәселе – миграциялық дағдарысты тудырып отыр. 

2003 жылғы атипиялық пандемия, 2009 жылғы H1N1 доңыз тұмауы,  2014 жылғы Эбола, 2016 жылғы Зика вирусы және АИВ/ЖИТС сияқты бұған дейінгі вирустық эпидемиялар жолаушы жүрісіне шектеу қою арқылы пандемияға бақылау орнату мүмкін еместігін көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зардап шеккен аймақтардан адамдарды шығармай ұстап отыру аса қауіпті вирусты жоюға сирек көмектесетінін мәлімдеген. 

Керісінше мұндай шектеулер ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, антимиграциялық көңіл-күйді күшейтеді. Сондай-ақ, әлем көшбасшыларының кейбірі өз мүддесі үшін пайдалануға тырысатын ұлтшылдық пен оқшаулануды да шегіне жеткізері анық. Мысалы, наурыз айында Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан «Радио Кошут»-қа берген сұхбатында: «Ауруды әкелген шетелдіктер және вирус солардың арасында тарап жатыр», –деген.

Денсаулық сақтау немесе басқа салада болсын барлық кінәратты шетелдіктердің мойнына іле салуда таңсық ештеңе жоқ. 1830 жылы британдықтар мен америкалықтар холераны «ирландиялық ауру» деп атаған. Дәл сол сияқты қазіргі уақытта Дональд Трамп COVID-19-ды «Қытайдың вирусы» санайды.

COVID-19 әлем мемлекеттері экономикасын құлдырататын ғаламдық рецессия туралы болжам күн өткен сайын айқындала түсуде. Экономикалық ахуалдың салдары жұмыспен қамту, табыс көзі мен теңдіктің жұмысшы-мигранттарға өзгелерден қарағанда әлдеқайда ауыр әсер ететіні де мәлім бола бастады.

Көпшілік ойлағандай емес мигранттар экономика құнын арттырушылар қатарында. Олар ең ауыр әрі қауіпті жұмыстарды істейді, оның ішінде COVID-19 індетіне қарсы қауырт жұмыстың бел ортасында жүр. Миграциялық саясат институтының наурыз айында жасаған зерттеу нәтижесіне сәйкес, коронавируспен күресіп жүрген 156 миллион азаматтық қызметкердің 17%-ы «өзге елде өмірге келгендер». АҚШ-та дәрігерлердің 29%-ы, ауруды күтуші қызметкерлердің 38%-ы, емхана қызметкерлерінің 23%-ы, ғылыми қызметкерлердің 22%-ы және өмірге аса қажетті транспорттық қызмет көрсетушілердің 34%-ы шетелде туған. Шекара асып келген дәрігерлер, медбикелер мен басқа да медициналық қызметкерлер болмаса, Ұлыбритания ұлттық денсаулық сақтау  саласының жұмысы әп сәтте тоқтап қалар еді.

Бұған қарамастан жұмысшы-мигранттар пандемия салдарынан туындайтын экономикалық дағдарыстағы ең әлсіз топ саналады. Испания, Италия, Ұлыбритания мигранттарды уақытша қамту орталығын ондағы адамдардың медициналық проблемаларына көз жұмып, орталық жұмысын қысқартты. Шетелден келген 25 миллионға жуық жұмысшысы бар Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше елдер жұмысшы-мигранттар кіруге рұқсат етілген кейбір елді мекендерді «жауып тастады». Онсыз да адам саны артып отырған уақытша қамту орталықтарында мигранттарды көбейту арқылы билік өкілдері вирустың жаңа ошақтарын жол ашып отыр.  

Пандемия кезінде медициналық қызметке қол жеткізу үшін адамдар шекара асып жатады. 2008-2009 жылдары холерамен ауырған Зимбабве тұрғындары медициналық көмек іздеп өзге елге кеткен. Ал үш жылдан кейін Эбола індеті Уганда азаматтарын да шет мемлекеттен ем іздеуге мәжбүр етті.  

Осы орайдағы ең дұрыс шешім

– мигранттардың экономикаға қосқан үлесін негізге алып, мәселені жан-жақты, егжей-тегжейлі қарастыру. 2005 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Халықаралық медициналық-санитарлық ереже» бекітті. Аталған ереже бойынша аурудың таралуын бақылай отырып, сауда қатынасы мен жолаушыларға шектеу қоюдың салдарынынан туындайтын қиындықтарды азайтуға басымдық беріледі. Миграциялық дағдарыстың алдын алу үшін әр мемлекет пандемияға қарсы ұлттық стратегиясында мигрантты вирус жұқтырушы ретінде ғана емес, коронавируске қарсы күресе алатын тұлға ретінде қарастыруы керек. 

Осы ретте Бангладеш жақсы мысал бола алады. Қазіргі таңда елде Мьянмадан қуылған 1,1 миллион рохинджа ұлтының өкілдері тұрады. Премьер-министр Шейх Хасинаның басшылығымен Бангладеш үкіметі мен гуманитарлық ұйым Кокс-базардағы рохинджа мұсылмандарын қорғау мақсатында «Бірлескен жылдық жұмыс жоспарын» жасады.

Бұл жоспар құрамына рохинджамен қатар көрші ауылдардағы жергілікті тұрғындар да бар «біртұтас қоғам» принципіне негізделген. Лагерьге жақын жерден медициналық орталықтар ашылды, одан бөлек Бангладеш билігі Covid-19 вирусына қарсы шаралар үшін қажетті құрал мен материалдар импортына салынатын баж салығын уақытша тоқтатты. 

Пандемия – тойтарыс берудің айрықша түрін талап ететін бұған дейін болмаған төтенше жағдай. Қоғамның заңды талабымен қатар, үкімет босқындар мен мигранттардың ауыр жағдайын ескере отырып, ұлттық мүдде мен гуманитарлық жауапкершілікті бірдей сақтауы қажет. Кез-келген мемлекетке мұндай шешім қабылдау, әсіресе, экономикалық құлдырау кезінде өте қиын; экономиканы тұрақтандыру үшін халықаралық серіктестіктің жаңаша формасын қарастыру керек.

2015 жылы БҰҰ «ешкім назардан тыс қалмауы тиіс» деген принципке негізделген Тұрақты даму туралы бағдарламаның жаңа нұсқасын қабылдады. 2030 жылға дейінгі күн тәртібіне сәйкес барлығына адам құқығы уәде етіліп, босқындар тікелей «барлық ұлт, халық пен қоғамның барлық сегментіне»  жататындығы туралы нақты көрсетілді. Ешбір өзара алалау немесе дискриминациясыз осындай принцип қазіргі таңда өркениетімізге қауіп төніп тұрған шақта қолданысқа енуі тиіс.

COVID-19 вирусын жеңу стратегиясы инклюзивтілік, батылдық пен бірлесіп жұмыс істеу арқылы жүзеге аспақ. Әлем мемлекеттерінің миграциялық дағдарыстың алдын алып, салдарынан туындайтын проблемаларды шешу үшін барлық ел бірлесе жұмыс істеп, бірге күресуі қажет. Бірлік – алға бастайтын жалғыз жол.

Пандемия кезінде миграциялық дағдарыстың алдын алу

Md. Shahidul Haque Бангладеш Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі, Даккадағы Солтүстік-Оңтүстік университетінің аға ғылыми қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz