Фейк жаңалықтар нарығымен қайтіп күресеміз?

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін кей америкалық жастар Instagram-да алаяқтық мақсатпен парақшалар ашып, болып жатқан оқиғалар туралы суреттер мен видеолар жариялаған. Олар өздерін оқиға орнынан хабар таратып жүрген журналистер ретінде таныстырып, миллиондаған оқырман жинап, парақшасына жарнама жариялау арқылы табыс тауып келген. Бұл – интернетте тіркелген жалғыз алаяқтық оқиғасы емес. Оқырмандарды алдау жолымен ақша табу жалған жаңалықтар нарығының негізі саналады.

Интернет кең қолданысқа енгелі жалған жаңалықтар күрт көбейді. Жалған жаңалық авторлары саясаттан сатираға дейінгі әртүрлі мақсатты көздейді. Бұл тұста экономикалық факторды да естен шығаруға болмайды. 2020 жылы жүргізілген ғаламдық жалған ақпарат индексі зерттеуіне (GDI) сәйкес, жалған жаңалық таратумен айналысатын еуропалық сайттар жылына 76 миллион доллардан көп ақша табады.

Интернетте қолдан құрастырылған контентті ірі технологиялық компаниялардан бастап аудиториясы шағын TikTok блогерлерге дейінгі әртүрлі субъектілер қатысатын орталықтандырылмаған күрделі желі қаржыландырады. Бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндіру үшін 2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауын еске алайық. Сайлау қарсаңында македониялық Весел ауылының жастары Дональд Трамптың позициясын жақтайтын жалған жаңалықтар таратқан. Олар оқырманын сендіру үшін жалған ақпарат пен шынайы жаңалықтарды араластырып берген. Кейін авторлар бұл материалдарды оңшылдар сайтына жариялап, хикаяларды әлеуметтік желілермен байланыстыру арқылы трафик жинаған. Трафик өскен сайн ірі технологиялық компаниялардан жарнама алып, табыс таба бастаған.

Twitter, Facebook және Google сияқты компаниялар жарнама орналастыруды трафикпен байланыстыру арқылы  жалған жаңалықтар нарығының дамуына үлес қосып отыр. Бірақ олар – үлкен жүйенің бір бөлігі ғана. Жарнама беруші технологиялық компаниялар да жалған жаңалықтарды қаржыландыратын орта үшін жауапты. 

2019 жылы жүргізілген АҚШ-тағы жарнама технологиялары индустриясына арналған зерттеуде онлайн-жарнаманың экожүйесі делдалдар арқылы жалған жаңалықтардың дамуына жол ашады деген қорытынды жасалған. Жарнама берушілер көбіне өз жарнамасының қай жерден аяқталатынын жақсы білмейді. Сондықтан техникалық фирмалар, әуе компаниялары мен бөлшек саудагерлер сияқты ірі компаниялар жанама түрде жалған жаңалықтар жариялайтын сайттарды қаржыландырады.

PR және маркетинг фирмалары да танымал адамдарға жалған ақпарат таратқаны үшін ақша төлеу арқылы нарықты кеңейтуге үлес қосады. Кейінгі екі жылда маркетингтік агенттіктер Covid-19 туралы жастар арасында жалған ақпарат тарату үшін ютуберлер мен әлеуметтік желілердегі басқа да танымал адамдарды іздеген.

Жарнаманы бұғаттаушылар жалған жаңалықтардың әсерін азайтып, олардың жарнамасын әлдеқайда аз адамға көрсете алады. Бірақ жарнаманы бұғаттау шарасын көп қолдану табысы жарнамаға тәуелді заңды сайттардың жұмысына кері әсер етуі мүмкін.

Жалған жаңалықтар нарығының үлкен бөлігі астыртын жұмыс істейді, сондықтан оның жалпы көлемін анықтау мүмкін емес. NewsGuard және Comscore бағалауынша, жалған ақпарат таратушылар жарнама компаниялары арқылы ірі брендтерден жылына 2,6 миллиард доллар табыс табады. GDI есебінше, 2019 жылы жалған ақпарат жариялайтын сайттар жарнамадан 250 миллион доллар пайда көрген.

Ойдан құрастырылған жаңалықтарға қарсы күрестің ең қарапайым әдісі – жалған ақпарат жариялау арқылы табыс табу мүмкіндігін шектеу. Онлайн контент маркетингі саласындағы әлемдік көшбасшы  Revcontent компаниясы кем дегенде фактілерді тексерумен айналысатын екі халықаралық ұйым жалған деп тапқан контенттің монетизациясын тоқтатынын мәлімдеді. Ірі технологиялық компаниялар да осы әдісті қолданса, бұл шектеудің әсері мол болар еді.

Бұл мәселеге қарсы тұрудың тағы бір жолы – жалған ақпарат нарығын қолдаушы желілерді әшкерелеу.  Check My Ads бақылаушылар тобы осы әдісті енгізуге көмектескен. Жыл басында Check My Ads жүргізген зерттеудің арқасында Google AdSense платформасынан Covid-19 туралы жалған ақпарат таратқан парақшаларды өшірді. Жалған ақпарат нарығына қарсы күресте қаржыландыру көзін көрсететін ашық деректер базасы маңызды құрал саналады.

Үкімет платформаларға жалған жаңалықтардан табатын табысы үшін салық салуы керек деген аргумент те бар. Бірақ мақсатты контентке нақты сипаттама беріп, анықтап алмай, бұл жоспарды жүзеге асыру оңай емес. Онлайн платформаларды басқа субъектілер жариялаған контент үшін жауапкершіліктен қорғайтын АҚШ Азаматтық кодексінің 230-бөлімі жалған ақпарат тарату мәселесін реттеуді одан әрі қиындатады.

Жалған жаңалықтар нарығы интернет қолданушылар назарын ақшаға айырбастау механизміне тәуелді. Бұл теңдікті жалған ақпарат нарығына қарсы жүргізілген тиімді стратегия ғана жоя алады. Үкімет контент авторлары мен маркетологтарды жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартудың құқықтық шараларын дайындап жатқанда қарапайым азаматтар фейк ақпарат таратудағы рөліне назар аударып, өзі үшін жауапкершілік алуы керек. Нарықтық компаниялар мен ықпалды тұлғаларды өздері тарататын ақпаратқа мұқият болуға итермелеудің ең жақсы әдісі – олар ұсынған тауарлар мен қызметтерді сатып алуды доғару.

Фейк жаңалықтар нарығымен қайтіп күресеміз?

Мохамед Сулиман Солтүстік Шығыс университеті Civic Al зертханасының жалған ақпарат бойынша аға зерттеушісі.

Copyright: Project Syndicate, 2022.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz