Еуроодақ депутаттары экономикалық мәселені шешу орнына билеген бе?

2022 жылғы қыркүйекте әлеуметтік желіде Еуропа парламентін сынайтын видео тарады. Оны көргендер “миллиондаған үй шаруашылықтары мен кәсіпорындар 500%-ке өскен құнды қалай өтерін білмей жүргенде парламенттегілер жиын залында көңіл көтеріп жүр” деген ой түйді. “Проверено” сайты бұл видеоның қайда түсірілгенін және онда шын мәнінде не болғанын анықтады.

2022 жылғы 2 қыркүйекте ВКонтакте желісінде “Владимир Путин” паблигі (талдау жазу кезінде 113 мың жазылман бар) «Экономика апатына жауапты Еуроодақ (ЕО) саясаткерлері ән айтып, би билеп, мәз-мейрам» деп аталатын 19 секундтық видео жариялады. Онда мәжіліс залындағы ондаған адамның балқан мотивіне ұқсас музыкаға билегені бейнеленген. Бейнеролик 300 мыңнан астам көрілім жинаған.

Пабликте жариялаған жазбада: “Газпром” “Солтүстік ағынды” толығымен тоқтатты, бірақ батыс саясаткерлері Еуропарламент қабырғасында көңіл көтеріп, билеп жатыр. Ессіздіктен басқа ештеңе емес. Миллиондаған еуропалық үй шаруашылығы мен кәсіпорны электр қуатының 500%-ке қымбаттауына байланысты аштыққа ұшырап жатыр” делінген.

Кейін дәл осы тектес видеолар “Вконтакте” желісіндегі басқа пабликтерде (мұнда, мұнда және мұнда) және Facebook-те жарияланды.

Еуропалық парламент – Еуроодақтың заң шығарушы өкілдік органы. ЕО-ның 27 елінен 705 депутат ай сайын Страсбургте жиын өткізеді. Алайда олардың құрылтайы өтетін зал видеодағыға ұқсамайды: оның іші үлкен, зал қабырғасы мен төбесінің түсі ашық. Оған қоса онда қоңыр емес, көк орындықтар және Еуроодақтың жалаулары бар. Еуропарламент депутаттарының Брюссельде тағы бір кездесу бөлмесі бар. Солды залды бейнедегіге ұқсатуға болады, дегенмен бөлме өлшемі мен дизайны айтарлықтай ерекшеленеді.

Бейнероликтегі зал Страсбургте орналасқан және 1999 жылға дейін Еуропарламент депутаттары сонда жиналған. Бірақ бұл бөлме негізінде Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының пленарлық отырыстарын өткізуге арналған.

Адамдар Еуропа Кеңесі (Council of Europe, СЕ) мен Еуропалық одақты (ЕО) жиі шатастырады. Еуропа кеңесі — адам құқығын қорғау, қылмысқа қарсы күрес, қоршаған ортаны қорғау және тағы басқа мәселелерді шешуге ат салысып жүрген елдердің күш-жігерін біріктіретін, Еуроодаққа еш қатысы жоқ халықаралық ұйым.

Бұған қоса Еуропа кеңесін (Council of Europe, СЕ) Еуропалық кеңеспен де (European Council) шатастырады. Еуропалық кеңес — Еуропалық одақтың ұжымдық органдарының бірі. Оның құрамына Еуроодақтың президенті, Еуропалық комиссияның басшысы және мүше елдердің лидерлері кіреді.

Ал 1949 жылы пайда болған Еуропа Кеңесі (Council of Europe, СЕ) құрамында көптеген мемлекет бар: Еуроодақтың барлық 27 мүшесі, оған қоса Армения, Норвегия, Швейцария, Украина, Сербия, Ұлыбритания және Түркия. Кейінгі уақытқа дейін Еуропа кеңесінің жұмысына Ресей де қатысты.

Еуропарламентте депутаттар сайланатын болса, Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясы тек әр қатысушы елден келген делегаттардан тұрады. Сонымен бірге Еуропа кеңесі экономикалық дағдарыспен күресу шараларымен мүлдем айналыспайды. Олар демократияны қолдау мен адам құқығын қорғауға назар аударады. Еуропа кеңесінің ең танымал органы — Еуропалық адам құқықтары жөніндегі соты.

Бұл видео әлеуметтік желіде тек орыстілді аудитория арасында тарамады. Ролик француз тілінде еуропалық саясаткерлердің «Ресей халқын арандату» әрекетінің бір түрі ретінде сипатталған. Мұндай жазбалар шетелде кеңінен тарай бастаған соң AFP фактчекерлері де ақпаратты тексеруді жөн көрді.

AFP фактчекерлері жаппай тараған видеоның 2021 жылғы қарашада Еуропа кеңесі дәстүрлі Дүниежүзілік демократия форумын өткізген кезде түсіргенін анықтады. Форум кезінде босниялық Dubioza Kolektiv музыка тобы өнер көрсеткен. Олардың шағын концертінің фрагменті YouTube-те жарияланған, ал дәл сол жерден 19 секундтық үзіндісі қиылып алынып, қыркүйекте әлеуметтік желілерде жалған жазумен тараған.

Осылайша, вирустық видеоға түсірілген оқиғалар 2022 жылы Еуропарламентте емес, 2021 жылғы қарашада Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясының отырыс залында болған. Бұған қоса, Еуропадағы электр қуаты бағасының 500%-ке қымбаттауы туралы мәлімдеме де күмәнді. Электр қуаты бағасы өскені рас. Дегенмен көптеген елде жүздеген емес, ондаған процентке артқан.

Factcheck.kz