Фейк | Маңғыстауда ұшақпен вирус шашып жатыр

Әлеуметтік желіде «белгісіз қызыл затты» шашып жатқан ұшақтың видеосы таралды. Желі қолданушыларының айтуынша “видеода ұшақтан вирус шашып жатыр”. Factcheck.kz видеоның қайда түсірілгенін анықтап көрді.

Маңғыстау жақ дейді. Бұл шашып жатқан не болды екен. Халық айтса қалт айтпайды. Мүмкін рас шығар.

Желідегі жазбадан үзінді

Үкім: Жалған

Біріншіден, видео Маңғыстауда түсірілмеген, тіпті вирус шашып жатқан ұшақтың видеосы да емес. Видео АҚШ-та өрт сөндіру кезінде түсірілген. Ұшақтан шашылған бояу осы елдің өрт сөндірушілері қолданатын сұйықтық түсіне ұқсас. Желідегі видео 2019 жылы Калифорнияда түсірілуі мүмкін: десе де оның қашан және қайда түсірілгенін нақты анықтау қиын. Интернетте бұған ұқсас видео жетерлік. Бейнедегі табиғат көрінісі АҚШ-тың батыс жағалауында, өрт жиі кездесетін аймаққа ұқсас.

2019 жылдың қазанында ормандағы өрт салдарынан АҚШ-тың Калифорния штатында төтенше жағдай жарияланды. Видеода шамамен DC-10 өрт сөндіруге арналған ұшағы көрсетілген. Бұл АҚШ-та 2006 жылдан бері өрт сөндіруге қолданылып келеді. Қазақстанда мұндай ұшақ жоқ.

2019 жылы Калифорнияда өрт сөндіру сәтінен.
2019 жылы болған өртті сөндіріп жатқан сәт

“АҚШ билігі өрт пен бұрын-соңды болмаған желдің алдын алу үшін барлық ресурстарды пайдаланды”, деп штат губернаторы Гэвин Ньюсом сол кезде айтқан болатын.

Сонымен қатар, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де бұл видеоның Қазақстанда түсірілмегенін айтып, фейк екенін жазды. Алайда олар жеткілікті түрде дәлелдер келтірмеді, ұшақтың қандай затты шашып жатқанын толық түсіндірмеді.

Ұшақтан шашқан қызыл бояу нені білдіреді?

Phos-Chek деген атпен белгілі — оттан қорғайтын құрал (өрттің алдын-алу құралдарының жалпы атауы). 1963 жылдан бастап өрт сөндіру үшін қолданылады. Құрамдас бөліктер негізінен фосфаттар мен сульфаттар. Оларға өнімді қалыңдататын әр түрлі сағыз бен балшық қосылған.

Қызыл тұс қоспаның құрамына кіретін темір оксидіне байланысты. Бұл өрт сөндірушілерге қай жерлердің өңделгенін көруге көмектеседі. Кейде қоспаға зардап шеккен аймақтарда өсімдіктердің өсуін баяулатпас үшін тыңайтқыштар қосылады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін химтрейл туралы қастандық теориясын тексергенбіз. Бұл жалған ақпараттың тарауына негіз болған да осы қастандық теориясы. Біздің ұсынысымыз — тек сенімді, әрі ресми дереккөзге сеніңіздер.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz