COVID-19 вирусы жоқ және Кох заңдары бойынша дәлелденбеген бе?

Әнші Шоқан Маратұлының кезекті мәлімдемесі бізді тағы бір материал жазуға итермеледі. Мәселен ол Instagram-да тікелей эфир жүргізіп отырып коронавирус әлі «бөлініп алынбаған», «оны микроскопта ешкім көрмеді» дейді! Ьіз оқырмандарға Sars-Cov-2 коронавирусын әлемнің түрлі зерттеушілері микроскопта қалай көргенін көрсетіп, суреттерін ұсынамыз. Ғалымдар оны алғаш рет былтыр көргенін де айта кеткен жөн. Одан бөлек, қазақстандық әнші таратқан мәлімдеменің қалай және қайдан пайда болғанын да талдап көреміз.

Бірақ алдымен Шоқан Маратұлының не деп айтқанын тыңдап көрейік (1 және 2). Ол өзінің 166 мың жазылушысына осындай пікірде екенін айтты.

COVID-19 вирусы жоқ және Кох заңдары бойынша дәлелденбеген бе?

Мәлімдеме: Бәрімізді коронавирустың бар екеніне сендіргісі келеді және соның негізінде жаппай екпе салдыртып жатыр. Бізге, ең құрығанда, дәлел ретінде бір факт ұсынсын. Өйткені оны қазірге дейін ешкім бөліп алмаған, тіпті вирусты микроскопта көрген адам жоқ… Ал БАҚ-та тарап жүрген тәжі бар домалақ вирус – компьютерде салынған кәдімгі сурет.

Шоқан Маратұлы

Үкім: Жалған

Алдымен спойлер: әнші ғалымдар коронавирусты микроскоп арқылы көргенін, оның суреттері жарияланып, вирусты бірнеше рет оқшаулап бөліп алғанын білмейтін сияқты. Бұл туралы біз (және басқалар) бірнеше рет егжей-тегжейлі жаздық. Қазіргі кезде вирусты бөлшектеудің және сипаттаудың тәсілдері аз емес. Оның ішінде геном тізбегін анықтау да (секвенирлеу), вирус бөлшектерін ультрацентрифугамен тазарту да бар. Осы тұста Ш.Мұратұлы «бөліп алды» деп нені айтып тұрғаны түсініксіз. Жалпы ол коронавирустың бар екеніне дәлел іздеп, оның қалай анықталғаны (оның ішінде COVID-19 атты аурудың себептері) туралы айтып отыр.

Одан бөлек әншінің айтуынша, коронавирусты микроскопта осы уақытқа дейін ешкім көрмеген. Бұл біздің талдауымызды қызықтыра түседі. Себебі вирустың бұрыннан белгілі 3D модельдерін ғана емес, оны ғылыми ортада қалай көргенін біле аламыз. Осыдан бастайық.

Негізі Sars-Cov-2 қандай?

Коронавирустың алғашқы штаммын (CHPC 2020.00001; NPRC 2020.00001) Қытайдын Ұлттық микробиологиялық деректер орталығының (NMDC) ғалымдары 2020 жылдың қаңтар айының басында электронды микроскоп арқылы көрді. 12 қаңтарда Қытай басқа елдермен Sars-Cov-2-нің (ол кезде коронавирус 2019-nCoV деп аталған) генетикалық тізбегімен бөлісті (яғни вирусты оқшаулап, бөліп алды).

COVID-19 вирусы жоқ және Кох заңдары бойынша дәлелденбеген бе?
Дереккөз. SARS-CoV-2-нің алғашқы нақты суреттері: NMDC (a); NIAID (b), Cryo-EM Centre, Shenzhen, China (c).

2020 жылғы 13 ақпанда АҚШ-тың Ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институтына (NIAID) қарасты Жартасты тау зертханасы (RML) жоғары сападағы суреттер жариялады.

COVID-19 вирусы жоқ және Кох заңдары бойынша дәлелденбеген бе?

Жоғарыдағы RML ұсынған суреттерден (b) америкалық науқастың ағзасында пайда болған вирусты көруге болады. Бұл суреттерді алу үшін зерттеушілер сканерлей алатын трансмиссиялық электронды микроскоптар қолданған. Мұндай құрылғылар көзге көрінетін жарықтың орнына электрон пайдаланып, суретті миллион есе үлкейте алады.

«с» суретін Шэньчжэнь қаласындағы Оңтүстік ғылым және техника университетінің (SUSTech) биологиялық департаментінің мамандары түсірген. Олар крио-электрон микроскобын пайдаланған. Шэньчжэнь зерттеушілері коронавирустың суреттері бар препринт жұмысында былай деп жазады:

62 жастағы ер адам біздің ауруханаға 2020 жылғы 15 қаңтарда пневмония деп жатқызылып, оған COVID-19 диагнозы қойылды. Бронхоальвеолярлы лаваждан кейінгі сұйықтықтың үлгісі жаңа ұрпақты секвенирлеу үшін жиналды. Вирус BSL-3 зертханасында (биоқауіпсіздікдің 3-деңгейі) бөлініп алынды… Тазартылған SARS-CoV-2 бөлшектері SARS-CoV-2-ні жұқтырған емделушілердің плазмасына жауап беріп, белсенділік көрсетті … Осыған қоса вирус пациент плазмасының иммунофлюоресценциясы арқылы да анықталуы мүмкін…

Төменде Билефельд университетінің физика факультетінің қызметкерлері ион-гелий микроскобы арқылы түсірген суреті. Ол электрон микроскобына қарағанда негізгі жасушадағы коронавирустардың өзара әрекеттесуін анық көруге мүмкіндік береді.

COVID-19 вирусы жоқ және Кох заңдары бойынша дәлелденбеген бе?

Анықтама үшін: италиялықтар SARS-Cov-2-ні былтыр ақпан айының басында бөліп, оқшаулады. Тағы да қайталап айтамыз, коронавирусты әлемнің әртүрлі елдерінде әртүрлі ғалымдар бөліп, оқшаулады. Жоғарыдан Шэньчжень ғалымдары коронавирустың таза бөлшектерін қалай алғанын білсеңіздер болады. Маусым айының басында жарияланған материалда сарапшы Әсел Мұсабекова вирус бөлшектерін бөліп алу және тазалау тәсілдері туралы егжей-тегжейлі айтып берген еді. Ал коронавирустың БАҚ-та тарап жатқан фейк суреттеріне келсек (шынында да жалған суреттер көп тарап жатыр), назарыңызға тұтастай зерттеу жұмысын ұсынамыз. Көбірек фото көргіңіз келсе мына сілтемені басыңыз.

Контекст: Бұл миф қалай пайда болды?

Вирус «бөлінбеді» деген пікірді әнші Маратұлы ойлап тапқан жоқ. Мұндай болжам-жорамалдар әлеуметтік желіде шамамен бір жылдан бері айтылып келеді. Ковидті жоққа шығарушылар коронавирус «Кох заңдарына» сәйкес анықталмады деп те мәлімдейді. Бұл туралы егжей-тегжейлі талдауды Voxukraine, Stopfake.org, FullFact және Reuters басылымдарындағы әріптестеріміз жасаған еді.

Кох заңдары (постулаттары) не үшін қажет және SARS-CoV-2 оларға сәйкес келе ме?

Кохтың айтуынша, белгілі бір микроорганизмді жұқпалы аурудың себебі ретінде қабылдау үшін келесі шарттар орындалуы керек:

1. Ауру қоздырғышы әр жағдайда таза мәдениетте бөліну арқылы дәлелденуі керек.
2. Қоздырғыш басқа аурулар барысында анықталмауы керек.
3. Бөлініп алынған қоздырғыш тәжірибеге алынған жануарларда ауру қоздыруы керек.
4. Қоздырғыш тәжірибе барысында ауырған жануардан бөлініп алуы керек.

Science Feedback ұсынған фактчек «Коронавирус осы заңдарға сәйкес келе ме?» деген сұраққа нақты жауап береді. Жауап: иә. Басылым дайындаған талдаудан үзінді келтірейік:

Қазіргі кезде ғалымдар бұл заңдар жұқпалы аурудың себебін анықтауда маңызды екенін айтқанымен, оның да шектеулері бар екенін мойындайды. Колумбия Университетінің вирусологы және медициналық-хирургиялық колледж профессоры Винсент Раканелло өзінің блогында былай дейді: «Кох заңдарының микробиологияға қосқан елеулі үлесіне қарамастан, оның да шектеулері бар. Мұнымен тіпті Кохтың өзі де келіседі». Мысалы, тырысқақ қоздырғышын (Vibrio cholerae) ауру адамнан да, сау адамнан да бөліп алуға болады. Бұл №1 заңды жоққа шығарады…

… № 2 және № 3 заңдарды вирустарға қолдану мүмкін емес. Себебі олар жасушалық мәдениетте көбеймеген немесе жануарлардың қажетті түрі таңдалмаған». (Бұл заңдар коронавирусқа қолданылады – Авт.).

Ескерту: StopFake.org мәліметінше, бұл заңдар пайда болған кезде вирустардың бактериялар сияқты жасушалық емес тіршілік формасы екені әлі белгісіз еді.

Science Feedback айтуынша, ғалымдар вирустық ауруларды зерттеу талаптарын бейімдеу үшін Кохтың заңдарын өзгерткен.

Колумбия университетінің патология және жасушалық биология кафедрасының профессоры Ян Липкиннің сөзінше, SARS-CoV-2-ге қатысты жарияланған көптеген зерттеу оның Кох заңдарына сәйкес екенін көрсетті. Атап айтқанда, зерттеушілер SARS-CoV-2-ні COVID-19-бен ауырған науқастан бөліп алды. Кейін зертханада вирусты жасуша дақылдарында көбейтіп, тәжірибеге арналған жануарға жұқтырды. Осыдан соң ауру жұқтырылған жануарларда адамдардағы сияқты COVID-19-дың өкпе зақымдануы мен пневмония белгілері байқалған. Содан кейін зерттеушілер вирусты жануарлардың ағзасынан анықтап алған. Осылайша зерттеулер коронавирустың Кох заңдарының барлық төрт талабына (олар вирустар зерттеліп, ашылғанға дейін жасалса да – Авт.) сәйкес екенін растап, SARS-CoV-2 вирусы COVID-19-дың себепкері екенін көрсетті.

Қорытынды

  • Шоқан Маратұлы өзінің жазылушыларының коронавирусқа қатысты қолжетімді ғылыми әдебиет пен беделді БАҚ-ты оқығысы келмейтінін пайдаланып отыр.
  • Қазақстандық әншінің мәлімдемесі әлеуметтік желіде шамамен бір жылдан бері айтылып келеді.
  • SARS-CoV-2 Кох заңдарына сәйкес келеді.
  • Әлемнің әртүрлі елдерінің зерттеушілері коронавирустың жаңа түрін микроскоп арқылы сәтті зерттеп, оның суреттерін жариялады. Сондай-ақ оның түрлі штаммдарын бөліп, оқшаулай алады.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz