Фактчек | Қылмыстың 12%-і әйелдерге тиесілі

5 қыркүйекте Stan.kz сайты Астана телеарнасына сілтеме жасай отырып, әйелдер жасаған қылмысты тізбектей келе, жалпы қылмыстық статистикадағы әйелдер үлесі туралы жазған. Біз әріптесіміз келтірген деректердің рас-өтірігін анықтап көрдік.

Барлық қылмыстың 12%-і әйелдерге тиесілі.

Stan.kz

Үкім: Шындық

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (ҚР БП ҚСАЕАЖК) дерегіне сенсек, бұл рас ақпарат. 2019, 2018, 2017 жылдардың әрбірінде тіркелген қылмыстың 12%-і әйелдерге тиесілі. 2016 жылы бұл көрсеткіш 13% болған.

Әрбір оныншы кісі өлтіруді әйелдер жасайды.

Stan.kz

Үкім: Жартылай шындық

Бас прокуратураның дерегіне сай, былтыр (2019 ж.) және биылғы жылдың алғашқы 7 айында әр оныншы кісі өлтіру қылмысын әйел адам жасағаны рас. Алайда, 2018 жылы әр он бірінші, 2017 жылы әр он екінші, 2016 жылы әр он төртінші адам өлтіру қылмысын әйелдер жасаған.

Мамандардың айтуынша, пандемияның әсерінен соңғы кезде әйелдер арасындағы қылмыс артқан.

Stan.kz

Үкім: Манипуляция

Бас прокуратура дерегіне сенсек, 2020 жылдың алғашқы жеті айында жасалған қылмыс саны (5851 қылмыс) өткен жылдардағы осы уақыт аралығымен салыстырғанда аз. Толығырақ суреттен қараңыз.

Әлемдегі жағдай

Әлемде соңғы жылдары әйелдер жасайтын қылмыстың артып келе жатқанын байқауға болады. Алайда, бұл тақырыпты арнайы зерттеп, бірыңғай статистика және сараптау жүргізетін орган жоқ.

The World Prison Brief-тегі ақпаратқа сенсек, 2015 жылы әлем бойынша түрмеде 700 000-нан астам әйел отырған. Одан бері ақпарат жаңартылмаған.

Талдау көрсеткендей, түрмедегі әйелдер мен қыздардың саны соңғы 15 жылда 50% -ке өсіп, 2000 жылдан бері әйел тұтқындардың саны ер тұтқындарға қарағанда едәуір тез көбейген.

Түрмеде отырған әйелдер саны – АҚШ-та 205 400, Қытайда 103 766, Ресейде 53 304, Тайландта 44 751, Бразилияда 37 380.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz