Фактчек | Депутат Серік Ерубаев ҰБТ-ның аралық нәтижелері туралы

16 маусымда Мәжілістің кезекті пленарлық отырысында «Ақ жол» партиясының депутаты Серік Ерубаев депутаттық сауал жолдап, қазақстандық оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) көрсеткен нашар нәтижелеріне тоқталып, өз алаңдаушылығын білдірді. Оның айтуынша, 15 маусымда өткен ҰБТ барысында 160 мың оқушының 60 мыңнан астамы немесе 40%-ы шекті балл жинай алмаған, ал 1200-ге жуық түлек тіпті сынаққа жіберілмеген.

Депутаттың сөзінше, оқушылардың ата-аналары пандемия кезінде қашықтан сапасыз білім берген мемлекеттік органдарды кінәлап отыр. Сондай-ақ ата-аналардың айтуынша, осындай жағдайда білім алған оқушылар күйзеліске қатты ұшыраған.

Серік Ерубаевтың сауалы (тайм-код: 1: 28: 21)

Factcheck.kz депутат айтқан сандарды тексеріп көруді, сондай-ақ өткен жылдардағы ҰБТ нәтижелерін еске түсіруді жөн көрді.

Мәлімдеме: Мысалы 15 маусымда өткен тестілеу барысында 160 мыңға жуық оқушының 60 мыңнан астамы немесе 40%-ы шекті деңгейге жете алмады, ал 1200-ге жуық түлек тестілеуге мүлдем жіберілмеді.

Серік Ерубаев

Үкім: Үкім жоқ

Өкінішке қарай, осы мақала жазылып жатқан кезде ҰБТ тапсырған оқушылар саны туралы ақпарат тек 7 маусымдағы жағдайға қатысты болды. Оның үстіне шекті деңгейден қанша түлек өте алмағаны туралы ақпарат әлі жарияланған жоқ.

Бұл ретте депутаттың мәлімдемесіне қатысты біраз сұрақ бар. Мәжіліс отырысында Ерубаев қателесіп, былай деді: «тек 15 маусымның өзінде 1600 адамның 60 мыңнан астамы шекті деңгейді еңсере алмады» (депутат сандардың бірінде қателескені анық, – ред).

«Ақ жол» партиясының ресми сайтында жарияланған депутаттық сауалдың мәтінінде 15 маусымда тестілеуге 160 мыңға жуық оқушы қатысқаны туралы жазылған. Біз тексеруге осы нұсқаны алдық. Алайда бұл жерде де қате кеткен. Себебі әңгіме, расымен, 160 мың тест тапсырушы туралы болса, онда бұл ҰБТ-ны бір күнде емес, 15 маусымға дейін тапсырған түлектердің саны.

Айта кетейік, бұл жерде тағы бір ақпарат сәйкес келмейді.

Білім министрлігі жариялаған аралық нәтижелер бойынша 7 маусымдағы жағдайға сәйкес ҰБТ-ны 123 мыңнан астам талапкер тапсырды. Бұл тест тапсыруға өтініш бергендердің 96%-ы. Қарапайым есепке салатын болсақ, тестке қатысушылардың жалпы саны, министрліктің мәліметіне сәйкес, биыл 130 мыңнан аспауы керек еді. Ал бұл Ерубаев келтірген саннан әлдеқайда аз.

Тест тапсырған 123 мың түлектің 224-і аудиторияға тыйым салынған заттарды кіргізуге тырысқаны үшін сынақтан шеттетілді. Сондай-ақ тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 563 адам шығарылды. Министрлік әзірге шекті балл жинағандар бойынша мәлімет берген жоқ.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, біз Серік Ерубаевтың мәлімдемесін үкімсіз қалдыруды жөн көрдік. Депутат келтірген сандар ашық дереккөздерде жоқ болып шықты. Бұл ретте нақты ақпараттың (осы мақала жазылып жатқан кезде) болмауына қарамастан, депутат өз сауалын жасаған кезде қате жіберді деп айтуға негіз бар.

Бұған дейінгі ҰБТ қалай аяқталған еді?

Бізге кейінгі 5 жылда ҰБТ тапсырған түлектердің қаншасы шекті деңгейден аса алмағаны қызық болды. Ол үшін біз Ұлттық тестілеу орталығының сайтындағы мәліметтерге жүгіндік.

Бірден айта кетейік, жеке бір зерттеу жүргізбей, шекті балл жинай алмаған оқушылар үлесінің артуы жалпы білім деңгейінің нашарлауына байланысты деп нақты айту мүмкін емес. Мұндай өзгерістер ережелердің қатаңдатылуы, тестілеу барысындағы өзгерістер, 2020 жылғы қашықтан білім алу және басқа да көптеген факторға байланысты болуы мүмкін. Олар аталған сандарда көрсетілмеуі де мүмкін.

Дегенмен нақты қандай себеп болмасын, соңғы 5 жылдағы статистикаға сәйкес, шекті деңгейден өте алмаған түлектердің үлесі 2016 жылғы 6,74%-дан 2020 жылғы 31,75%-ға дейін тұрақты түрде өсіп отырған.

Осы орайда Білім министрлігі биыл «Алтын белгі» алғандардың саны рекорд орнатқанын хабарлады. Биыл «Алтын белгіні» 9738 адам алса, 2020 жылы 8615, 2019 жылы 7349 түлек алған еді. Алайда Informburo.kz сайтына пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, «Алтын белгі» иегерлерінің осыншалықты артуы, бірінші кезекте, 2017 жылы енгізілген өзгерістерге байланысты болуы мүмкін. Себебі ол өзгерістерге сәйкес үміткерлерге бұдан былай өз білімін ҰБТ-да растаудың қажеті жоқ. Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы басшысы Дидар Смағұловтың айтуынша, 2020 жылы «Алтын белгі» иегерлерінің 45%-ы ғана 100-ден жоғары балл жинай алған.

Контекст

Біз өткен жылы ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың «PISA-ның соңғы нәтижелері қазақстандық оқушылардың сауаттылығының төмен екенін көрсетті» деген пікірін тексерген едік. Ол жасаған мәлімдемелердің біразы дұрыс болып шықты. Ол туралы толығырақ мына жерден оқи аласыз.

Фактчек | Депутат Серік Ерубаев ҰБТ-ның аралық нәтижелері туралы

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz